Отанға адал қызмет етудің тамаша үлгісі болып келе жатқан Сенат депутаты, Халық Қаһарманы, армия генералы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Алтынбаев ғұмыры жайлы сыр.
Аспан заңғарының биіктігі мен жер асты тереңдігінде де адам тағдыры бар! Жалпы, әр адам – бір-бір әлем! Сол адам әлемнің бірі өз арамызда жүрген Мұхтар аға Алтынбаевтың тұла бойынан да, ішкі жан-дүниесінен де әлдебір биіктік пен әлдебір тереңдікті аңдап едім. Аңдап едім де, осы бір адамның сыртынан ұзақ қарап тұратын болдым. Не көп қазір, осы күні атағы мен лауазымына малданып, қазақша айтқанда, «күпі киіп күпсініп» жүргендер көп. Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-майор, Парламент Сенатының депутаты сияқты атағы мен абыройы қыр асып кеткен Мұхтар аға да сол атағы мен абыройының асқақтығымен биік пе екен, ақыл-парасатының тереңдігінде әлдебір жасандылық жоқ па екен деген алаң оймен аңдағаным да ақиқат. Аңдадым да таң қалдым! Қуандым! Шені бола тұра шіренбейтін, абыройы бола тұра аспайтын, атағы бола тұра асқақтамайтын, лауазымы бола тұра лепірмейтін адами асыл бір қасиеттерден құралған Мұхтар ағаның бар жан дүниесі шынайы биіктік пен шынайы тереңдіктен тұрары анық. Сол шынайы биіктік пен сол шынайы тереңдіктің тұтас бір қалыбында Адам бар. Ол – Мұхтар Алтынбаев! Және де сол адамның кісілік келбетінде үлкен бір кемелділік жатар болса, оның жаратылысында әлдебір тектілік бар дей беріңіз.
Әуелден сол тектіліктің қасиетті тамыры тереңінен тартқан қасиетті Ұлытау деп ежелден ұлықталып келе жатқан ұлы даланың төскейіне малын жайып, тіршілігін жарастырған Алтынбаевтар әулетінің тарихы да, сыры да әріден тартады. Бір әулеттің шежіре сырының бәрін бірдей тізбелемей-ақ қояйық та, ең әуелі Мұхтар ағаның әкесі Қапаш Алтынбаевтың өзі де өз кезеңінің айтулы адамы болғандығын айтқан ләзім. Кешегі кеңестік дәуірдің 30-шы жылдары ашаршылықтан жан сақтап қалу үшін қаймана қазақ қайда бармады, қайда жосымады?! Бұл әулет те Ұлытаудың баурайынан көтеріле көшіп, жан сақтау үшін көмірлі Қарағандыға келіп қоныстанған-ды. Бұл тұста ен далаға малын жайып еркін өскен қыр қазағының қала десе аза бойы қаза тұрып, қаладан қашатын және де жер асты жұмысына түсуге де үрке қарайтын кезі еді. Алайда, Қапаш Алтынбаев көмір қазушы шахтер болудан тартынған жоқ. Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасу кезеңінде өзі құралыптас жігіттермен бірге Қапаш та Украинадағы сол кездегі Сталинск, қазіргі Донецк қаласына оқуға жіберілді. Әуелде Қарағандыдан шыққан бір қауым жігіттің біразы жол бойы «оқуы құрысын» деп түсіп қалып отырса да, бұлардың жетеуі сол Донецкіге жеткен-ді. Ақыры Қапаш Қарағандыға кәсіби шахтер болып оралды да, бар саналы ғұмырын жер астында өткізді. Әуелде жер астына жарық түсіруші болса, онан кейін қазылған көмірді сыртқа сүйреп шығарушы, одан кейін учаске бастығы сияқты жолдармен басталған Қапаш Алтынбаев «Кировуголь» №12 шахтаның бастығы аралығындағы бейнеті мол абыройлы жолдан өтті. Бұл бір адамның өмір жолы еді.
Мұхтар ағаның қолында жарықтық сол әкесінің өз қолымен жазып кеткен өмірбаяндық деректері мен өзге де құжаттармен бірге «Кировуголь» тресінің бастығы Воронковтың шахта бастығы Қапаш Алтынбаевқа берген мінездемесі де бар. Сол мінездемеде айтылғанындай, 1931 жылдан басталған шахтер жолының бар сүрлеуімен жүріп өткен әкенің адалдығы да айтылады. Кешегі Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған тұсында, яғни 1942 жылы Ленин орденімен марапатталған Қапаш Алтынбаев еңбегінің қаншалықты бағалы болғандығын аңдатар еді.
Міне, бар саналы ғұмырын саналы еңбекпен өткізген Қапаш Алтынбаевтың ұлы Мұхтар да өзінің өмір жолын шахтадан бастаған болатын. Шахта директорының алпамсадай ұлының жер астына түскендігіне таңданғандар да болып еді. Қапаштың сол кездегі абыройымен өз баласын кез келген жоғары оқу орнына түсіріп жіберіп, орналастыруға құдіреті жеткен де шығар. Мектепті де тәуір бітірген Мұхтардың өзі де жоғары оқу орнына оқуға баруға құлшына қоймады. Балалық дәурені Қарағандының көшесінде еркін өткен Мұхтардың ойы мен бойы да, мінезі де еркін қалыптасты. Сол бір еркін ойлы жігерімен «проходчик» болып шахтаға түсті, тұла бойында күші тасыған жас жігіт жер асты тереңдігіне бойлап жүре берді.
Әуелдегі шахтер Мұхтардың енді келіп «ұшқыш боламын» деген қанаттанып біте бастаған арманды ойы оны Қарағандының ұшқыштар дайындайтын авиациялық оқу орталығына жетелеп алып келгені де тағдыршешті сәт еді. Жасы келмеді. Он алты жастағылар қабылданбайды екен. «Ұшқыш боламын» деген іштегі бір жалынды арманымен келесі жылы барлық емтихандарды кілең беске тапсырған талапты жас 1963 жылы сол өз арманының бір биігіне сәтті бір қадам жасап, ұшқыштықтың ерлікке толы тағдырлы табалдырығын аттаған да болатын.
Ерлікке толы ғұмырдың алғашқы бір сәті аспан заңғарына әуелі «МиГ-17» ұшағын көтерумен қанаттанғаны бар. 1966 жылы Кеңес әскерінің запастағы сержанттар тобының қызметіне алынған Мұхтар Алтынбаев Кинель-Черкасск авиациялық оқу орталығында он бір ай болды да, кіші лейтенант атағымен Қарағандыға қайтып оралып, қайрадан өз шахтасына түсті. Биіктікті бағындырып келген қайратты да жігерлі Мұхтар Қапашұлының жер астында жүрсе де аспан төсінде заулаған сәттері ойынан кетер болмады. Адам таситын дейтін азаматтық авиация ұшқышы болғысы келгені де бар. Алайда, әскери ұшқышты ол кезде бұл салаға көп жібере де бермейтін. Әскери ұшқыш қат. Дүниенің алтыдан бір бөлігін алып жатқан сол кездегі Кеңестер Одағы сияқты алып мемлекеттің әуе шекарасын қорғау бәрінен де жоғары тұратын, қасиетті іс саналатын. 1969 жылы өз еркімен әскер қатарына барған Мұхтар Қапашұлы жойғыш ұшақтармен дербес өзі ұшу мақсатына қол жеткізсе, одан кейін Армавир жоғары әскери авиация әуе шабуылына қарсы қорғаныс училищесін жеделдете оқып шықты да, айналасы бір сегіз жылдың аралығында жауынгерлік үлкен жолдан өтті. Әуелгі әскери ұшқыш Мұхтар Алтынбаев кейін Пермь қаласындағы истребительді авиация полкының командирі болу аралығында биікке самғар қанат байланған жолды өткерді.
Бұл жай жол емес еді. Бұл Мұхтар ағаның ендігі бар тағдыры сол аспан биіктігінде екендігін айқындаған өмір биіктігіне самғаудың сан тарапты жолы болатын. Мұны өзі де ұғынды. Өзге бір мамандық ендігі арада бұған серік бола алмасын да түйсігімен анық түйсінді. 1985 жылы Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков атындағы Әскери академияның да оқуын үздік бітіріп, Мұхтар аға өз өмірінің тағдырлы жолын одан әрі биіктете түсуге бар ниетімен, бар талабымен кіріскен-ді. Мұхтар Алтынбаевтың қаншалықты биікке көтерілгендігін оның өз өмірі айтады. Жалғаны жоқ жайымен, қоспасы жоқ қайырмасымен айтар болсақ, бір кездері Түркістан әскери округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусы командирінің орынбасары, сонан соң дивизия командирі, Кеңестер Одағының әскери авиация корпусының командирі сияқты жауынгерлік тағдырлы жол Мұхтар Алтынбаевтан өзге қазақ баласына бұйыра қоймағандығы да ақиқат жай.
Бұл, бәлкім, тағдыр да болар. Алайда, сол кездегі Кеңес Одағында өзге дүние жетіспей жатса да, қару-жарақ пен әскери кадр жетіп-артылатын-ды. Соған қарамастан, қазақтың бір баласына алып державаның әскери авиациясының бір корпусын басқарту дегеніңіз, ол енді Мұхтар Алтынбаевтың ең әуелі жеке басының адами да кісілік асыл қасиетінде жатқан болатын. Алып ел оның асыл қасиеттерін тани да білді, бағалай да білді. Мұхтар ағаның сол асыл қасиеттерінің бірі – отаншылдығы еді! Бұған жан мен ой, ниет адалдығын қосыңыз. Және де мұнан кейін өз ісіне жан-тәнімен берілген асқан жанқиярлығы мен өзіне сеніп тапсырылған іске деген жауапкершілігін қоса айтыңыз.
Әйтсе де авиацияға неге құмар болды? Шахта директорының баласы кез келген қызмет алып, Қарағандысында шалқып жүрмес пе еді?! Кеңес Одағының біресе ана жеріндегі, біресе мына жеріндегі әскери бөлімдерге көшіп-қонып, талай бір әскери қоныстарды шарласа да шалдықпағандығын да, құс тұмсықты небір жойғыш ұшақтарды аспанға көтеріп алып шығуға деген құмарлығының күні бүгінге дейін бір басылмағандығын да қайтерсіз?! Бұл не қылған құмарлық?! Жауабы сол, бұл ерлікке деген құмарлық пен құштарлық! Бір ақиқат бар! Мұхтар аға әлі де сол ерлік жасауға деген құштар көңілмен өмір сүріп келеді! Алайда, Алтынбаевтың ерлік жасауға деген ендігі құштарлығы елге, өзінің тәуелсіз Қазақстанына адал қызмет ету құштарлығымен бірге өріліп жатыр.
– Кеңес Одағын да, оның Қарулы Күштерін де түсініп болмайтын бей-берекетшілік жайлай бастаған тұста Түркіменстанда қызметте едім, – деп басталған Мұхтар аға Алтынбаевтың бұл әңгімесінің өзегінде көп сыр жатқандығын аңғардым.
Тарихтың шыр айналып тұрған тасына ел тағдыры түсті. Кеңес Одағының құрамында болған он бес республиканың абдырап та аңтарылып қалған өліара тұсы еді бұл. Прибалтика мемлекеттері бәрінен де іргелерін бірден аулақ салып шыға келсе, Грузия мен Әзербайжанда бейбіт шеруге шыққандардың қаны төгілді. Таулы Қарабақ жанжалы басталды. Міне, 1991 жылдың осы бір аласапыранды кезеңінде Кеңес Одағының және оның Қарулы Күштерінің тағдырына алаңдаушылық білдірген Кеңес Армиясының 500-дей генералы Мәскеу қаласындағы Кремльдің съездер сарайына жиналып, бар жайды ашық талқыламақшы болды. Қабақтары қатулы да сұсты сол генералдардың алдына Ресей Компартиясының бірінші хатшысы Борис Ельцин мен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев және Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің Қорғаныс министрі, маршал Евгений Шапошников келісімен әуелден мәймөңкелеуді білмейтін және тура сөйлеп, тура жауап алуға дағдыланған әскерилер бірден Кеңес Одағы мен оның Қарулы Күштерінің алдағы тағдыры не болады, бірден соны сұрасын. Жанға батар ауыр сөздер де айтылады. Ашынғандары да, қандары қызып отырғандары да болатын. Өз генералдарының бұл өктемдігін көргісі де, естігісі де келмеген маршал Шапошников ешкімге жауап қатқысы келмей, қолын бір сілтеп, орнынан ұшып тұрды да, жиынды тастап кетіп қалмақшы болып, кірген есігіне қарай беттеді. Сол сәтте Назарбаев орнынан шапшаң көтеріліп, шығар есікке таяп қалған ашулы да дәрменсіз маршалды білегінен ұстап алады да, әкеліп орнына отырғызады. Сөйтіп, өзі мінбеге шығады.
– Жолдас, генералдар! Сіздер мен біздер тарихтың аса қатаң да жауапты сынына тап болып тұрмыз! Біздің қазақта «ашу дұшпан, ақыл дос» деген бір тамаша сөз бар. Бәрін де ақылмен шешейік. Біздің даңқты Қарулы Күштеріміз бен олардың құрамына, қандай жағдай болса да, біз бейжай қарай алмаймыз. Әскер кез келген елге ежелден керек болған, әлі де керек! Демек, сіздер де бізге керексіздер, – деп Нұрсұлтан Назарбаев қиюы қашып бара жатқан елдің жайының жай-жапсарының тігісін жатқызып сөйлеген сәтінде барлық генералдар орындарымыздан тұрып, Назарбаев үшін қол соққан едік!
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ғұмырнамасының бізге беймәлімдеу болып келген осы бір жарқын беттерінің бір сырын Мұхтар аға Алтынбаев қанаттанып айтты, жаны жадырап айтты. Қанаттанғаны да, жадырағаны да көңіл түпкіріндегі қуанышы еді. Назарбаевтай қазақтың бір баласы арыстандай айбатты өңшең генералдардың алдына қаймықпай шықса және жай шығып қана қоймай, ақылды басу сөзін айтса, оған сол ығай мен сығай генералдарың орындарынан тұрып қол соғып жатса, көңілің неге өспесін, неге марқаймасын, неге қанаттанбасын?!
– Бұл Нұрсұлтан Назарбаевты тұңғыш көруім еді. Қатты сүйсіндім! Назарбаевтай ерге деген сол жолғы алғашқы сүйсінісім өз еліме деген сүйіспеншілігім мен сағынышымды оятты да, туған елге оралғым келді. Сарыарқаның сайын даласын сағындым. Самалын да, боранын да сағындым. Қазақтың кең даласының мөлдіреп тұрар көгілдір аспанын сағындым!
Мұхтар аға осы бір көңіл әуенімен тербелді. Сол көңіліндегі туған еліне деген ыстық шоғын үрлеп жіберген сол сәттен бастап Алтынбаев әскери борышын өтеп жүрген Түркіменстанға оралғанымен де Алатау жаққа алаңдаумен күн кешті. Мұнда да абыройсыз емес. Түркістан әскери округінің корпус командирі, Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Жастайынан қосылған жан жары Гүлбану Рақымбайқызы екеуінің әр жерге көшіп-қонғандары да аз болған жоқ еді, енді, міне, жылы да жайлы орны бар, қозғалмай отырсайшы деген пендешілік бір ойларға беріліп кететін сәттері де кездесетін. Ендігі бір ойы ұлдары Мүсілім қазақ топырағында өсіп-өнсе екен дейді.
Осы бір әрі-сәрі ойларымен алаң көңіл болып жүрген күндердің бірінде Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Cапармұрат Ниязов алқалы бір жиын үстінде: «Маған Қазақстанның біріншісі Назарбаев телефон соғып, Алтынбаевты қайтаруымды сұрады. Мен болмайды дедім! Алтынбаев, бізге де керексің», – деп салғаны бар.
Көңіл құсының құйқылжыған сол сәтінде-ақ ала бұлтты аспанмен самғап отырып туған еліне тартып кеткісі келгенін қайтерсіз?! Өз еліңе керек екеніңді сезінуден және де өзіңді сол өз еліңнің басшысы көзінен ғайып қылмай, іздеп жатқандығын естудің бақытын дәл Алтынбаевтай сезіне білу үшін де еліңнен алыста, тіпті, жырақта жүруің керек пе екен, жоқ әлде өз туған топырағыңның да, жусан иісі аңқыған сар даланың саумал самалының қадірі мен қасиетін де көкірегіңе Алтынбаевтай мәңгілік түйіп алуың да керек пе екен?!
Алыста жатқан өзекті өз елі – Қазақстанның да өз тәуелсіздігін жариялаған және де ел тізгінін Президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолына алған осы бір тарихи сәттердің сындарлы кезеңінде өз елінің мүддесі үшін қызмет етуге деген көңіл құштарлығы әбден мазасын алғаны бар-ды. Сол бір ел деп соққан адал көңілі өз еліне асықтырып жүрді. Сондай бір сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Қарулы Күштерінің министрі болып тұрған Евгений Шапошниковпен хабарласып, Алтынбаевты Қазақстанға қайтаруын сұрайды. Бұл да Елбасының елді ел қылсам, ел азаматтарының басын қоссам деген терең ойлы жанының бір жарқын көрінісі еді. Өзі де әскери ұшқыш Шапошников абыройлы Назарбаевтың өтінішін аяқасты қылмады, тілегін құп алды. Елбасы өзі болып Алтынбаевты елге қайтару жөніндегі әңгімені министрмен келісіп алғаннан кейін, Мұхтар Алтынбаев Түркіменстан басшысы Ниязовтың алдына келді. «Неге кетесің?» – деді Ниязов. «Есің барда, елің тап», деген біздің қазақта бір сөз бар», – деді Алтынбаев. Обалы нешік, Ниязов өз алғысын білдіріп, жылы тілегі мен сөзін айтып, қарауындағыларға «жақсылап шығарып салыңдар» деген нұсқауын да беріп, Алтынбаевты барынша құрметтеп, жол-жоралғысымен туған жеріне аттандырып салады.
1992 жылдың 1 сәуірінен бастап генерал-майор Мұхтар Алтынбаев тәуелсіз Қазақстанның Алматы маңындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирі, соған қоса, Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары міндетін атқаруға кірісті де, қырандай қанаттанып, сұңқардай түлеп сала берді. Алайда, әлі де болса Қазақстанның Қарулы Күштері бұрынғы дағдымен Мәскеуге жалтақтайтын-ды.
– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің штабы Ташкент қаласында орналасқандықтан да апта сайын Ташкенттегі штабқа есеп беріп тұратын едік. Бұл бұрыннан келе жатқан бұлжымас тәртіп болатын. Әуелде есеп беріп тұрдым. Бірде еліміз өз тәуелсіздігін алса да Қазақстанның өз Қарулы Күштері неге тәуелсіз емес деген ой келді де, кезекті бір сәтінде Ташкенттегі штабқа байланысқа шықпадым да, есеп те бермей қойдым, – деп Мұхтар аға тағы бір беймәлім жайды айтып берген еді.
Қазақстандағы Мұхтар Алтынбаев басқаратын аса маңызды әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусы Ташкенттегі штабқа бағынудан бас тартып жатыр деген дабыл лезде Мәскеуге де жеткен еді.
– Сіз штабқа не cебепті есеп бермейтін болдыңыз? – дейтіндей Алтынбаевқа жоғарыдан тергеуге тең келер алғашқы қойылған сауал да осы болды. «Кешіріңіз, біз қазір тәуелсіз елміз! Басқа мемлекеттің штабына мен неге есеп беруім керек?» – деген корпус командирі Алтынбаевтың мына жауабы талайлардың зығырданын қайнатып, өздеріне бағынудан кетіп бара жатқан генералдың ісін тексеру үшін арнайы топтың да жетіп келгені бар еді.
– Кешіріңіздер, менің өз елім, өз мемлекетім, өз Президентім бар! Сіздердің құзырларыңыз енді бізге жүре қоймас. Елге келген екенсіздер, менің халқымның салты бойынша қонақасы жеп кетіңіздер, – деп тексерушілерді дастарқан басынан көңілдерін жайландырып та, орнықтырып та, ойландырып та келген жақтарына шығарып салған сәттің өзі Мұхтар аға Алтынбаевтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігін орнықтырудың аса бір күрделі де қиын кезеңінде, екі қолды бір ете алмай жатқан шағында ел шетіне тиіскелі келген жаудың бетін бір қайтарған ерлікпен пара-пар еді-ау деген ой келді.
– Бұл тұста Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жоқ па еді? – дейміз ағаның әңгімесін одан әрі сабақтай түсуін қалап.
– Әлі жоқ болатын. Қорғаныс комитеті ғана бар еді. Қайда ол кезде?! Әлі тәуелсіздігіміздің тағдыры не боларын, тәуелсіздігімізді ұстап қала аламыз ба, соны да біле алмай тұрған өте бір ауыр кез еді ғой ол.
– Бір күні Назарбаев біраз әскери генералды Алматыдағы бұрынғы ЦК-ның үйіне шақыртты. Көңілінде әлдебір қобалжуы мен жүзіндегі шаршаңқыраған реңімен қуана отырып Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін құру жөніндегі Жарлыққа қол қоямын», – дегенді ерекше бір толғаныспен айтқандай болды. Бәріміз орындарымыздан тұрып, қол соқтық, бәріміз де толқыдық! Бұл 1992 жылдың 7 мамыры болатын!
Тәуелсіз Қазақстанның өз Қарулы Күштерінің құрылуының осы бір тарихи сәтінің куәгері болған Мұхтар ағаның көңіліндегі баяғы сол қуанышы тағы да қанаттандырып жібергендей еді. Сол арада еліміздің Тұңғыш Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін басқарушы жоғары құрамын бекітіп, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетовті Қорғаныс министрі етіп тағайындады. Әскерилердің алдына тың міндеттер қойылды.
Сол 1992 жылдың 7 мамырынан, яғни Қазақстан Қарулы Күштері құрылған тарихи cәттен бастап Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды да, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен тәуелсіз еліміздің әскери әуе қорғанысы мен әскери авиацияның қалыптасуы мен нығаюына өлшеусіз үлесін қоса білді. Бұл ешбір күмән да келтірмейтін, талас та тудырмайтын ақиқат! Және де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Мұхтар Алтынбаевқа Қорғаныс министрі болып тұрған кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы жетістіктеріне қоса, жауынгерлік айбыны мен жеке ерлігі үшін Халық Қаһарманы атағының берілуі Елбасының ерлікті де, ерді де қастер тұтар асыл адами қасиеттерінің бірі деп бағаладық.
Елбасының Жарлығында атап көрсетілгеніндей Мұхтар Алтынбаев өзінің «жеке ерлігі» Отан мүддесіне қатысты кейбір өзекті де күрделі мәселені шешуде басты әрекет атқарғанын да айтқан ләзім. 1994-1996 жылдары Қазақстанның әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы бола жүріп Мұхтар Алтынбаев өз бойына біткен қайсарлығы мен табандылығының арқасында талай бір өткір мәселені шешуде батыл қимылдауына тура келген сәттер де аз кездескен жоқ еді. Бойына біткен өжеттілігінің де пайдасы тиді. Кешегі Кеңес Одағының әскери дүние-мүлкі мен қару-жарағын бөлуге келгенде өздерін бар дүниенің басты мұрагері санаған Ресей әскерилері сараңдық таныта бастаған шақта Қазақстанның әуе-күштерін қалыптастыруға қажетті алғашқы әскери ұшақтардың біразын Мұхтар аға Ресей жеріндегі әскери бөлімдерден дауласа жүріп, алғашқыларын өзі әуеге көтеріп, алып келуіне де тура келді. Ресейдің сол кездегі Қорғаныс министрі Павел Грачев пен әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы, армия генералы Петр Дейнекинді Липецкіде тұрған авиация полкынан 26 әскери ұшақ алуға көндіргені бар. «Өздерің ұшырып алып кете алсаңдар, әкетіңдер» деген ресейліктердің талабына да көнуге тура келді. Әскери ұшақтармен өзге бір мемлекеттің әуе кеңістігін бұзып өтудің өз қиындықтарымен бірге, елеулі бір қаупі де бар болатын. Мұхтар аға оны да білді.
Сондай күндердің бірінде Волгоградтың маңындағы Ахтюбинск деген жерде арнайы ұшып-қону алаңы бар әскери ұшқыштар дайындайтын оқу орнын басқаратын Юрий Петрович Клишин деген ұшқыш досы есіне түсіп, «Юра, саған қонаққа келейін деп едім, қабылдайсың ба?» деп хабарласып еді, ол қуанып кетті.
Мұхтар аға Ресейдің орталық бөлігіндегі Липецкідегі әскери алаңнан «СУ-27» жойғыш ұшағымен ұшып шығып, жауынгер досы Юрий Клишиннің көмегімен жауынгерлік ұшақты әуелі Қазақстанның іргесіне бір жақындатып алды да, келесі күні тағы да аспанға көтеріліп, елге жетті. Ресей жағы бұл жайды үлкен бір дауға айналдырып жібере жаздады. Қазақстанның әскери-әуе күштерін жасақтауды осылайша өз қолына алған Мұхтар Алтынбаев енді өз еліміздің әскери ұшқыштарын дайындауға да үлкен мән бере бастады. Краснодардағы ұшқыштар дайындайтын оқу орнына бірден он алты қазақ жігітін жіберіп алды. Қазір тәуелсіз Қазақстанның көгілдір аспанында небір әскери ұшақтармен самғап жүргендердің дені осы Мұхтар ағаның қырандары екендігін де айтқан ләзім.
Кемеліне келер келешектің керуенін алға сүйреген нар тұлғалы Мұхтар Алтынбаев 1996 жылы Қазақстанның сол кездегі Қорғаныс Министрі Әлібек Қасымов бастаған делегация құрамында АҚШ-қа барған сапары кезінде де алыстағы Американың аспан кеңістігінен де бір самғап өтіп еді-ау! Қазақстандық әскерилер Аризона штатының резервте тұрған эскрадилиясында, одан соң әскери әуе күштерінің Академиясында болған кездерінде де Мұхтар ағаның әскери истребительдерге деген құштар көңілі тағы да бір мазасыз күйге түскенін де қайтерсіз?! Әсіресе, америкалық «F-16» ұшақтарын көргенде осылармен бір самғап көрсем деген құмарлығының оянғанын да қайтерсіз?! Сол құмарлығы шыдатпай, сәтін салған бір сәтте: «Сіздердің мына ұшақтарыңызбен бір ұшып көруге болар ма екен?» демесі бар ма? Америкалық әскерилер бір сәт не айтарларын білмей аңтарылып тұрып қалды. Ақыры олар өз шешімдерін бір тәуліктен кейін айтты да, ресми түрде арнайы рұқсат алып барып қана қазақ ұшқышына өздерінің жауынгерлік ұшақтарымен ұшуға мүмкіндік жасады.
– Әскери полигонға алып келді де, әуелі бір сағаттай теориялық дайындықтан өткізді. Әскери ұшқыштар киетін арнайы киімді де лайықтап дайындап берді. Әуеге көтеріліп, арнайы полигонға бомба тастау жаттығуын орындап шықтым, – деп Мұхтар Қапашұлы сол бір сәтті аса бір қанағатты көңілмен еске алған-ды.
Бәлкім, Мұхтар Алтынбаевтың дыбыстан да шапшаң жылдамдығы бар америкалық ұшақпен ешбір үрейсіз аспан биігіне көтеріліп, қыранша самғап, қанатын бір қағып дүр сілкініп алған осы бір сәтін қазақ ұшқышының бір сәтке болса да Қазақ елінің абыройын аспандатқан ерлігі деп білген де жөн шығар! Америка сүйсінді! АҚШ-тың Қорғаныс министрі Пьери «Американың тарихында біздің жерімізге бірде-бір шетелдік ұшқыш бомба тастап көрген жоқ еді, сіз соның алғашқысы болдыңыз», – деп қазақ генералының ұшу шеберлігіне риза болғандығын жасыра алмап еді. Сол сәтте сөзге де, ойға да жүйрік Мұхтар Алтынбаевтың: «Ризашылығыңызға рахмет! Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз бен сіздердің Америка жерінің тек оқу-жаттығу полигондарына ғана бомба тасталатын болсын», – деп осы бір тауып айтқан сөзіне америкалық әскерилер соншалықты шын риза болғандықтары сол болар, дуылдата қол соққан-ды.
Өз елі мен халқының мерейін тасытып, абыройын асыру Мұхтар Алтынбаев өмірінің айнымайтын ең басты асыл ұстанымына айналды. Ерлікке толы өз өмірінде лауазым мен мансап іздемегені және де бар. Елбасы қайда жұмсады, сонда барды. 1996-1999 жылдары Қорғаныс министрі болып тағайындалған Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери жаттығулары мен қару-жарақтың жаңа түрлерімен жабдықталуына және мамандар дайындайтын әскери оқу орындарының өз елімізде көптеп ашылуына да үлкен мән берді. Қазақстанның Әскери доктринасының қалыптасуына да белсене атсалысты. Министр демекші, Мұхтар Қапашұлы бұл міндетті екі мәрте атқарды. 1996 жылдың желтоқсан айында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшылығына тағайындалып, 2001 жылы қайтадан министр, ал одан кейін, яғни 2007-2010 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штабтар бастығы комитетінің төрағасы cияқты өмірлік абыройлы жолдан өтті. Сол өзінің өмірлік жолында Қазақстан Қарулы Күштерінің де шыңдалу мен жетілдіру кезеңдерінің жауапты да қиын әрі күрделі асулары менмұндалап тұрар еді.
Мұхтар аға қазір сенатор. Қазақстан Парламентіндегі абыройлы да беделді және өзіндік орны бар саясатшының бірі. Даңқты бола тұра, дүрілдемейді де, гүрілдемейді де, өзіне тән салиқалы да парасатты жан дүниесінің шуағымен айналасына әлдебір жылылық шуағын төгіп тұрады. Ұстамдылық та бойында! Сабыр да жанында! Қазақстанның Қарулы Күштеріне қатысты мәселелерді күні бүгінге шейін өз назарынан қағыс қалдырып келе жатқан жоқ. Ол әлі де өзінің терең ойымен заңғар биікке көз тігеді. Өйткені, сол биікте өмір бар!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Парламент Сенатының депутаты.