• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қыркүйек, 2024

Көптен күткен білім ұясы

169 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Саралжын ауылында 60 орындық жаңа мектеп ашылды. Шалғайдағы шағын ауылдың балалары жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастады.

Ауыл халқының көптен күткен қуа­ны­шы­на облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.

 – Баршаңызды Білім күнімен бірге келген зор қуаныш, мынадай керемет мектептің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – мемлекетіміздің сіздерге, ауылда отырған қайсар халыққа, ауылда туып, ауылда өсіп келе жатқан балдырғандарға тартуы. Осы жылы Президент тапсырмасымен облысымызда 11 мектеп салынса, соның бірі – осы ғимарат. Бұл мектепті «КПО Б.В.» компания­сы облыс алдындағы әлеуметтік міндеттемелері аясында салып беріп отыр, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

Жаңа мектептің ашылу салтанатын ауыл тұрғындарымен бірге ерекше күткен жанның бірі – ардагер ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дариға Мұштанова болатын. Өйткені бүгінде «Парасат» орденінің иегері, «Қазталов ауданының құрметті азаматы»  атанған ақын дәл осы жерде дүниеге келген. Туған ауылындағы тойға ақын да арнайы барды.

«Ауылым – ата қоныс, құт мекенім,

Бабалар айтып кеткен құтты екенін.

Қияға қанат қағып перзенттері,

Танытқан топырағының мықты екенін!» деп жырлаған ақынның атына жаңа мектепте арнайы сынып ашылыпты. Шағын ауыл мектебінен бұрын да өнерлі өрендер, сахна шеберлері көп шыққан екен. Ал ақын атындағы жаңа сыныпта домбыра, көркемсөз оқушылар үйірмесі ашылмақ.

Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылында небәрі 60-қа жуық үй, 265 тұрғын тұрады. Ауылға табиғи газ тартылған. Өңірде қолға алынған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында мұнда екі пәтерлі су жаңа үй салынып жатыр. Ол да жақын арада пайдалануға берілмек.

 – Кеңес одағының батыры Мәжит Жүнісов атындағы негізгі мектептің көне ғимараты 1989 жылы салынған еді. Ол енді кітапхана мен фельдшерлік-акушерлік пунктке беріледі. Су жаңа оқу кабинеттерімен жабдықталған жаңа мектептің жалпы құны – 750 млн теңге. Оның ауласында шағын футбол алаңы, бас­кетбол, жүгіру жолағы, демалыс мүйістері бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.

«Ауылымыздың өңі кіріп, екінші тынысы ашылғандай болды. Шіркін, енді ұялы байланыс орнап, аудан, округ орталығына жалғайтын жолымыз жөнделсе», дейді саралжындықтар.

 

Батыс Қазақстан облысы