• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 29 Тамыз, 2024

Ыстықкөл сапары немесе Әуезов көшесі, №3

180 рет
көрсетілді

Шолпан ата қаласына (Қырғызстан) іссапармен баратынымызды естіген мезетте-ақ, ең алдымен, Әуезовтің үйіне соғуды ойладық. Сол сәттен бастап Ыстықкөл жағасындағы қазақ-қырғыз руханиятының киелі шаңырағына айналған жазушының үйі ойға орала берді. Мұқаңның Алматыдағы мұражай-үйінде талай болсақ та, қырғыз шәріндегі саяжайына аңсардың ерекше ауғаны рас. Заңғар жазушының қырғыз бәйкелерге деген көңілінің тым бөлек болғанын да ел біледі. Әуезов үйінің ауласында Шыңғыс күтіп отырғандай, ұлы Манастың рухы шақырып тұрғандай біртүрлі асықтық...

«Ыстықкөлге соншалықты ын­тызармын. Қайта тусам тағы да Ыстықкөлді таңдар едім», деген екен Мұқаң. Тау тұлғаның осыншалықты тебірене ықылас білдіруі әсте тегін емес. Бұған себеп те көп. Айталық, Әуезовтің қызыл саясат күркіреп тұрған шақта «Манасты» қорғап, пікір білдіруі ерлікке пара-пар бол­ға­ны ақиқат. Шығармашылығына ­келсек, «Абай жолындағы» қыр­ғыз Ызғұттыны да көп оқыр­ман жақ­сы таниды. «Қилы зама­нында»: «Қырғыз бір істі бастаса, жеріне жетпей тоқтамайды» деген жолдар барын да білеміз.

М.Әуезовтің қырғыз әде­бие­тінің алыптары Аалы Тоқомбаев, Түгелбай Сыдықбековтермен ­риясыз достығы, бір кездері жұл­дыздай жарқыраған жас талант Шыңғыс Айтматовты одақтың бәйгесіне қосып, тілектес бол­ғаны, кейін Шыңғыстың «Жәми­ла­ны» алғаш оқуға Әуезовке беруі – бір ­туған халықтардың әдеби байланысын нығайта түскені анық. Ал қырғыздың алақан­дай айылы­нан шыққан айтулы Айтматов­ ұлы ұстазының қы­­рық жыл­дан астам жабық жатқан «Қилы ­заманын» «Новый мир» жур­налында күтпеген жерден жаңа тынысын ашып, алғысөзі­мен аламанға қайта қосқанын кім ұмытсын? Шетелге шыққан­да қойнына қыса кетер қос кітабы – «Манас» пен «Абай жолы» еке­нін айтуы да ұстазына деген ұлы құрмет болса керек. Бұ­дан бөлек, Айтматовтың жалпы қазақ әдебиетімен, Қалжан Нұр­маханов, Зейнолла Қабдо­лов, Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртазалар­мен шығармашы­лық һәм адами дос­тығына да тарих куә. Сон­дай-ақ қырғыз­дың кино өнері­нің саң­­лақтары Болот Шәмшиев, Төлеміш Өкеев, Сүйменқұл ­Чоқ­­моровтар­дың қазақ мәде­ние­тіне сіңірген ең­бе­гін айтпай кету де күнә. Иә, қазақ-қырғыз әдеби-мәдени өмі­рін­де шекара бол­ған жоқ. Бірінің жұлдызын бірі жақты.

Бұдан бөлек, мың жылдан астам уақыт жырланып келе жат­­қан әлемге әйгілі мәңгілік эпос­­тық жырда қазақ ертегісі­нің кейіпкері Ер Төстік пен оның тұлпары Шалқұйрықтың, Ма­нас­тың жақын досы қатарында қазақ батыры Ер Көкшенің жү­руі – туыстық тамырымыздың қан­шалық тереңдігін көрсетеді. Сол «Манас» жырын алғаш жа­зып алып, еуропалық және жал­пыадамзаттық өркениет­тің алтын төріне енгізген ғалым Шоқан Уәлиханов екен­дігін қырғыз ­бауырлар үнемі қастерлеп айтып жүреді. Жал­пы, қырғыздар – салт-дәстүріне, тілі мен діліне берік халық. Ал айылында жүгі­ріп жүрген кез кел­ген баланы тоқ­татып «Манасты» сұрасаңыз, жоқ дегенде екі шу­мағын суылдата жөнеледі. Ішіне көк бөрінің ­рухы кіріп алғандай тербеліп оты­рып жырлайды. Көз жұмулы. Аяғы тақ-тұқ жерге ұрылады. Міне, рух. Таңғаласың. Таңдай қаға­сың. Әлқисса.

Сонымен, Шыңғыстың елі деп ерекше толқып, Манастың рухы деп іштей тебіреніп, Шолпан атаға да жеттік. Жаз болған соң Ыстықкөлдің жағасына келуші шетелдіктер көп. Бірі арқаланып көлге бара жатыр, енді бірі күнге қыздырынып үйлеріне беттеген. Ал біз жаяулатып Әуезовтің үйін іздеп келеміз. Алдымен музейге хабарласып сұрап едік, дүйсенбі күні жабық екен. Қазақстаннан Мұхтар атаны іздеп келді деп біз үшін арнайы ашатын болды («Неге ашпасқа?» деген ой да жылт етті). Дәл осы сәтте бір мар­қа­йып қалғанымыз рас. Жетер жеріміз 15 минуттық жол екен. Мекенжайы – Мұхтар Әуе­зов көшесі, 3. Әр қадам бас­қан­ са­йын жан-жаққа елең­деп, жүрек өрек­пи түсті. Қай тұстан «Әуе­зов» деген жазу атып шы­ғар екен деп ыстық-суығымыз басыл­май толқып келеміз. Мұқаң­ның өзі алдымыздан шығардай бұл не толқыныс десеңізші.

Сөйтіп, «Мухтар Ауэзов көчөсү» деген тақтайшалар да көз­­ге оттай басылып көріне бас­тады. Әуе­зовтің үйі осы көше­нің тұйық­талған жерінде, дұры­сы, басталған тұсында (рет саны бойынша бірінші үй). Жаға­жай маңындағы көше қаладағы ұзын көшелердің бірі саналады. Бірақ тар әрі ығы-жығы қозға­лыс көп. Айта кетейік, Ыстықкөл жағасындағы бұл үй туралы ал­ғаш Сафуан Шаймерденовтің кітабынан оқып едік.

Міне, алдымыздан «Мұхтар Әуезов музейі» деген нұсқау тақ­тайшасы көрінді. Көлге жет­пей солға бұрылдық. Күн сәу­лесін қалың ағаш көлегейлеген көлеңкеде орналасқан жасыл үйдің алдынан музей-кітапхана қызметкері Саламат Табышева құшақ жая қарсы алды. Аула жап-жасыл. Заңғар жазушы өзінің тоғыз баласына балап өз қолымен отырғызған, жайыла өс­кен тоғыз қайыңға қарап, Мұқаңа іштей сәлем бердік. Бақ­та жазушының өзі отырғызған алма ағаш­тары жеміс салыпты. Толқи қол созып, сондай бір нәзіктік­пен ағаш бұтақтарын аялай ұс­тап Әуе­зов отырғызған алмасынан үзіп ал­дық. Қасиетті су ішіп тұрғандай, іш­тей күбірлеп тілек тілеген­дей бір тылсым күй. Мұндай сәтте алманы жеуге де қимайсың, дәмін көруден гөрі әсері басым болады емес пе? Арбамызға алтын түскендей қуанып, екі-үш тал алманы қастерлеп Астанаға да ала келдік. «Әуезовтің өзі отырғызған ағаштың алмасы» дестік мәз бола.

Бақтың ортасында жазушы­ның 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ар­найы барып ашқан бюсті тұр. Мүсіншісі – Тамила Маматова. Айта кетсек, автор Мұхтар Әуе­зовтің бюстін жасауға екі ай уақыт жұмсаған. Сонда мүсінші Әуе­зовке неге қызыққанын айтып, «Манас үшін қарыздармыз» деген еді бір сұхбатында. Иә, ескерт­кіш-мүсін шебер қолдан, ақеділ көңілден шыққаны көрініп тұр. Заңғар жазушының келбет-кескіні дәл беріліп, шынайы бейнеленген.

Кезінде еңселі болғанымен, қазіргі күні жатағандау көрінетін үй музей дегеннен гөрі саяжайға ұқсайды. Жер көлемі аса үлкен емес. Есік алдында гаражы бар. Ауласы, үйі сол салынған күйі сақ­талған сияқты. Кіре­беріс есігінің сол жақ маңдайша­сында бұл үйде 1959-1960 жылдары қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің тұрғаны, кейін 1970 жылы үйдің Қазақ КСР-іне беріл­гені туралы орыс тілінде жа­зылған тақта тұр.

Үй 1957 жылы салыныпты. Әуезовке Қырғыз үкіметі алды­мен жер сыйлапты. Жерді Қыр­ғызстанның кез келген жерінен өзі таңдап алуына болады. Жа­зушы көп ойланбай-ақ осы Шол­пан атаны таңдапты. Қызығы, ол кезде бұл Шолпан ата қаласы жоқ, бірді-екілі үйлер болмаса бос жатқан сұр дала екен. Әуезов өзі келіп, көлдің көзге жақсы көрінетін жерін таңдапты. Үйді өз ақшасына салғызған. Музей қызметкерінің айтуынша, заң­ғар жазушы сол кезде-ақ Шолпан атаның жағажайлы қала болатынын сезген. Ол жылдары мұндай үй – ең жақсы үй болып саналған. Қаламгер мұнда «Өскен өркен» атты соң­ғы романын жазуды бастады. Әуезов өмірден өткен соң үй мемлекет меншігіне қайтарылып, кітапхана-музей болып ашылады. Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналған. Қазір кітап қоры шамамен 12 мыңнан асады.

«1970 жылы Мұхтар Әуезов­тің отбасы ақылдасып, Шолпан ата тұрғындарына арнап мұнда кітапхана ұйымдастырды. Со­дан бері біз қалалық кітапхана ре­тінде жұмыс істейміз. Бұл үй осы жылдары қос халық­тың дос­­ты­ғының рәмізіне айналды. Қазақ-қырғыз жазушылары осы үйде кездеседі», дейді Саламат Табышева.

Үйдің кіреберіс кең залы, жатын үй, жұмыс бөлмесі, тағы бір бөлме, асхана, дәретханасы бар. Қай бөлмеге бас сұқсақ та, кітап то­лып тұр. Оқырмандар ке­ліп, кітап алып оқиды. Оқу залы жоқ.

«Ауладан кітапханаға бө­лек мекеме ашу керек. Ал үй толы­ғы­мен тек мұражай болып тұр­са», дейді кітапхана-музей қызмет­кері. Жазушының жұмыс бөлмесі ғана сол күйінде сақталыпты. Төр­де жазу үстелі, жұмсақ орын­дық, бер жақта ағаштан тоқылған тербелмелі кресло, тағы басқа зат­тар бар. Жазу үстелі тура көл­ге қараған терезенің алдына қо­йылған. Қазір жаңа үйлер, демалыс орындары қаптап кеткен, көл көрінбейді, ал ол кезде бұл жерден айдынды көлдің көрінісі ашылатын болған. Бұл бөлмеге кіре алмадық. Сол қалпында сақталған жалғыз бөлмеге ешкімнің кіруіне болмайды.

Кіреберіс кең залдың төргі жағы Айтматовқа арналыпты. «Айт­матовты әлем оқиды» деген айдармен шет тілдердегі кітап­тары, өзге де суреттері бар. Босаға жақта Әуезовтің суреттері, түрлі кездесулер, отырыстар, қырғыз жазушыларымен басқосулардан естеліктер… Тағы бір шағындау бөлме қазақ драматургиясы мен театр өнеріне арналған. Мұнда да әртүрлі суреттер мен көрініс­тер. Жазушы өмірінен сыр шертер экспонаттар аз екенін бірден байқадық.

Иә, бұл үйдің ауласында талай рухани басқосулар болған. Әуе­зов келді дегенді естіген Саяқ­бай Қаралаев, Шыңғыс Айтма­тов, Түгөлбай Сыдықбеков, Аалы Тоқомбаев, Теміркүл Үмөт­әлиев, Кубанычбек Маликов, Тур­ған­­бек Суванбердиев, Қымбатбек Укаев, Насирдин Байтемиров сынды тұлғалар арнайы атбасын бұр­ған. Жазушының хатшысы Ға­зиза Бисенованың естелігінде: «Чолпон-Атаға барған сайын қырғыздар Мұқаңа сый-құр­ме­тін көрсетіп қалуға тырысатын. Мұқаңның қырғыз жеріне соңғы рет барған сапарында көк майсада мал сойып, ерекше сый көрсеткілері келгенін бай­қадым. Бұрын мұндай қонақ­жай­лылық тек үй ішінде ғана болатын. Табиғаттың көркемдігі, көгілдір аспан, көк көл, жасыл жапырақтарға оранған ағаштар, көк шалғын шөп – мұның бәрі Мұқаңа арналғандай еді», деп жазады.

Ал қырғыз жазушысы Насир­дин Байтемиров былай деп еске алады: «Суретте екеуміз де тұр­мыз. Ол қолын созып, көлдің арғы жағына ой жүгіртіп тұр. Мен оның ойына еремін. Оның ойы көл сияқты терең де, кең де, таза да. Оның кең маңдайы әлі көз алдымда. Сол ғажайып маңдай сол күнгі тыныш көлдің нәзік тол­қыны, майда әжім серпіліп, қайтадан жазылып жатқандай болып көрінеді. Ол сенімен кездесіп, сәлеміңді алып, кетіп қалса, бір ауыл, бір халық, тіпті бір көл бірге кеткендей болып көрінетін». Иә, екі жазушының бұл суреті қонақжай бөлмесінде ілініп тұр.

Бұрындары Мұхтар Әуезов кітапхана-музейінде күзетші жоқ, қызметкер аз деген әңгіме жиі айтылатын. Былтырдан бері мұнда екі кітапханашы, бір күзетші қызмет етеді. Аптасына бес күн бойы 08.30-17.30 аралығында жұмыс істейді. Жексенбі-дүйсенбі – демалыс.

Еске салсақ, Мұхтар Әуезов қыр­ғыз жеріне алғаш рет ХХ ғасырдың 1920-28 жылдары бар­ған. Мақсаты – «Ма­нас» эпосына қызығып, зерттеу жұмыстарын жүргізу. Кейін ол қырғыз ақын-жа­зушыларымен жақын таны­сып, өмірін сақтап қалған ыстықкөл­дік досы Бөл­түрік балуанмен кездесіп, сағы­нышын тарқатып, оның үйінде талай рет болған. Қиын-қыстау қуғын-сүргін кезінде дәл осы Бөлтүрік балуанның үйінде жасырынған деседі. Жалпы, Бөлтүрік балуанға қатысты аңыз-әңгіме көп айтылады.

Кітапхана-музей қызметкері­мен қоштасып жатып: «Қонақтар көп келе ме?» деп сұрадым. Неге екенін қайдам, іште бір қор­қыныш болды. «Иә, қазақтар көп келеді», деді жымия. Шекара асып, Қырғызстанға табан тигеннен бастап толқыған көңілдің сәтті нүктесі осы жауап болған сыңайлы. Бойымды мақтаныш билеп, Әуезов көшесінен алыс­тай бердік.

 

Астана – Бішкек – Ыстықкөл – Бішкек – Астана