• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2024

Жер телімдері қайтарылды

170 рет
көрсетілді

Облыста ауыл шаруашылығы мақсатында алынғанымен, әлі күнге пайдаланылмай жатқан жер телімі аз емес. Жыл басынан бері осындай 22 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Ермекқалидың айтуынша, Жер кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес енді жер те­лі­мінің 50 пайызы пайдала­нылма­са, мемлекет меншігіне қайтарыла­ды. Биыл мұнайлы өңір­де игерілме­ген 90 мың гектар жер учаскесін ­мемлекет меншігіне қайтару жос­парланыпты.

«Қазір облыс аумағында пай­­далану мерзімі өткен жер те­лім­дері әлі бар. Сондай жер учас­ке­лері ғарыштық мониторинг ар­қы­лы анықталады. Осыған орай мо­ни­торингтік топ мүшелері иеле­ріне пайдалану мерзімі өтіп кет­кен жер телімдерін өз еркі­мен қайтару жөнінде түсіндіру жұ­мы­сын жүргізуді қолға алды. Со­ның нәтижесінде тұрғындар жер телімдерінің көп бөлігін өз еркімен қайтарды. Енді оларға қай­тадан конкурсқа қатысып, жер телімін иелену мүмкіндігі бе­рі­ле­ді», дейді Ә.Ермекқали. Оның де­регі­не сүйенсек, 2022–2023 жылдары ­400 мың гектардан астам жер телі­мі мемлекеттің иелі­гіне қай­тарыл­ған. Былтыр 275 жер телі­мі мем­лекет меншігіне өткізілген.

«Мемлекет меншігіне қайта­рылған жер телімдері үшін қай­та­дан конкурс өткізіледі. Биыл жеті айда 87 жер учаскесі конкурс арқылы қайтадан жер пайдала­нушыларға берілді», деп мәлімдеді Ә.Ермекқали.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі Жер ресурстарын бас­қару ко­митетінің төрағасы Мұрат Темір­жановтың мәліметіне жүгін­сек, Атырау облысында жер теліміне немқұрайды қарау дерегі кезде­се­ді. Сондай дерек жерді бүлдіру және жер учас­келерін нысаналы мақсатына сай пайдаланбауға байланысты анықталған.

«Атырау облыстық жер ресурс­тарын басқару департаментінің қызметкерлері топырақтың құ­нарлы қабатын заңсыз сыдырып алу және жою фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 337-бабының 1-бөлігімен «АссанаДорСтрой» ЖШС-ға нұсқама беріп, 1 млн 292 мың 200 теңге көлемінде айып­пұл салынды. Қазір департамент­тің нұсқамасы негізінде аталған жер учаскесі қалпына келтірілді», деп хабарлады М.Теміржанов.

Мақат ауданында кәсіпкерлікті дамыту үшін берілген жалпы кө­лемі 130 гектарды құрайтын 3 жер учаскесі нысаналы мақсатына сай игерілмеген. Осыған байланысты өңірлік департамент мамандары жер иелеріне 1 жыл мерзім ішінде нысаналы мақсатына сай игеру қажеттігі туралы нұсқама берген екен. Мақат ауданының соты департаменттің Жер кодексінің 94-бабына сәйкес жер учаскелерін мәжүрлеп алып қою туралы талап-арызын қанағаттандырды. Жер учаскелері мемлекет меншігіне өтті.

 

Атырау облысы