Тіл мерекесі қарсаңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановқа жолыққан едік. Ол облыстың идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды иеленген 25 ауыл-селоларға жақында ғана барып, мемлекеттік ономастикалық саясатты түсіндіріп қайтқанын айтты.
Айтуынша, көптеген тұрғын бұл іске түсіністікпен қарағанымен, кейбір қырын қарайтындар да жетерлік. Аймақта Петровка, Покровка, Николаевка, Боголюбово, Спассовка, Никольск, Святодуховка сияқты діни, Пулеметовка, Партизан, Коминтерн, Пионер, Комсомол сияқты төңкеріс ұғымдарын және оны жасаған Чапаев, Ленин, Куйбышев, Киров сияқты, атаулар самсап тұр.
«Қазақ тілі» қоғамының белсенділері алдында жасалған жұмыс туралы есеп берген Жанат Мұхамеджанов облыс әкімінің жаңа тағайындалған әлеуметтік мәселелерді бақылайтын орынбасары Жүсіп Жұмағұловқа осы мәселелерді жеткізіп, оны шешу бойынша ұсыныс жасайтынын айтты.
Жиынға қатысушылардың бәрі бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Сонымен бірге ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс атауын «Қызылжар» деп атауды ұсыныс хат ретінде жолдаудың маңыздылығын айтты.
Қазір Солтүстік Қазақстанда «Қазақ тілі» қоғамының филиалы – мемлекеттік тілдің дамуына қызмет етіп жүрген бірден-бір қоғамдық ұйым. Оның түрлі ұсынысы мен пікірін, өкінішке қарай, жергілікті биліктегі мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер елемеуге, көзге ілмеуге тырысып, кейде тіпті кедергілер жасап бағады. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қолдар деген бар үміт әкімнің жаңадан тағайындалған әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарында. Қоғам белсенділері оның қабылдауына жазылайық деген шешімге келді.
ПЕТРОПАВЛ