• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 06 Қыркүйек, 2024

Жас ізденушінің табысы

555 рет
көрсетілді

Қ.Сәтбаев Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының студенті Аружан Қапасова дипломдық жұмысында көру қабілеті төмен жандардың кеңістікті бағдарлай алуын жақсартатын тактильді карталар жасап шығарған.

Бүгінде жас ізденуші геогра­фиялық ақ­па­рат­тық жүйелері арқылы жасаған тактильді ма­кетін арнайы сынақтан өткізіп, мамандар тарапынан жоғары бағасын алған. Жалпы, көру қабілеті төмен адамдар арнайы білім алу үшін Брайль қарпін қол­да­нады. Мұнда алфавит нүк­телер арқылы орналасқан. Ізденімпаз студент дипломдық жұмысына осы Брайль қарпін негізге алған. Әріптерді белгілеу үшін алты нүктені қолданып, бұл нүктелерді екі қатарға ор­наластырған. Нүк­телер қағаз бетіне бірнеше миллиметрге шығып тұрады. Осы нүктені сипалап, әріпті таниды.

Америкалық «Esri» компа­ниясы шығарған «ArcGis» бағ­дарламасының ерекшелігі – картография бағытындағы карталарды цифрландырады. Онда ақпаратты екі тәсілмен көрсетеді: растрлық және векторлық деректермен. Дарынды жас өз жұмысында аталған екі тәсілді біріктірген. Алдымен, тактильдік карталарды жасау үшін карталар туралы қысқаша дерек беріп, оны құрастырудың ерекшелігі мен талаптарын таныстырған. Нәтижесінде, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған карталарда бірнеше ерекшелікті анық көрсеткен. Негізгі жұмыс «ArcGis-те» орындалды. Тактильдік картаны әзірлеуге Алматы қаласындағы төрт көшенің қиылысы таңдап алынды. Нысандар қатарына Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ корпустары, «Форум» сауда орталығы, бірнеше жатақхана мен футбол алаңы және ме­дициналық орталығы кірді. «Sketchup» бағдарламасы бо­йынша 3D-модель жасалды. Бұл модель осы сынақ макетін да­йындау үшін әзірленген. Бірнеше материалдан тұратын макет да­йындалды. Макет көру қабілеті төмен жандарға өте ыңғайлы. Макеттің негізгі ерекшелігі – оның танымдық жұмысқа арналып отырғаны. Онда ҚазҰТЗУ корпусы мен Қ.Сәтбаев, С.Сейфуллин, А. Байтұрсынұлы және Тимирязев көшелерінің қиылысында орналасқан басқа да нысандар көрсетіліп, әр­бір нысанның атауы Брайль қар­пімен белгіленген.

Қазір жас ізденуші дип­ломдық жұмысын Инклюзивті білім беруді қолдау және сүйе­мелдеу орталығына тап­сырған. Болашақта оны атал­ған университеттің негізгі кор­пусының біріне орнату көзделіп отыр.