• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қыркүйек, 2024

Қошмамбеттегі қуаныш

46 рет
көрсетілді

Бірінші қыркүйекте Ал­маты облысында білім беру­ді жақсартуға ба­ғыт­­талған жоба аясын­да 3200 оқушыға арнал­ған 3 жаңа мектеп пен бір қосымша ғима­рат салтанатты түрде ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында білім жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған. Осы мақсатта Алматы облысында «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясын­да 53 мектептің құрылысы жүр­гізіліп отыр. Соның алғаш­қы­сы болып Қарасай ауданы Қош­мамбет ауылында еңселі заманауи техно­логиямен жа­сақталған 1200 орындық бі­лім ордасы қолданысқа берілді. Нә­тижесінде, ауылдағы үш ауы­сымдық мектеп мәселесі түбе­гейлі шешілді. Оқушылар озық үлгідегі кең де сәулетті етіп са­лынған су жаңа мектепте мем­лекеттік тілде білім алады. Ха­лық саны тығыз қоныстан­ған аудандардағы мектептердің ашы­луына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Жаңа оқу жылында өңірдің 468 мектебінде 365 404 оқушы білім алуды бастап кетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 173 оқушыға көп. Сонымен қатар бірінші сыныпқа 35 631 бала барды.

«Бала саны өсіп отырған өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 26 орта мектеп салу қарас­ты­рылған. Атап айтсақ, Білім кү­ніне Қарасай ауданының Қош­мамбет, Доған, Елтай ауылдарында «Жайлы мектеп» жобасымен 1200 орындық 3 мектеп дайын. «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектеп, ал Алатау қаласының Арна ауы­лында мектептің 200 орындық жапсаржайы ашылды. Аймақта үш ауысымдық мектеп мәселе­сін шешуде жеке инвесторлар аза­маттық танытып, балаларға жаңа білім ордасын сыйға тартты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған, ерекше білім алушыларға арналған инклюзивті орталық, шеберхана, кітапхана, роботтехника, стенд және модификациялық каби­неттер, спорт зал, асхана, мәжі­ліс залдары балалар игілігіне ­қыз­­­мет етеді. Мектеп мұғалім­де­рі­нің осындай зәулім ғима­рат­та өскелең ұрпаққа сапа­лы білім, саналы тәрбие береті­ніне бүкіл ел-жұрт үміт артып отыр», деді салтанатты іс-шара­да сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Өткен оқу жылы облысқа табысты аяқталды. Дарынды балалар мол жетістікке қол жет­кізді. Екі жыл бұрын 50-ге жуық бала халықаралық олим­пиа­да­лардың жеңімпазы болса, был­тыр бұл көрсеткіш 3 есеге ұл­ғайғанын атау орынды. Талантты балалар ауылдан шығары анық. Сондықтан дарынды оқушылар қатары осындай жаңа мектепте білім алған балалармен толыға түсеріне сенім зор.

«Бала – жарқын болашағы­мыз­дың кепілі. Әр ата-ана бала­сының жақсы білім алып, өмір­ден өз орнын табуына мүдделі. Сондықтан жаңа мектеп бала­ларға жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беруде заманауи, жайлы мектептер салуды жал­ғастырамыз. Бүгін ашылған төрт жаңа мектеп – осы мақсатқа жетуге бағытталған кең ауқым­ды жоспарымыздың бір бөлігі ғана», деген өңір басшысы заманауи мектептің уақытында са­лынуы­на үлес қосқан мердігер компания өкілдерін Алғысхатпен марапаттады.

«Елімізде демографиялық ахуал айтарлықтай жақса­рып келеді. Кейінгі үш жылда 1,5 миллионнан астам бала дү­ние­ге келген. Бұл – рекорд­тық көр­сеткіш. Сондықтан балаларымыздың кемел келе­ше­гі үшін Президенттің тікелей бақылауымен осындай жаңа стандартты, жаңа модель­ді «Жай­лы мектеп» салынып отыр. Биыл еліміз бойынша 226 мектеп ашылады, келесі жылы дәл осындай 175 мектеп іске қосылды», деген Ғылым және жоға­ры білім ми­нистрі Саясат Нұрбек ұстаз, оқушы, ата-ана бір-бірі­мен байланыста болу керегін атап айтты. Сондай-ақ министр баланың білімді, тәртіпті болуы ортақ істің жемісі екенін еске салды.

«Өзім осы ауылда туып-өс­тім. Әкем ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен еді. Мен де әке жолын жал­ғастырып, 30 жыл бойы баста­уыш сынып оқу­шыларын оқы­тып келемін. Ескі мектебімізде ­бала саны өте көп болды. Сынып­қа сыймай, үш ауысымда оқыт­тық. Енді жартысына жуығы жаңа мектепке ауысты. Сөй­тіп, екі ­ауысымда оқитын бола­мыз. Бү­гін әріптестерімді құттық­тай кел­дім. Сән-салтанаты жарас­қан ­жаңа ғимараттың оқушы­лары жақ­сы оқып, ұстаздары ша­быт­тана жұмыс істеуіне тілектес­пін!», дейді ауыл мұғалімі Ақма­­рал Жазықбаева.

Мемлекеттік тілде білім бе­ре­тін су жаңа мектепте оқу­­шы­лар 1 ауысыммен оқи­ды. ­Онда 12 оқу кабинеті, 3 ше­­берха­на, ­3 ком­пьютер сыныбы, химия, ­физика, био­ло­гия, басқа да пәндерге лайық­та­лып жаб­дықталған арнайы ка­бинет­тер мен акт зал, спорт зал бар. 125 орындық асхана жа­сақталып, кітапхана іске қо­сыл­ған. Медициналық каби­нет­тер орналастырылған. Онда ­логопед, психолог, ойын ойнау ка­бинеттері қарастырылған.

Жаңа оқу жылында «Beeline Kazakhstan», «Верный Капитал» және Болат Өтемұратов қоры­ның қолдауымен Шелек ауылы мен Есік қаласында әрқайсысы 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді.

Алматы облысында осы күні 39 орта мектеп үш ауысым­да білім береді. Еске салар болсақ, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 54 600 орындық 53 мектеп салу жос­парланған. Бұл өңірде үш ауысымды оқуды толықтай жоюға және әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге мүм­кіндік бермек.

 

Алматы облысы