• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Инвестиция 29 Тамыз, 2024

Инвестиция бөлінісіне жаңаша саясат қажет

52 рет
көрсетілді

2023 жылдың қорытындысы бойынша инвестицияның жалпы көлемі жылдық мәнде 11,2 пайызға артқан. Бірақ ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) инвестиция үлесі 15 пайыз ғана болыпты. Бұл Үкімет таргеттеген 21 пайыздық мақсаттан қалыс қалып тұрғанымызды білдіреді. Кейінгі он жылда осы 15 пайыз деңгейінен аса алмай тұрмыз. Мамандардың айтуынша, инвестиция бөлінісінің теңсіздігі осы қиындыққа алып келді. Капиталдың басым бөлігі тау-кен секторына құйылады. Ең аз үлесті өңдеуші өнеркәсіп алады. Жалпы алғанда, инвестиция шикізаттық және сауда-саттық емес салаға бағытталады. Шикізаттық емес өнімдер бүкіл көлемнің (инвестиция) 2 пайызын әрең еншілеп отыр.

«Halyk Finance» сарапшы­лары­ның мәлімдеуінше, 2050 жы­лға дейінгі даму стратегиясында ІЖӨ-дегі инвестиция үлесін 30 пайызға дейін жоғарылату міндеті қойылған. Бірақ оған ма­ңай­лаудың өзі мүмкін болмай тұр.

«2008 жылдан бері ІЖӨ-дегі инвестиция үлесі төмендеп келе жатыр. 2000-2008 жылдар аралығында инвестиция үлесі 30 пайызға жақындаса, 2012 жылы 20 пайызға дейін төмендеді және содан кейін тек құл­дыраумен болды. Кейінгі он жылдық бедерінде 15 пайыз болып отыр. 2019-2023 жылдары инвестиция ағынының басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне бағытталды. Бұл үрдіс 2003 жылдан бастау алды. Осы уақытқа дейін аталған секторға бағыттал­ған инвестиция көлемі 25-40 па­йыз аралығында құбылып отырды, бірақ басым позициясынан айырылған жоқ», делінеді орталық хабарламасында.

«Ал өңдеуші өнеркәсіп 9-11 пайыздық межеден аса алмай келеді. Ұзақмерзімді орнықты өсімге қол жеткізу үшін динамикалық секторды дамыту маңызды. Орта және жоғары технологиялық та­уарлар мен қызметтер экспортын арттыру өнімділікті күшейтеді және әл-ауқаттың артуы мен сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді» деп сараптайды мамандар.

Олар өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция құюдың айрықша маңызға ие екенін айтады. Бірақ сол секторға бағытталған қаржының көбі шикізат тауарларға жіберіліп жатқан көрінеді.

«Шикізат тауарлары деп біз мұнай өңдеу, химия өнер­кә­сібі және металлургия өнді­рі­сінің өнімдерін айтамыз. Өңдеуші өнеркәсіпке салынған капиталдық салымның 75-80 пайызы шикізаттық өнім­дер­ге тиесілі болады. Кейінгі бес жылда шикізат материал­дарына салынған инвести­ция өсімі айтарлықтай артты. Оның шырқау шегі 2021 жылы тір­келген еді. Негі­зінен, металлургия өн­ді­рі­сіндегі инвестиция бар­лық өңдеуші өнеркәсіптің 33 пайызын алып отыр. Бұл бір салада соншалықты мол инвес­ти­цияның шоғыр­лан­ғанын айғақтайды», дейді сарапшылар.

Ел экономикасының шикі­зат­тық емес секторларына инвестициялар 2023 жылы әр­түрлі үрдісті көрсетті. Алай­да жалпы көрініс екіұшты болып қала берді. Былтыр жо­ғары технологиялық өнім­дер мен тамақ өнеркәсібіне инвестициялардың артуына қарамастан, олардың өңдеу өндірісіндегі жалпы үлесі өте аз қалыптасты. Осылайша, жоғары технологиялық өнімдер өңдеу өндірісі жалпы көлемінің 7 пайызын ғана құрайды. Тамақ өнеркәсібі тек 14 пайыз үлесті еншіледі. Сонымен қатар аралық өнеркәсіптік өнімдерге салынған инвестициялар төмендегенін көрсетті, олардың өндіріс үлесі 2019 жылғы 6 пайыздан 2023 жылы 5 пайызға дейін төмендеді, бұл мақсатты қолдау қажеттілігін көрсетеді.

«Біздің талдауымыз инвес­ти­циялардың көп бөлігі әлі де ел экономикасында үс­темдік ететін тау-кен секторына бағытталғанын көр­се­теді. Бұл шикізатқа тәуел­ді­ліктің төмендеуіне емес, артуына әкеледі. Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібі секторында ин­вестициялардың көп­ші­лігі табиғи шикізатты қайта өңдеумен байланысты сала­лар­ға түседі, бұл жоғары тех­нологиялық шикізаттық емес тауарлардың өндірісі мен экспортын дамытуға ықпал етпейді. Импортты алмастыру немесе экономиканы қолмен басқару арқылы әртараптандыруға талпыну әрекеттері халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікке нұқсан келтіріп, күтілетін нәти­желерді тудырмайды. Нәти­жесінде, ел экономикасы әлем­­дік нарықтардың құбыл­ма­лылығынан зардап шегіп жатыр және елеулі құрылымдық өзгерістерсіз, сонымен бірге қолайлы инвес­ти­циялық ортаны құрусыз тұ­рақты экономикалық өсуге қол жеткізе алмайды. Біз бұ­рын жазғанымыздай, ин­вес­­­тициялық тартым­ды­лықты жақсартуға және жеке инвес­тицияларды ынталан­ды­руға бағыт­талған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бар екеніне қара­­мастан, нақты нәтижелер жеткіліксіз. Инвестициялық саясаттың ағымдағы тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау қажет. Өйт­кені өткен тәсілдер оң нәтижелерге әкелмеді, оларды пайдалануды жал­ғас­ты­ру шикізатқа тәуелділікті одан әрі күшейтуі мүмкін», дейді сарапшылар.

Олардың пікірінше, әр­та­раптандыру стратегияларын түбегейлі қайта қарау қажет, әсіресе, мұнай секторына тәуелділікті азайту, эко­­­­номиканы неғұр­лым ин­но­вациялық және техно­ло­гия­лық дамыған салаларға қайта бағдарлау бойынша. Бұл ин­вес­тициялық саясаттағы өзге­рістерді ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті дамы­ту­ға және экономиканың жоғары технологиялық секторларына инвестициялар тартуға ықпал ететін қолайлы нарықтық ортаны құруды талап етеді.