АСТАНА. 13 маусым. Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген қазақ боксшысы Иса Ақбербаев Global Boxing Council (Ғаламдық бокс кеңесі) тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды. Бұл туралы allboxing.ru порталына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Германия астанасы – Берлин қаласында өткен бокс кешінде Иса бразилиялық Жулио Сезар дос Сантос есімді боксшыға қарсы жұдырықтасты. 12 раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің шешімімен қазақ боксшысы жеңіске жетті. Қазылардың берген бағасы бойынша Иса Ақбербаевтың пайдасына 117:110, 116:111, 117:110 есебі тіркелді.
Осымен отандасымыз кәсіпқой бокстағы 16-шы жеңісіне қол жеткізді. Бүгінге дейін 17 кездесу өткізген болып саналғанымен, бір жекпе-жек өтпей қалды. Дегенмен, ресми көрсеткіштері туралы айтқан кезде ол кездесу де есепке алынады. Яғни, Иса 17 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жетті. 32 жастағы боксшы бірінші ауыр салмақта өнер көрсететінін айта кетейік.
Ал осымен 32-кездесуін өткізген 37 жастағы Бразилия боксшысы үшін 5-ші жеңіліс тіркелді. Сәйкесінше оның 27 рет мерейі үстем болды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: allboxing.ru.