• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 29 Тамыз, 2024

Адам құқын қорғау – негізгі құндылық

67 рет
көрсетілді

Еліміздің ең басты құжатында баяндалғандай, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең құнды қазынасы. Түп негізін Конституциядан алатын заңдардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттырып, құқығы мен бостандығын сақтап, қалыпты жағдайда өмір сүруіне алғышарт болуға тиіс. Екі жыл бұрын 5 маусымда өткен республикалық референдум да адам құқының әділ қорғалуына жол ашқан маңызды шешім болды. Конституциядағы соңғы өзгерістер елді демократияландырып, азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашты.

Референдум институты 1993 жылы алғашқы Конс­титуциямызда құқықтық тұрғыда бекітілді. Заңдар жинағында мемлекет өмі­ріндегі маңызды мәселелерді шешуде референдум өткізу мүмкіндігі қарастырыл­ды. Сөйтіп, 1995 жылы екі республикалық референдум өткізілді. Біріншісінде Президенттің өкілеттігін ұзарттық, екіншісі 30 тамызда Конституция қабылдадық. 1995 жылғы Конституцияда, кейіннен «Республикалық референдум туралы» Конс­титуциялық заңында толық­қанды бекіді. Екі жыл бұрын өткізілген үшінші референдум Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеді. Бұл науқан жалпыхалықтық сипат алды. Референдумды ұйымдастыру, дайындау және өткізу ашық және жария түрде жүзеге асырылды. Референдум өткізу тура­лы қойылған мәселелер БАҚ ар­қылы азаматтардың на­за­ры­на жеткізілді. Жал­пы, дауыс беру құқығы бар 11 734 642 аза­маттың 7 985 769-ы ре­фе­рендумға қатысып, өз таң­дауын жасады. Айталық, дауыс берушілердің келу көрсеткіші 68,05 пайызды құрады. Оның ішінде азамат­тардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгеріс­тер енгізуді қолдап дауыс берді. Сөйтіп, ел тарихында екінші рет референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде негізгі деген өзгерістерді ғана атап өтетін болсақ, Қазақ­стан суперпрезиденттік бас­қару формасынан күшті Пар­ламенті бар Президенттік фор­маға көшті. Жер және оның қойнауындағы байлықтар, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болды. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квази­мемлекеттік сектор субъек­тісі басшылары лауазымдарын атқаруға шектеу қойылды. Құқығы бұзылған азаматтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен Бас прокурор Президент, Парламент спикерлері, Парламент депутаттары сияқты құзырға ие болып Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынды. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылып, Сенаттағы президенттік квота қысқарды. Мәжілістегі ҚХА квотасы жо­йылып, Сенатқа ҚХА квотасы енгізілді.

Сонымен қатар мажори­тарлық жүйе депутатты сай­лау­шылардың қалауы бойын­ша шақыртып алуға мүм­кіндік берді. Жоғары есеп пала­тасы құрылып, адам құқық­тары институттарын нығай­тылды. Облыстар мен респуб­ликалық маңызы бар қала­лардың, астананың әкім­дерін тағайындау тәртібі өзгер­тілді. Ең маңыздысы, қоғам жиі айтып жүрген тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

Енді осы өзгерістерді тереңірек талдайтын болсақ, халықтың сайлау, шешім шығару құқығының жаңа көрінісі ретінде мәслихат депутаттарының рөлі кү­шей­тілгенін байқаймыз. Халық­тың ресми өкілдерінің жалпы санының кемінде бестен бірі әкімге сенімсіздік танытса, облыс, республика­лық маңы­зы бар қалалардың әкім­­дерін қызметтен босату тетігі қарас­т­ырылды. Бұл өз кезегінде әкім­дердің міндетіне жауапкер­шілік­пен қарап, халыққа шына­йы қызмет етуге, үнемі есеп бе­руіне негіз болады.

Сенат жұмысы Мәжіліс қабылдаған жобаларға келісім беру, не болмаса бермеумен шектелді. Төменгі палатада қаралған нормаларды Сенат қайта қарамайды. Барлық Конституциялық заңдар Мәжілістің қарауынан өтеді. Бұл аралас сайлау жүйе­сі бойынша сайланған таң­дау­лы депутаттық корпус­ты қалып­тастырып, күшті Парламент институтын дамытты. Осы арқылы сайланбалы органға сенім күшейіп, халықтың көз­қарасы өзгереді. Ең басты­сы, қоғамда тәртіп орнап, бо­ла­шаққа деген сенім артады.

Сондай-ақ осы уақытқа дейін «шетелдік азаматтар мен компания өкілдеріне жер сатылмасын» деген пікір ұдайы айтылып жүрді. Конс­титуциялық өзгеріс­тер­ден кейін жердің асты-үстіндегі табиғи ресурс­тардың барлығы халыққа тиесілі екені тайға таңба басқандай көрсетілді.

Референдумның ерекше­лігі – мемлекеттің тағдырлы мә­селелері шешілуіне қа­тыс­тылығында. Олардың қатарында мемлекеттік тәуел­сіздікке, аумақ мәртебесін өзгертуге, мемлекеттік ше­караға секілді мәселелерді жатқызуға болады. Сонымен қатар референдумның сайлау институтымен де белгілі бір ұқсастығы бар. Мәселен, референдум мен сайлау арасында тең белгі қойылды. Сайлау баламалы негізде сайланған адамның мандатына заңды күш беруді көздесе, референ­дум кез келген шешімге заңды күш береді. Алайда референдумға шығарылатын мәселе азаматтардың консти­туциялық құқықтарын, азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарын бұзуға әкеліп соқпауға тиіс.

Сондай-ақ референдум сайлау, мандаттан басқа ел тағдырына, халықтың бола­шағына қатысты маңы­зды, тағдыршешті мәсе­лені шешуге байланысты өткізілуі әбден мүмкін. Мысалы, мемлекеттің тәуелсіздігіне, өз дербестігін тануға қатысты Пуэро-Рико, Косово, Трансильвания (Румы­ния), Оңтүстік Судан, Ката­лония секілді елдерді атап өтуге болады. Осы тұста 2016 жылы Ұлыбритания мем­лекетінің Еуропалық одақтан шығуы туралы референдумын айта кеткен артық етпес.

Ендігі жерде адам құқығын қорғауға негізделген әділетті қоғам құрудағы шешімнің жемісті болуы өзімізге байланысты. Бұл үшін Ата заңы­мыздағы өзгерістер мен бастамаларды құзырлы органдар уақытында сапалы орындап, халықтың да ел болашағы үшін қабылданар әр шешімге қызығушылық танытса, сонда елдегі демократиялық құндылықтар шынайы іске асып, заң нормалары қоғам үшін қызмет етеді.

 

Үнзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты