Қостанай облысы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды жаңа баспанамен қамтамасыз ету туралы Президент тапсырмасын мерзімінен бұрын аяқтады. Күн жылып, жер дегди сала басталған ауқымды құрылыс жұмыстарының нәтижесі 28 тамызда Торғай өңіріндегі Амангелді, Жангелдин аудандарында өткен қоныстойда қорытындыланды.
Бір күннің ішінде Жангелдин ауданында – 19, Амангелді ауданында 18 отбасы қабырғасы қызыл кірпіштен көтеріліп, төбесі заманауи жасыл шатырмен жабылған жаңа үйге қоныстанды. Қаз-қатар тізіліп, ауылдың ажарын аша түскен жаңа үйлердің ауласы кең, көшесі асфальтталған.
Ауыл тұрғындарына жаңа баспананың кілтін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мен «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілі Шыңғыс Шарапиев табыс етті. Облыс әкімдігі мен аталған қор арнайы меморандум аясында Амангелді, Жангелдин және Қостанай аудандарында тасқын судан зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландырғаны туралы бұған дейін де жазғанбыз.
Көктемгі күйіктің кермек тамшысы телегей теңіз болып келген суға тамса, күздегі қуаныштың көз жасы еңсесі биік кең үйдің табалдырығына тамды. Жаңа баспанаға кірген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Күздің қара суығына ұрындырмай келістіріп үй салып берген мемлекетке, игі іске бел шеше кірісіп, ала жаздай аптап ыстықтың астында жүрген құрылысшыларға алғыс жаудырып жатыр.
«Құрылыс аяқталғанша суық түсіп кете ме деп қорыққаным рас. Тіпті үй биыл салынып бітеді дегенге өз басым бертінге дейін сенбей жүрдім. Өйткені мұндағы жұмыстың көптігі сонша, биыл бітпейтіндей болып көрінді. Тақыр жерге бір ауыл салып шығу – оңай шаруа емес. Тасқыннан қираған ескі саман үйдің орнына бізге жаңа, жылы, жарық, зәулім баспана берілді. Бәріміз ризамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс, ауданымыздың басшылығына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Осы үйлерді салып шыққан мердігер компания басшылары мен құрылысшылар еш жамандық көрмесін. Енді тірі адам тіршілік етеді, бүгін өміріміздің жаңа бір жарқын кезеңі басталған күн деп білемін», дейді Амангелді ауылының тұрғыны Жәнібек Кәрімжанов.
Амангелді ауданындағы Амантоғай, Байғабыл, Ағаштыкөл ауылдарының тұрғындары да баспана қуанышын атап өтті. Бұл елді мекендерде су тасқынынан зардап шеккен 5 отбасы жаңа үйіне қоныстанды. Ал Жангелдин ауданына қарасты Көлқамыс ауылында баспана қуанышына кенелген 19 отбасы жаңа қонысына кірді.
«Туған ауылымызда жаңа, жайлы баспанаға кіріп жатырмыз. Көктемде бастан кешірген қиындық көрген түстей өте шықты. Арманымыз орындалды, қуанышымыз шексіз. Су тасқыны ескі үйімізді түбімен шайып кетіп, қалпына келтіруге жарамсыз болып қалған. Басымызға түскен ауыртпалықты өз мойнына алған мемлекетімізге, қиын-қыстау кезеңде далаға қалдырмай, бойымызға күш-қуат беріп, қамқорлық танытқан барша қазақ еліне ризашылығымды білдіремін», дейді Көлқамыс ауылының тұрғыны Алпыс Әлімбаев.
Салтанатты рәсім барысында шалғай шетте жатқан елді мекендердің облыс орталығынан қашықтығына қарамастан, құрылыс жұмыстарының қысқа мерзім ішінде аяқталғаны айтылды. Мәселен, Амангелді ауылы Қостанай қаласынан 420 км, ал Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылы облыс орталығынан 640 шақырым шалғай жатыр. Жолдың қашықтығы құрылыс материалдары мен қажетті техниканы жеткізуде үлкен қиындық туғызғаны рас. Алайда соған қарамастан Торғайдағы тұрғын үй құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып, баспанасыз қалған жұрт күздің салқынына ұрынбай, жылы үйіне қоныстанып үлгерді.
«Қостанай облысында су тасқыны кезінде барлығы 1 283 үй зардап шекті. Олардың үштен бірі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінге дейін 315 пәтер сатып алынды. Бұл сатып алынуға тиіс тұрғын үйлердің 100 пайызын құрайды. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 153 үйдің құрылысы толығымен аяқталды», дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Арқалық қаласында 50 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы да мерзімінен бұрын аяқталғанын айта кеткен жөн. Аталған көпқабатты тұрғын үйдің жанға жайлылығы сонша, адам тұрмысына қажеттің бәрі қарастырылған. Елордамыздағы сапалы үйлерден бір мысқал да кем емес. Арқалықтағы «ақылды» үйдің сыртқы есіктеріне іштегі пәтерлермен бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатылған. Таяуда бұл үйде де қоныстой аталып өтпек. Мердігер құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен тұрғындарға асүй жиһаздарын сыйлаймыз деп отыр.
Табиғи апаттан келген орасан шығынның орнын толтырып, қираған, бүлінген дүниені қалпына келтіру, жай-күйсіз қалғандарды қаңғытпай уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, оларға қысқа уақыт ішінде жаңа үй салып беру тәрізді әлеуметтік салмағы мол жауапты әрі сауапты ауқымды шаруаны ел болып бірігіп, абыроймен атқарып шығуда «Қазақстан халқына» қорының орны ерек екенін де атап өтпеске болмайды. Қостанай облысының әкімдігі мен аталған қор арасындағы меморандум аясында өңірде зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үйдің құрылысы қаржыландырылды.
«Қордың, құрылысшылардың, әкімдіктің және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғызылған мынадай керегесі мықты, еңсесі биік үйлерге қарап, өздеріңізбен бірге қуанып жатырмыз. Бұл жаңа үйлер тұрғындарды қуантып қана қоймай, шалғай ауылдардың шырайын кіргізіп, ажарын аша түскендей», дейді «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілі Шыңғыс Шарапиев.
Қостанай облысы