• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2015

Сөз емес, нақты іс қажет

335 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елдің ертеңі, ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі деген басты бағдар бір сәт те күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Мұның бәрінің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Жасалған ре­формалар, жүргізілген қыруар жұмыстар жағаласқан жаһан­дану тұсында тұсалған аттай кі­біртіктемей, қадамды ашып, қа­рыштап, ілгері басты. Ол тиянақты ізденістерге ұштасты. Соның әдемі бір нәтижесі елдігімізді танытып, береке-бір­лігімізді көрсетіп, жұдырықтай жұмылып, осыдан бірер айдың алдын­да президенттік сайлау өт­кіз­дік. Бұл төрткүл дүниеге Қазақ елінің абырой-беделін көрсетумен қатар, келешегінің кемел екенін дәйектеді. Енді, міне, алда атқарар бағдарлар белгілеп, соған жұмыс істеп жатырмыз. Мұның бастысы, тіпті ғасыр жобасы деуге тұрарлық Елбасының «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» деген Ұлт жоспары еді. Мемлекет басшысы Президент лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде асуы мол, бірақ атқарылуы керек мақсат-міндеттерді алға тартқан еді. Бұл міндеттер «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2030» Стратегиясынан, «Нұрлы Жол» бағдарламасынан бастау алды. Елбасы 5 реформа бойынша 100 нақты қадаммен жаһандық, ішкі-сыртқы қатерлерге төтеп беріп, 30 дамыған елдің қатарына қосылуды алға тартты. Оның біріншісі, 10-15 жылда атқарылатын ұлт­тық міндет еді. Бұл туралы Нұрсұл­тан Әбішұлы: «Мен реформа жос­парын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақ­станның әрбір азаматының тіке­лей қатысуын талап етеді. Рефор­малар – тек мемлекеттік машина­ның ғана емес, халықтың ісі. Ре­формалардың мәні – ұлтты жаң­ғыртуда. Ұлттың сапасы, ха­лық рухының күші, уақыт сын-қатер­лерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», деген болатын. Көп кешікпей сол жұмысқа ұйытқы болатын Ұлттық комиссия құрылды. «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты жоспар жарияланды. Енді сол нақты қадамдарға көз жүгіртер болсақ, оның біріншісі: «Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс», деп келеді. Шынында, мемлекеттік қызметке төменнен қабылдау өте тиімді деп білемін. Себебі, көктен түскендей болмай, өмірдің өткелінен өтіп, іс тетігін төменнен меңгеріп, алған білімді тәжірибе үстінде шыңдап шынығып барып, биіктеу өз нәтижесін береді. Яғни, табаныңмен тас басып көрсең, жер қадірін сезесің. Тау басына етегінен өрлеп, биігіне шыққанша қаншама жол жүресің. Ой-шұқырды, қыр белесті, көз алдыңнан өткізесің. Осының өзі үлкен сабақ. Мұндай қадам алдыңғы толқынның оңайлықпен діттеген жеріне жетпегенін де дәйектеп береді. Және бұл кейінгі толқынның сабақ алуына да қажет. Осы арқылы ұрпақтар арасындағы дәстүр жалғасып, үлкендер кейін­гіге мейіріммен қарап, кейінгілер алдыңғы толқынға ізет көрсету үрдісі қалыптасады. Иә, бұл бірінші қадам туралы байламымыз десек, бесінші қадам: «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру» деп келеді. Бұл да ақылға қонады. Бірден мол қазынаға кезіксең, ол қазынаның қасиетін ұғына алмайсың. Тегін келгендей болып, оңды-солды шашуға бейім тұрасың. Керсінше, табанақы, маңдайтеріңнің өтеуімен қолыңа тиген қаржының қайырымы мол. Оның құны алтыннан да артық болары хақ. Ондай еңбектің өтеуін үнемдеуге қашан да бейім тұрасың. Орынсыз даңғойлыққа, бейберекет шашуға жол бере бермейсің. Бір сөзбен айтқанда, еңбектің мәнін түсініп, оның құны қалай ақталатынын білесің. Осы сөздерімді кейінгі жасқа қаратып айтып отырмын. Мен өмір бойы қарапайым адамдармен жұмыс істеп келемін. Ауыл жайын да, қала тірлігін де бір кісідей білемін десем, артық айтқаным болмас. 100 нақты қадамға көз жүгіртіп отырғанда ойға оралғаны, мемлекеттік қызметкер, ол – халық қызметшісі екенін ұғыну болды. Бұл бізден гөрі жастарға қажет екені сөзсіз. Білімі мықты адам, жұртпен жақсы жұмыс істей алады. Ұлық болудың арғы жағында, кішік болу жатқаны мәлім. Мұны жүзеге асыратын ақыл мен парасат, пайым деп ойлаймын. Егер халықпен тіл табыссаң сөзің жерде қалмайды, ісің ілгері басады. Орынсыз қылық жасасаң – онда қателесесің. Осыны мемлекеттік қызметте жүрген әрбір жас азамат ой-санасына түйіп, Ұлт жоспарының астарында жұртқа қалтқысыз еңбек ету жатқанын түсінсе деймін. Мемлекеттік қызметкер ең алдымен елдікті алға оздырса, жемқорлық жойылады. Бұл қатер көбіне көп өзімшілдікке ерік бергеннен болады. Ұлт жобасында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жайы да жан-жақты айтылған. Бұл арада әр мемлекеттік қызметшінің бірін­шіден, ұлттық рухы мықты, отан­шылдық сезімі жоғары тұруы керек. Екіншіден, білім деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл екі нәрсе алған дипломмен, оқыған оқу орнымен өлшенбейді. Әр азаматтың білім деңгейімен ғана танылады. Бұған қалай жетуге болады деген мәселе тоғызыншы қадамда: «Мемлекеттік қызметкерлерді тұрақ­ты түрде оқыту жүйесін заң­ды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру» жайын нақтылады. Заман өзгеріп, техника мен технология жаңарып жатады. Соған сай болу үшін әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің білімін жетілдіріп отыру қажеттігі туындайды. Білімді жетілдіргеннен кейін оны іс үстінде тиімді қолданса жақсы нәтиже беретінін алдыңғы толқын жақсы біледі. Жалпы, «100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының қай тарауын, қай тармағын алсаң да өркен жаяр елдің өрісті ісі, оған әр азаматтың қосар үлесі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл жерде, қай-қайсымыз да сөзбен емес, еңбегімізбен үлес қоссақ, өркениетті 30 елдің қата­рына қосылу жолындағы Елбасы міндеттеген өрелі жұмыс өрісін кеңейтіп қана қоймай, Отаны­мыздың абыройы асып, экономикасы өркендеп, халқының әл-ауқатының артатыны сөзсіз. Ертарғын АСТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты.