Бүгінде интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің ерекше бақылауында. Өйткені бұл қылмыс түрі облыс қана емес, бүкіл елде кең таралған. Халықтың барлық тобына зиян шектіріп, азаматтарға үлкен шығын әкелетін қылмысты құрықтау да оңай болмай тұр. Интернет-қылмыскерлер халықтың сеніміне кіріп, алдаудың жаңа тәсілдері мен схемаларын ойлап табудан жаңылар емес.
Бұл туралы журналистерге Солтүстік Қазақстан ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел өкілі Мөржан Махмет айтты. Осы жылдың басынан бері облыс аумағында 513 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл 2023 жылғыдан 16% артық.
«Осыған байланысты Полиция департаменті халықтың алаяқтыққа қарсы сауаттылығын көтеруге ерекше көңіл бөледі. Осы жылдың өткен кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарында 872 профилактикалық материал орналастырылды. Хабарлама сайттарында 1425 хабарландыру тексерілді, оның 274-і сайт әкімшілігімен бұғатталды. Жергілікті телеарналарда полиция қызметкерлерінің қатысуымен 4 рет хабар жазылды. Денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің, оқушылар сарайының LED-экрандарында, автовокзалдың күту залында, сауда үйлерінде интернет-алаяқтық бойынша бейнероликтер көрсетілу жалғасып келеді. Біз интернеттегі алаяқтық туралы «Путь обмана» атты фильм түсірдік, ол әрі қарай аумақтық бөліністердегі мәдениет үйлерінде, сондай-ақ танымал әлеуметтік желілердің ресми интернет-ресурстарына орналастырылды», деді ол.
Тіпті нан өнімдерін дайындайтын кәсіпорындармен келісіп, «Чешский», «Сибирский» атты нан-тоқаш өнімдеріне 12000 жапсырмалар жабыстырып, оларда алаяқтықтан қалай сақтану жолдары көрсетілген. Сондай-ақ жапсырмалар «Семейный» дүкендерінде сатылатын өнімдерге де жапсырылуда екен.
EGOV сайтында «6 ай мерзімге банктік қарыздар, микронесиелер алудан ерікті түрде бас тарту» қосымшасы енгізілген. Биылғы жылы осы қызметке облыс халқының 27%-ы қосылған. Екінші деңгейдегі банктердің филиалдары қызметкерлерімен бірнеше рет кездесу жасап, проблемалық мәселелерді шешу жолдары талқыланған.
Бірақ бәрібір осы қылмыстың түрі артып келе жатқаны баршаны таңғалдырады. Талдау көрсеткеніндей, оған негізінен 40-тан 60 жас аралығындағы адамдар душар болып, зардап шегеді. Олардың көбі – жалған несие ресімдегендер. Ал интернетте тауарларды сатып алатын алаяқтардың құрбаны негізінен 20-35 жастағы жас азаматтар.
Интернет қылмысты жасайтындардың негізгі бөлігі 40 жасқа дейінгі жастар. Мысалы, Петропавл қаласының 28 жастағы бір тұрғыны «онлайн-кредиттер ресімдеумен» айналысып, 16 адамды жапа шектірген. Ал Алматы облысында тіркелген 32 жастағы бір алаяқ танымал сайттарға хабарламалар орналастыру арқылы Солтүстік Қазақстанда ұсталғанша алаяқтықтың 14 фактісін жасап үлгерген. Мұндай қылмыстарды жазалауды қарастырған Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 2-бөлігі алаяқтарды 4 жылға дейін, ауыр санаттағы құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Осы қылмыстың әлеуметтік зардабының артып келе жатқанын ескеріп, оған берілетін жазаны барынша қатайту кезек күттірмейтін мәселе екені көрініп тұр.
Алаяқтықтың барынша қазіргі кең тараған түрі – азаматтарды күмәнді қаржылық жобаларға тарту. Мұндай схемаларда алаяқтар тіпті халыққа танымал адамдардың бейнесін пайдаланып, әлеуметтік желілерде (Инстаграм), видеохостингтерде (YouTube) жарнама орналастырады. Онда өз құрбандарын «тиімді», «қолайлы» жағдайлармен қызықтыра таныстырып, көрерменді арбайды. Әрбір тұрғынға дивидендтер төленетінін әйгілі адамдардың аузымен айтып тұрса, ондайға қалай сенбессің?
Бұл схемаларда жәбірленушіге бастапқы кезеңде ақшаның аз мөлшерін төлейді, сонымен қатар бағалы қағаздардың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін жалған кестелерді көрсетеді. Алаяқтың мақсаты – жәбірленушіні үлкен сомаға қызықтыру, ұтыстар мен қолма-қол ақшаны инвестициялауға қол жеткізу. Мысалы, осы схеманың құрбаны болған Петропавлдың 48 жастағы бір тұрғыны 5,4 млн теңгесінен айырылған. Ол осы жылғы маусым айының басында Инстаграм әлеуметтік желісінде оңай табыс табуға болатыны туралы хабарландыру көрген. Қызығып кетіп, сілтемеден өтіп, өзінің абоненттік нөмірін қалдырған. Біраз уақыттан кейін оған менеджермін деген біреу хабарласып, алдымен ақша салу керегін, сосын тіркеліп, анкета толтыруды міндеттеген. Сенімді дауыспен айтылған сөзге құлай сенген зардап шегуші көрсетілген ақша сомасын аударып жіберген. Алаяқтар онымен де шектелмей түрлі сызба жіберіп, ақшасының өсіп жатқанын көрсеткен. Ал ақшаны алу үшін қосымша ақша қосу керегін ескерткен. Осы схема бірнеше қайталанғанда ғана зардап шегуші әйел өзінің оңбай алданғанын білген.
Банк қызметкері болып қоңырау шалу – алаяқтардың көптен бері қолданатын әдісі. Ондайда салымшыны қорқытып, сіздің депозиттегі ақшаңызды қолды қылуға әрекет жасалды, сондықтан бар ақшаңызды дереу басқа қауіпсіз шотқа аударыңыз деп дігерлейді. Ал «қауіпсіз шот» деген – өздерінікі. Немесе алаяқ жәбірленушіге Рудеск, Хоптудеск, Анидеск, Таймфьюер т.б. бағдарламаларды жүктеуге көндіреді. Сосын осындайлардың көмегімен мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізе алады. Петропавл қаласының 73 жастағы тұрғынына қоңырау шалған алаяқ өзін тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімін деп таныстырған. Барынша салмақты сөздермен жәбірленушіні сендірген ол сіздің салымшылық шотыңыздан лаңкестік әрекеттерді қолдауға ақша аударылды. Сондықтан қалған ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару керек деп банк реквизиттерін берген. Осыған сенген жәбірленуші бірден 2,5 млн теңгесінен айырылған...
Алаяқтар бұлардан басқа да схемаларды жиі қолданады. Сондықтан кез келген адамның шотыңыздағы ақшаңызға қатысты сұрағына мән бермеген дұрыс.
ПЕТРОПАВЛ