Конституция күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 85 отбасыға «Sun City» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Баспана 10 жылдан аса уақыт үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді.
Пәтерлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана сатып алу бағдарламасы аясында табысталды. Жарық та жайлы пәтерлер «KazSMU» ЖШС-ның 360 пәтерлі кешенінен сатып алынды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы басымдық екенін, бұл мәселе жіті назарында болатынын айтты. Осы бағытта Алматы облысында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 1 304 пәтерді сатып алу жоспарланған. Оның 55-і бүгінде сатып алынды. Облыс орталығында қосымша 145 пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі. Жалпы, облыс бойынша 61 көппәтерлі тұрғын үй (1 618 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа баспанаға ие болады деп күтіліп отыр», деді Марат Елеусізұлы.
Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі – Анар Алмұратова. Күміс алқа иегері бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ол он жылдан бері Қонаев қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді.
«Қонаевта тұрып жатқанымызға он жыл болды. 2012 жылы көшіп келдім. Конституция күні қарсаңында үй беріп жатыр, балапандарымыз осы жерден сабаққа барады. Екі бөлмелі үй, 78 шаршы метр, іші үлкен», деді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған А.Алмұратова.
«Sun City» тұрғын үй кешені қаланың жайлы әрі қолайлы бөлігінде орналасқан. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталып, биыл пайдалануға берілді. 12 қабатты нысанның ауласы толық абаттандырылған. Балаларға арналған спорттық, ойын-сауық алаңдары да орнатылыпты.
«Қонаев қаласында баспана кезегінде 1 834 адам тұр. Олардың арасында көпбалалы аналар, жетім балалар және мүгедектігі бар адамдар бар. Жыл соңына дейін 165 пәтерді Үкімет тарапынан беру жоспарланып отыр», деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.
Конституция күні Алматы облысында кеңінен аталып өтті. Ата заңымыз ардақталған мерейлі мереке аясында барлығы 45 мыңнан аса адамның қатысуымен 230 іс-шара ұйымдастырылды. Өңірдің әр түкпірінде осы атаулы күнге арналған салтанатты жиын, мерекелік концерт, көрме, флэшмоб, мәдени іс-шара, спорттық жарыс өтті. Сонымен қатар тақырыптық кездесулер мен конференция ұйымдастырылды. Онда конституциялық нормаларды іске асыруға байланысты жетістік талқыланды. Бұл іс-шараларда жастар ерекше белсенділік танытты.
Конституция күнін мерекелеу аясында облыс орталығында «Ата заңым – айбыным!» атты мерекелік жиын өтіп, онда облыс әкімі М.Сұлтанғазиев өңір жұртшылығына жылы лебізін жолдады. Салтанатты іс-шарада қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық ұжымдардың өкілдері сөз сөйлеп, Конституцияның мемлекетіміздің негізі ретіндегі маңызын атап өтті, оның қағидаттары негізінде елдің одан әрі дамуына сенім білдірді. Мерекелік іс-шара барысында өңірдің түрлі саласы мен қоғамдық өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталып, бірқатарына мемлекеттік наградалар табыс етілді. Олардың ішінде белгілі актер Бекжан Тұрыс та бар. Өнер майталманына «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алматы облысы