Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Драгомировка орыс тілінде білім беретін мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Аталған ауыл Тайынша қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың айтуына қарағанда, ауыл тарихы 1909 жылдан басталады. Бұл столыпиндік реакция жылдарында орыс, украин шаруаларын Қазақстанға шаруашылық колония жасау мақсатымен күшпен көшірілген жылдары пайда болған. Ауылдың қазақ тіліндегі топономикалық атауы бар, әзірге оны қалпына келтіруге мүмкіндік болмай тұр.
Конституция күні пайдалануға берілген жаңа ғимараттың ашылуында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданында бұдан басқа да бірнеше мектеп құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Бұл аудандағы апатты жағдайда тұрған білім ошағының бірі еді. Біз мұны мемлекеттік инфрақұрылымдық даму қоры бойынша бөлінген қаражаттың есебінен қысқа мерзімде салып шықтық. Өз басым, құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде сапалы етіп жүргізген мердігерге алғысымды айтамын. Құрылысты бұған дейін бірнеше келіп, бақылап кеттім. Жаңа ғимарат көңілімізден шығып отыр», деді ол.
Екіқабатты ғимараттың құрылысы биылғы мамыр айында басталып, тамыздың соңында аяқталды. Оны «Зерттеу СК» құрылыс компаниясы жүргізді. Құрылыс жобасына 1 млрд теңге қаражат бөлінген. Мектеп ғимараты 120 оқушыға арналған. Барлық кабинет талапқа сай жабдықталған.
«Қазір мұндай мектеп біз секілді елді мекендерде некен-саяқ. Біздің міндетіміз –Үкіметтің осындай қамқорлығына сай лайықты еңбек ету. Қазір мектепте 28 мұғалім бар. Бір өкініштісі, оқушы саны жылдан-жылға азайып барады. Биыл 8 бала ғана мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр», дейді аталған білім мекемесінің директоры Мұрат Күленов.
Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан өңірінде 3 жаңа мектеп ғимараты ашылып, онда 1 500 оқушы білім алады. Сонымен бірге екі балабақша пайдалануға беріледі.
Солтүстік Қазақстан облысы