Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында экологиялық проблемаларға айрықша назар аударды. Ол: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамымызда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет» деп атап көрсетті.
Экологияның өзекті мәселе екендігіне қарамай кейбір әкімдер орманды алқаптарды сатып жіберген. Мысалы, Петропавл мен Бескөл аулының ортасындағы 5-6 шақырымға созылатын қараса көз тоймайтын жап-жасыл орман алқабы сатылып, алушылар оның ағашын отап, орнына құрылыстар жүргізіп жатыр. Бұл ұзақ уақытқа созылған дау тудырып, қазір қоғам белсенділері біраз жерді сот арқылы қайтартты. Бірақ әлі де оталуға дайындалған көп алқаптар адамның арашасын күтіп тұр. Бұл істе белсенділерді қолдап, Бескөл аулының халық сайлаған әкімі Қанат Дәрібаев алда жүрді. Сол себепті де ол халық арасында зор беделге ие болды. Бірақ өзінің айтуына қарағанда, қазір оның өз басын «аңдыған жаулары» дауға қалдырып, аяқталмаған таластар жүріп жатыр.
Осындай әрекеттер басқа өңірлерде де бар екендігі сөзсіз. Міне, сондықтан да экологияны қорғау бүгінгінің өзекті мәселесіне айналып отырғанын Президент дөп басып айтты. Экологияны қорғаудың бір саласы табиғатты ластайтын қалдықтардың сақталуын ұтымды ұйымдастыру. «Мұндайларға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс» деді Президент Жолдауында.
Петропавл қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтайтын полигонға «Қызылжар Тазалық» ЖШС иелік етеді. Ал жалпы облыс бойынша қалдықтар үйетін 450 орын бар. Соның 11-де ғана рұқсат беру құжаттамасы бар, қалғандары бей-берекетсіз үйіле береді. Осының өзі экологияға зиянын тигізуде.
Петропавл қаласының тұрмыстық қатты қалдықтарын көметін «Қызылжар Тазалық» ЖШС қарайтын полигон 1996 жылдан бері қолданылып келеді. Оның аумағы 28 гектардай. Жобалық қуаты бойынша ол 1,5 млн тонна қалдықты қабылдай алады. Бүгінгі таңда ол 94%-ға толған. Полигон жыл сайын орта есеппен 53-тен 62 мың тоннаға дейін қоқыс қабылдайды. Бұл күніне 150 тонна деген сөз.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қалдықтардың өздігінен жануы жиі болып тұрады. Бұл қоршаған ортаның ауасын ластайтындықтан оны өшіру шаралары жылдам қолға алынады. Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін су, ауа, топырақ және өсімдік жамылғысының сынамаларын ала отырып, қоршаған ортаға өндірістік мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ жыл сайын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес аумақты көгалдандыру жүргізіледі, санитарлық қорғау аймағында жасыл желектер отырғызылады.
Облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Асхат Мапеновтің айтуына қарағанда бұл полигон енді бір жыл ғана қоқыс қабылдай алады. «Қолданыстағы экологиялық рұқсатты және қалдықтарды көмудің қалдық көлемін ескере отырып, полигонды пайдалану мерзімінің аяқталуы 2025 жылға дейін көзделген, содан кейін бұл полигон рекультивациялауға жатады», дейді ол.
Қазір республикалық Қауіпсіздік кеңесі отырысының 2023 жылғы 15 мамырдағы хаттамасына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигондарын салу және жұмыс істеп тұрған қуаттарын кеңейту, сонымен қатар оларды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген. Осы жоспарда «Қызылжар Тазалық» ЖШС полигонын рекультивациялау бойынша біраз іс-шаралар көзделген, іске асыру мерзімі – 2026 жыл.
Сонымен қатар жыл сайын полигонда қалдықтардың арнайы өрттеу болатынын атап өткен жөн. Мәселен, 2024 жылдың өткен кезеңінде ТЖ департаментінің Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасының мәліметіне сәйкес қалдықтар 2 өрттелген. Мұндайдың пайдасы мен қатар зияны бірге жүреді. Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Қызылжар Тазалық» ЖШС кәсіпорны экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізілді.
Биылғы «Таза Қазақстан» шарасына қатысқан азаматтардың бойына қоршаған ортаны ластамау керектігі туралы түсінік қалыптасты. Жастар өз белсенділіктерімен қоршаған ортаны ластаушылармен қызу күрес жүргізуде. Көлікте отырып көшеге шылымның тұқылын тастайтын жүргізушілерді олар бейнекөрініске түсіріп алып, полицияға жолдайды. Жас балаларға дейін қоқыс лақтырғандарға ескерту жасау дәстүрі қалыптасып келеді. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мəдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс» деп атап өтті Президент халыққа арнаған Жолдауында. Сондықтан қоршаған ортада тазалық сақтау қазір міндетке айналып келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы