• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2015

«Қазақстанда жұмыс істегім келеді»

430 рет
көрсетілді

Ресейдің Астрахань өңірінде тұратын қазақ қызы Аделина Айсанғалиева осы мақсатына жетуді көздейді Астрахань – Ресейдегі қазақ ең көп қоныстанған өңір. Ұзақ жыл банк саласында, сонымен бірге, астраханьдық қазақтардың ұлттық салт-дәстүрі, ана тілі секілді ұлттық құндылықтарынан ажырамауына бар жан-тәнімен қызмет етіп жүрген ұлтжанды азамат, «Жолдастық» қазақ тілі мен мәдениеті қоғамының құрметті төрағасы болған Никита Ысқақовтың пікірінше, мұнда 160 мыңға жуық қандасымыз мекендейді. «Біз өз атамекенімізде тұрып жатырмыз», дейтін қандастарымыз әсіресе, Красный яр, Володар, Қарабайлы аудандарында көп қоныстанған. Аға буын өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал жастар жағы шорқақтау. Дегенмен, жас буынның арасында ұлттық құндылықтарды санаға тоқуға ұмтылыс байқалады. Мұндағы қазақ жастарының көбі Астра­ханьдағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып жүр. Сондай жастардың бір тобы, мәселен, Аслан Өтеғалиев пен Мадиат Құс­панов Астраханьдағы музыка училищесінде білім алып жүрген болашақ музыканттар. Екеуі де Астраханьға ауданнан келіпті. Ал Аде­ли­на Айсанғалиеваның ата-анасы Астрахань қала­сының байырғы тұрғындары саналады. Қа­зір қа­рындасымыз Астрахань мемлекеттік универ­ситетінің 3-курсында оқиды. «Болашақ мамандығым – психолог-әлеуметтік педагог», деген Аделина қазақ тілін жетік білмейтінін жасыр­мады. Өйткені, ол орыс мектебінде орта білім алыпты. – Қазақ халқының бір перзенті болғандықтан, ана тілімді үйренгім келеді. Қазақстанда тұ­ра­тын замандас-құрбыларыммен әлеуметтік желі­лерде жиі байланысып тұрамын. Интернетте қазақстандық достарым көп. Олар маған қазақша үйрету үшін әлеуметтік желілер арқылы ана тілімде хабарлама жолдайды. Мен, әрине, қазақша түсінемін, оқи аламын. Бірақ әзірге жаза алмаймын. Сол себептен, қазақстандық дос­тарымның әлеуметтік желілер арқылы жол­даған хабарламаларына орысша жауап қайтарып жүрмін, – дейді қарындасымыз Аделина Ай­санғалиева. Астрахань қазақтары Қазақстаннан қан­дас­тары келсе, балаша қуанады. Қазақстаннан келген қонақтардың жанынан қалмайды. Сөй­лесуге, республика экономикасы, дамуы, Ас­тананың өркендеуі туралы білгісі келіп тұрады. Астраханьдағы қазақ студенттері Аделина, Аслан мен Мадиат та – солардың қатарында Қазақстанға ерекше қызығушылық танытатынын байқадық. Әсіресе, Аделина Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» би ансамблінің биші қыздарымен жақын танысып, достасқанына куә болдық. – Болашақта Қазақстанның барлық қала­­сын ара­лағым келеді. Әсіресе, Астана мен Алматы ерекше қызықтырады, – дейді Аделина бізбен әңгімелескен сәтінде. – Атажұрттың көрікті жерлерінде болсам деймін. Әзірге Қазақстан жайлы деректерді интернет ресурстарынан біліп отырамыз. Теледидардан ел жетістіктері жайлы деректі, ақпараттық хабарлар берілсе, үзбей көруге тырысамын. Әлем елдері Қазақстанның келешегіне қызығушылық танытып отырғанда, біз неге қызықпауымыз керек? Әзірге студентпін ғой. Жоғары оқу орнын бітіргесін Қазақстанға барғым келе­ді. Сол елдің экономикасын өркендетуге үле­сімді қосуды армандап жүрмін. Бәлкім, Астанада, не Алматыда бола ма, әлде Атырау мен Ақтау қаласының бірінде жұмыс жасауды мақсат етіп отырмын. Иә, Ресейдің Астрахань өңірінде жүрегі Қазақ елі деп соққан осындай інілеріміз-қарындастарымыз бар. Олардың ел мен жерге деген сағынышы, арман-мақсаты көз жанарынан байқалып тұрады. Әсіресе, Аделина Айсанғалиеваның ана тілін меңгерсем, Қазақ елінің өркендеуіне үлесімді қоссам дегені құр арман емес екеніне риясыз сендім. Өйткені, батыл да алғыр қарындасымыз «Ең басты арманым – Қазақстан экономикасын өркендетуге үлес қосу. Көздеген мақсатыма міндетті түрде қол жеткіземін», дегенді сенімді айтты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ–АСТРАХАНЬ–АТЫРАУ. Суретте: Астраханьдағы қазақ сту­дент­тері – Мадиат Құспанов, Аделина Ай­сан­ғалиева және Аслан Өтеғалиев.