Аудан орталығы Атбасарды жанай өтетін Жабай өзені биыл жазғытұрым арнасынан асып, жағадағы тұрғындардың үйлерін су алып кеткен еді. Бүгінде сол сел сенделткен жұрттың мемлекет салып берген су жаңа пәтердің кілтін алып, мәре-сәре болған қоныстойына куә болып қайттық.
Бала кезімізде асыр салған Атбасар қалашығының ажары бұл жолы алыстан менмұндалап, көзге оттай басылды. Өйткені аудан орталығының көрінісі бұрынғыдан едәуір көркейе түскені байқалады. Жаңадан салынған көпқабатты қаз-қатар тізілген үйлер қаланың еңсесін көтеріп тұр. Бұрынғы кеңестік бәкене үйлер мен сұрқай «хрущевкалар» болмаса, мұндай жаңа зәулім үйлер көрінбейтін. Астыққа толы кең өрісімен, еліміздегі негізгі локомотив құрастыру зауыттарымен танылған ауданның даму қарқынының бүгінгідей келбеті заңдылық дестік.
Біз әуелі жаңа салынып біткен үйлерге барып, құрылыстың мән-жайын білдік. 100 пәтерлі екі үйді салып шыққан қарағандылық («Medina Bilding» ЖШС) құрылыс компаниясының өкілі Айдын Әміровтің айтуына қарағанда, құрылыс мамыр айының соңын ала басталып, үй үш айда бой көтеріпті. Қазір бәрі сақадай сай дайын тұр.
Осы кезде салтанатты жиын да басталып кетті. Сөйтіп, биыл көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Атбасардағы 127 отбасына жаңа баспана берілді. Бұл – бірінші кезектегі баспаналары мүлдем жарамсыз болып қалған тұрғындар. Ал бұған қоса су басу қаупі бар аймақта тұрған 73 отбасына пәтер кілті табысталды. Осылайша, Атбасар қаласында 200 пәтер қолданысқа беріліп, жұртшылық қоныстойын тойлады.
Пәтер кілттерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыс етті.
«Бүгін біз үлкен жаңалықтың куәсі болып тұрмыз. Бірден 200 отбасы жаңа пәтер алды. Бұл – қуанышты жағдайдың Конституция күнімен тұспа-тұс келуінің де мәні бар. Ата Заң – халықтың жақсы өмір сүруінің кепілі. Болашақта жаңа пәтерлерде тек қуанышты оқиғалар болсын деп тілейміз», деді өңір басшысы.
Жаңа үйлер қаланың қауіпсіз жерінде салынды дейді мамандар. Расында, үйлер өзеннен алыс, биіктеу жерге орналасқаны байқалады. Үйлердің әрқайсысында сантехникалық жабдықтар мен су жылытқыштар орнатылған. Аулада балалардың ойын алаңы және воркаут алаңдары, спорт алаңы бар.
Баспаналы болғандардың бірі – Ыдырыс Байлиннің отбасы. Ақсақалдың айтуынша, биылғыдай су тасқыны бұрын-соңды болмаған.
«Мен Атбасарда 35 жыл тұрып келемін, бірде-бір рет бұлай су кірген жоқ еді. 2017 жылы су тек бақшамызға келсе, биыл үйге кірді. Сол кезде жергілікті биліктегілер жаңа үй салып береміз деп уәде берген еді. Сөзінде тұрды. Үйлер беріліп жатыр. Жаңа үйде балаларыммен, немерелеріммен бірге тұрамын. Барлығының қонысы құтты болсын!», деді зейнеткер.
Биыл еліміздің біраз жеріне жайылған су тасқыны Атбасар ауданын да аз шығынға батырған жоқ. 375 отбасы су тасқынынан зардап шегіпті. Оның 130-ға жуығына жөндеу жүргізілді дейді әкімдіктегілер.
«Ауданда су басқан 250-ге жуық үй толық тексеріліп, сараптама берілді. Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде алғашқы көмек көрсетілді. Комиссия қорытындысы бойынша 40 млн 136 мың теңге шығын келгені анықталды, 77 үй апатты жағдайда деп танылып, 173 үйге жөндеу жұмысы жүргізілмек», дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.
Ал қалғандарын баспанамен қамтуға облыс әкімі тағы да 145 пәтерлі екі үй биыл қазан айына дейін пайдалануға берілетінін айтты.
«Зардап шеккендерді қауіпті жерлерден көшіру жұмыстары жалғаса береді. Сонымен қатар келесі жылдарда да мұндай келеңсіздік туындамас үшін су арнасын тазарту, оны тереңдету, жағаларды биіктету секілді жұмыстар атқарылады. Қазір де Жабай өзенінің табаны тазартылып жатыр. Оған мемлекеттен қаражат бөлінген», деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Осылайша, тұрғындарды су басу аймағынан көшіру мәселесі толығымен шешіледі. Жоспарлы жұмыс межелі жеріне жетсе, 400-ге жуық үйді су басу қаупі жойылмақ. Сондай-ақ әкім биыл қыркүйекте Ақмола өңірінің төрт ауданында, атап айтсақ, Бұландыда – 115, Жарқайыңда – 30, Есіл ауданында – 21, барлығы 166 үйдің құрылысы аяқталатынын жеткізді.
Ауданда тасқын судан зардап шеккен тек үйлер ғана емес, автожолдар да қайтадан күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Мәселен, биыл Атбасар ауданына жол жөндеуге 13 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Қаланың кіреберіс жолдары, ауданнан Сочи, Қима ауылдарына қатынайтын жолдар және Қошқар өзені арқылы өтетін Атбасар – Сочи көпірінің құрылысымен А.Құрманов көшесі бойындағы қалалық жолдың құрылысы биыл аяқталмақ.
Облыс әкімі жиында сөйлеген сөзінде жаңа үйлердің маңында мектеп, аурухана, балабақша салынатынын да айтты.
«Ұлттық жоба аясында Атбасар көпсалалы ауруханасы жақын маңдағы елді мекендерді қамтитын ауданаралық аурухана ретінде жаңарады. Бұл төрт ауданды (Жақсы, Есіл, Жарқайың, Сандықтау), яғни 60 мыңнан аса адамды қамтиды. Жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады (сметалық құны – 1 млрд теңге, мердігер – «КазЕвроСтрой» ЖШС). Аудан тұрғындары енді медициналық қызмет алу үшін басқа елді мекендерге барудың қажеті жоқ», деді әкім.
Жаңа пәтерлердің кілтін алған атбасарлықтар ел Президентіне, еріктілерге, жанашыр жандарға шынайы алғысын жеткізді. Соның бірі көпбалалы ана Жұлдыз Сәдуақасова ағынан жарылып, алғысын жаудырды.
«Сәуір айында бір түнде үйіміз су астында қалды. Бала-шағамызбен шұбырып қайда барарымызды, не істерімізді білмей сенделдік. Әйтеуір бәрі жаңа үй салып береміз деп жұбатқан еді. Мемлекет басшысына, барлық мемлекеттік органдарға қиын жағдайда қолдау көрсеткені және жедел әрекет еткені үшін алғыс айтамыз. Қазір менің қуанышымда шек жоқ. Енді балаларым жайлы жағдайда өмір сүретін болды», дейді Ж.Сәдуақасова.
Осылайша, көктемде іргесінен қызыл су кіріп, берекесі іркіттей іріген жұрттың аспаны шайдай ашылғандай әсер қалдырды.