• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қыркүйек, 2024

Саяжай тұрғындарының саялы шаңырағы

34 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындары үйлі болды. Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде жаңадан салынған 103 үйдің кілті Конституция күні табысталды.

Бұл үйлер «Eurasian Resources Group»-тың (ERG) негізін қалаушы-акционерлері бөлген қаражат (40 млрд теңге) есебінен салынған. Жаңа үйлерді беру рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес тас­қыннан зардап шеккен тұр­ғындарға заң аясындағы тиісті көмек көрсетілді. Бүгін біз Орал қа­ла­сының саяжайлар алқа­бында тұрып, тасқында бас­панасынан айырылғандарға жаңа үйлердің кілтін табыс етіп жатырмыз. Бұл – жалпы өңір үшін үлкен қуаныш. Құрылыс жұмыстарына қол­дау көрсеткен «ERG» ком­паниясының өкіл­деріне шын жүректен алғыс айтамын», деді Н.Төреғалиев.

«Оралдағы осы үйлер де «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясы бөлген қаражатқа сатып алынған. Ком­панияның негізін қалаушы-акционерлері тасқыннан зардап шеккендер үшін көмекке 40 млрд теңгеден аса қаражат бөлген еді. Барша қоныс иелерін бүгінгі қуанышымен құттықтаймын», деді Д.Рахматуллаев.

Оралдағы «Нұрлы жол» саяжайының тұрғыны Марал Оралованың үйі тасқын кезінде су астында қалған еді. Ол мем­лекеттің көмегі арқылы бүгін сапалы баспанаға ие болғаны үшін алғыс айтты.

«Кезінде «Нұрлы жол» сая­жайынан үй салған едік. Көктемде үйіміз суға кетті. Президентке рахмет, бізді далада қалдырмады. Бүгін Деркөл кентінен 3 бөлмелі үй бұйырды. Үйдің ішін қарап шықтық, керемет деп айтсақ болады. Сапасы да жақсы», дейді М.Оралова.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, биыл су тас­қынынан зардап шеккендер үшін Батыс Қазақстан облысында 775 үй салынған. Оның 375-сі – Орал қаласында, 400-і – аудандарда.

 

Батыс Қазақстан облысы