Таразда психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен емделуші автобус жүргізушісін пышақтап тастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жолаушы жол ақысын сұраған қоғамдық көлік жүргізушісінің иық тұсына пышақ сұғып, ізін суытқан. Ал жарақат алған азаматқа шұғыл ота жасалды.
Қолында суық қаруы бар 33 жастағы күдіктіні полицейлер 7 күннен бері жер-көктен іздеп, әлі таппай жатыр. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған. Бірақ ондағы мамандар емделушінің жеке бас дерегін жариялай алмайтындарын жеткізді.
Бір анығы, іздеудегі азаматтың жасырынған мекенжайын айтқан адамға ішкі істер органдары қызметкерлерінің қаржылай сүйіншісі бар. Сондай-ақ ол табылғанша тұрғындарды барынша сақ болуға шақырып отыр.
- Қазір күдіктінің Байзақ ауданының 33 жастағы тұрғыны екені анықталды. Оны іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр, – деді Жамбыл облысының ПД ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.