• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 05 Қыркүйек, 2024

Жемазық даярлау ісі кідіріп тұр

64 рет
көрсетілді

Үзілмей тұрған қара жауын диқан қауымының адымын аштырмай қойды. Қазір егістік жері сәл құрғаған шаруашылықтар ораққа бірден кірісу үшін комбайндарын танап түбіне төндіріп қойыпты.

Тамыз айында жауын үзілген жоқ. Дәннің сабақта кебуі осы ара­лықта орташа есеппен тәулігіне 12–16%-ды құрайды делін­ген еді. Ал желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін немесе одан да көп болса жауын­шашын егіс алқаптарында егін­­нің құлауына әкелуі мүм­кін де­лінген. Әйтеуір, жоғары­да айтқанымыздай, ондай қатер­ бола қойған жоқ.

Жемазық дайындау ісі де құлашты кең жаза алмай отыр. Он метрлік жаткалармен орылып қалған қалың шөп танаптары көп жерлерде кебе алмай, судан қарайып кеткен. Сәл ғана мүмкіндік болса, шаруалар олар­ды жинап алуға асығады.

Облыстық Ауыл шаруа­шы­­лығы және жер қатынаста­ры басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, қорадағы малды күту үшін облысқа 940 мың тонна шөп, 234,6 мың тонна пішенде­ме, 278,1 мың тонна сүрлем, 818 мың тонна жем, 1 мың тоннадай сабан керек.

2024–2025 жылғы қыс маусымында қорада тұрып күті­ле­тін қара мал саны – жоба­мен 312 мың, қой-ешкі – 401 мың, жылқы – 150 мың тұяқ. Со­ның ішінде үй шаруашылығын­­да­­ғы аулалардың ірі мүйіз­ді ­қара саны – 125 мың, қой-ешкі­ – ­299 мың, жылқы – 80 мың тұяқ. Мейрам Меңдібаевтың сө­зін­ше, биыл Ауыл шаруашы­­лы­ғы министрлігі шөптің қа­лың шыққанын ескеріп, бір жарым жылдық қор дайындауды мін­деттеген. Бұл – 1 млн 400 мың­ тонна шөп. Ауа райы мүмкіндік берсе, осынша шөп көлемін дайындауға болады. Биылғы ылғалдың молдығынан шөптің өсуі ырғын болды, тек соның қарайып, шіріп кетпей, албарға аман үйілуін айт.

«Биыл шөптің қалың өс­кені сондай, 1 гектардан 12–15 центнерге дейін шөп шабылды. Бұрнағы жылдары мұн­дай көрсеткіш 5–7 центнер­ден аспайтын. Қазірдің өзін­де жиналған шөп көлемі бел­гі­ленген норманы орындап тас­тады. Үй қожалықтарында да шөп жеткілікті мөлшерде жи­налды. Барлық 47 мың үй қо­жа­лығының бәрінде бір қысқа жететін шөп үйілді», дейді М.Меңдібаев.

Айта кетер жайт, қазір 1 тонна шөптің бағасы – 12–14 мың теңге. Ал былтыр осы уақытта шөп бағасы 25 мың теңгеге жеткен еді. Жемазық, соның ішінде шөп бағасы төмен болса, ет пен сүттің бағасы да тұрақты болар деген үміт бар. Сондық­тан шаруалардың биылғы арзан шөпті молырақ қамтып қал­ғаны жақсы.

Қазір кей аудандардың (мысалы, Есіл, Шал ақын) ша­руашылықтары сүрлем да­йын­дауға да кіріскен. Күннің ашық­­тығын пайдаланып, бұл іске басқа аудандар да кіріскені бел­гілі болып тұр. Ал үлкен орақ қызу жүріп кетсе, сабан пішендеме мен сабанның да мол болары сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы