• RUB:
    5.41
  • USD:
    483.57
  • EUR:
    534.49
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:46

«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды

67 рет
көрсетілді

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды. Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 150 ел азаматы «Болашақ» бағдарламасымен оқу, тағлымдамадан өту мүмкіндігін жеңіп алды, деп жазады Egemen.kz.

Стипендиялардың үштен екісінен астамы жаратылыстану-техникалық пәндер бойынша бөлінді. Жеңілдікке ие  санаттар бойынша 22 адам шетелде білім алады. 

Жалпы 20 адам – магистратура, 6 адам - докторантура бағдарламалары бойынша білім көкжиегін кеңейтсе, 24 отандасымыз әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Үміткерлер Harvard University, Imperial College London, University of Pennsylvania, University of Melbourne, Columbia University, Johns Hopkins University, University of Bristol сияқты әлем бойынша алдыңғы қатарлы университеттерге түсті. Олар ақпараттық технологиялар мен жүйелер, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік, көлік технологиялар және логистика, қоғамдық денсаулық сақтау, неонатология және хирургия, үлкен деректерді талдау, құрылыс, геология және тау-кен ісі, металлургия, қаржы технологиясы, урбанистика және математика саласы бойынша білім-білігін жетілдіреді. 

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әлия Оспанова орталық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін үміткерлерді конкурстық іріктеуге ерекше назар аударатынын айтты. 

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ғылыми тағылымдамалар бойынша сапалы іріктеуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Конкурстық іріктеу процесі қайта қаралды, үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Халықаралық бағдарламалар орталығы ғалымдарды қолдауға арналған бөлек басқарманы құрды, ол жеңілдік санаттары бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан байланыс орнатуға және тегін шақыртулар алуға көмектеседі. Бұл шаралар ғылым мен зерттеулерді қолдау жөніндегі стратегиялық жоба аясында ғалымдарды  қолдауға мүмкіндік береді», деді ол .

Сондай-ақ, 33 отандасымыз әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында, атап айтқанда  University of Oxford, King’s College London, University of California, Davis, University of Illinois at Urbana-Champaign, University of Minnesota, Twin Cities, CNRS, University of Sussex, Technische Universitat Dresden сынды жетекші университеттер мен ұйымдарда экономика үшін аса маңызды бағыттар бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге грант жеңіп алды. 

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімін мына жерден көруге болады. Ал шетелде ғылыми тағлымдамадан өтуге мүмкіндік алғандардың аты-жөні мұнда жарияланған.