Халықаралық төрелік орталығы жұмысының жеңіл емес екені анық. Себебі орталық негізінен жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, ислам қаржысы, банкинг, зияткерлік құқық пен коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салаларында төрелік қызмет көрсетеді. Ал мұндай жауапты істің басында аталған орталықтың көпжылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілері жүреді. Соңғы жылдары осы арбитраж саласында да әйел төрешілердің қатары артып келе жатқаны байқалады. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Бұған Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) мен Arbitral Women ұйымымен бірлесе елімізде тұңғыш рет өткізген «ХТО: Арбитраж саласындағы әйелдер күні» іс-шарасында көз жеткіздік.
Қаржы орталығындағы айрықша күн
Іс-шара басталмас бұрын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Соты мен ХТО тіркеушісі әрі аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холтпен сұхбат құрудың сәті түсті. Оның айтуынша, арбитражды шешім шығаруда әйелдер қауымының да өзіндік артықшылығы бар екен.
– Қазақстандағы халықаралық қаржы орталығы үшін бүгін аса маңызды күн. Өйткені мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен инвесторлар, саяси делегаттар, заңгерлер жиналып отыр. Талқылаулардың басты мақсаты – дау-дамайлар мен қайшылықтар кезіндегі келісім мәселесіндегі әйелдердің рөлін арттыру. Әйелдер сот, төреші, медиатор да бола алады. Ендеше әйел, не ер азамат демей бұл іске де оларды араластыру әділетті болар еді. Яғни біз барынша сенім артатын халықаралық стандарттар бойынша әйелдер де, ерлер де әділ шешім шығару керек. Арбитражды шешім шығаруда бүгінде әйелдер аса маңызды орын алады. Сол үшін де осы іс-шараны қолға алып отырмыз. Бұл тек қана Қазақстанда ғана емес, Еуразия аймағында бірінші мәрте ұйымдастырылды, – дейді Кристофер Кэмпбелл-Холт.
Ол сондай-ақ Қазақстанның бұл саладағы елеулі жетістігімен барынша мақтана алатынын жеткізді. Айтуынша, орталық арбитрларының 75 пайызын әйел төрешілер құрайды екен.
– Әрине, бұл инвесторлардың да таңдауына қарай болатын үрдіс. Қайткен күнде де біз өзімізге сенім артқан инвесторлардың үдесінен шыға алуымыз керек. Ал сол сенімді нығайту үшін біз өз жұмысымызда барлық тең мүмкіндікті қарастырамыз, – дейді Кэмпбелл-Холт мырза.
Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен алқалы жиынға әлемнің бірқатар елінен келген жетекші төреші-әйелдер, ғалымдар мен заңгерлер қатысты. Спикерлер халықаралық арбитраж саласындағы әйелдердің жұмыс үдерісінде туындайтын қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы ойларын ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Сотының төрағасы лорд Ян Бернетт, ХТО төрағасы Томас Крюммель, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Айгүл Қыдырбаева, сондай-ақ «Signum» заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі София Жылқайдарова құттықтау сөз сөйлеп, сот төрелігі саласындағы әйелдердің орны туралы сөз қоғады.
Сонау 1980 жылдан заңгерлік еңбек жолын бастаған лорд Ян Бернетт Ұлыбританияда кезінде әйел соттардың аз болғанын айта келе, бүгінде АХҚО Сотына заңгер әйелдерді қуана қабылдайтындарын жеткізді. Ал София Жылқайдарова бұл салада соңғы жылдары әйелдер үлесінің күрт өскеніне ризашылығын білдірді.
– Бізге де халықарлық арбитраж саласында бақ сынауға мүмкіндік беріліп келеді. Осы ортаға кіріп, өзіндік ұстанымдарымызды, өмірлік, кәсіби тәжірибелерімізді көрсетуге жол ашылып жатыр. Ең бастысы, гендерлік теңдік қалыптасты, – дейді С.Жылқайдарова.
Танымал төрешілер тәжірибесі
Екі панельдік сессияға ұласқан пікір алмасу барысында халықаралық инвесторлардың сенімін нығайтудағы әралуандылықтың рөлі жайында әңгіме өрбіді. Спикерлер арбитраждағы гендерлік әралуандылық төрелік үдерісіндегі сенім мен әділеттіліктің артуына елеулі түрде әсер ететінін де жоққа шығармады. Германиялық Hogan Lovells Халықаралық арбитраж тобының кеңесшісі Ната Гибрадзе модераторлық еткен «Өзгеріс мүмкіндіктерін күшейте отырып: Энергетика және құрылыс салаларындағы қайшылықтарды басқару» деп аталған панельдік сессияда біраз дүние айтылды.
Еліміздегі корпоративтік құқық бағытындағы жетекші заңгердің бірі, АХҚО арбитрлар алқасының мүшесі, Dentons кеңсесінің серіктесі Айгүл Кенжебаева энергетика және құрылыс саласындағы дауларды шешу әлдеқайда қиын екенін ашық айтты.
– Келісімшартта мұқият көрсетілген құқықтар мен міндеттердің барлығын талдау үшін өте жоғары дағдылар қажет. Әдетте ол талдау барысы өте көп уақытты алады. Оған қоса нормативтік құжаттардың да өз қиындықтары, қарама-қайшы тұстары бар. Сонымен қатар заңгерлік біліміңнен бөлек, техникалық мамандықтардан да хабарың болмаса, сала терминдерін жақсы білмесең, қиындықтарға тап боласың. Бұл ретте бізге қарағанда ерлердің бұл бағыттағы тәжірибесі молырақ екені рас. Сондықтан әйел төрешілерге жан-жақты дағдылануға тура келеді. Тіпті кейде дауларға саяси мәселелер де араласуы ғажап емес, – дейді А.Кенжебекова.
Сессияда өз тәжірибесімен бөліскен өзбекстандық Феруза Бобокулова 1980 жылға дейін арбитражда ер адамдардың көп болғанын, тек содан жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін ғана бұл мәселе талқыланып отырғанын атап өтті.
– Халықаралық арбитраждың құрылыс, энергетика бағытына әйел заңгерлердің аяқ баса бермейтінінің өзіндік факторлары көп. Көбіне осы кезге дейінгі тарихи жағдайлар әсер етсе, әдетте әйел азаматтардың әу баста таңдайтын мамандығы, кәсібі құрылыс, энергетикамен еш байланысы жоқ. Сондықтан әйелдердің бұл бағытқа қарай бейімделу, дағдылану үдерісінің ұзағырақ жүретінін ұмытпаған жөн. Құрылыс бұл кеңседе отырып ғана игере беретін сала емес, сондықтан құрылыс басында көбірек жүру керек, – деген Ф.Бобокулова құрылыс саласындағы дауларға төрелік ету ерлермен салыстырғанда әйелдер үшін қиынға соғатынын ашып айтты.
Ресейлік заңгер, көптеген халықаралық құқықтық фирмаларда жетекші қызметтер атқарған, Халықаралық сауда палатасының регламентіне сай құрылыс, басқару және келісім дауларын шешуде тәжірибесі мол Татьяна Полевщикова біздегі арбитраж саласындағы әйелдердің көңілден шығар үлесіне көз жеткізіп, Қазақстанға келгенге дейінгі пікірін күрт өзгерткенін мәлім етті.
– Қазақстандық заңгерлік ортадағы гендерлік теңдік мәселесінде анау айтқандай күрделі мәселе жоқ екенін аңғардым. Яғни бұл бағытта ендігі жерде қандай да бір шараларды қолға алудың қажеті жоқ сияқты. Жалпы, заңгерлік салада уақыт өткен сайын кәсіби өсу тұрғысынан да құлшыныс пайда болып, тіпті жаңа ұсыныстар шығып, мансаптық басқа да міндеттемелер артылып жатады. Сол сияқты әйелдерге де өздерінің клиентурасын ұлғайту бағытында небір ұсыныстар түсіп, арбитражды тәжірибенің әртүрлі баланстары кездесіп отырады. Бұл жерде әйелдер жоғары балансты ұстап келе жатқанын айтуға болады, – дейді ресейлік заңгер Т.Полевщикова.
Стратегиялық таңдау маңызды
Қысқасы, сессияда спикерлер энергетика мен құрылыс саласына маманданған әйел-заңгерлердің тәжірибесіне айрықша көңіл бөле отырып аталған секторлардағы дауларды шешуге, сондай-ақ жалпы инклюзивтілік ісіне байланысты мәселелерді талқылады.
Сонымен бірге талқылау кезінде арбитраж үшін стратегиялық тұрғыдан орын таңдау мәселесі қозғалды. Бұл ретте төрелік үдерісінің тұтастығын сақтаудағы пікір алуандығының мән-маңызы мен ХТО-ның халықаралық инвесторлар үшін сенімді алаң ретіндегі тартымдылығын арттыруға айрықша мән берілді.
Іс-шараның басты оқиғасы ретінде әлемдік деңгейде мойындалған сарапшы Кэролин Лэммен кездесуді айтсақ артық болмас. Ол – «White&Case» заңгерлік фирмасының Вашингтондағы кеңесіндегі серіктестерімен халықаралық төрелік саласында өзінің өжеттігі мен біліктілігін дәлелдеген сарапшы. Емен-жарқын әңгіме үстінде ол халықаралық төреліктегі заңгер және арбитр ретіндегі өзінің ғаламат жұмыс тәжірибесі жайында әңгімелеп берді. Білгір маман халықаралық төреліктің тарихы мен маңызына қатысты өз көзқарасын білдіріп, оның қалыптасуы мен дамуына әйелдердің әсері жайындағы ой-пікірін ортаға салды.
Осылайша, «ХТО: Арбитраждағы әйелдер күні» іс-шарасы жас заңгерлер үшін арбитраж саласындағы аса білікті мамандардың тәжірибесін үйреніп, кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік туғызды. Сессиялар соңында микрофон алып, ұйымдастырушылар мен спикер ретінде келген отандық және шетелдік тәжірибелі заңгерлерге алғысы мен тілегін жаудырған жас заңгерлердің сөзінен осыны аңғардық. Оларға сондай-ақ Ұлыбританияның «DLA Piper» заңгерлік фирмасының құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Цзюэ Цзюнь Лудің жетекшілігімен тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараға АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азиядан 150-ден астам арбитр, кеңесші, сот пен дипломат қатысты. Жалпы, АХҚО Соты мен ХТО өз қызметін бастаған 2018 жылдан бері халықаралық ынтымақтастықты дамытып, арбитражда тараптардың теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер аясында, әрі оқыту бағдарламаларын ұйымдастыра отырып, заңгерлер қоғамдастығында инклюзивтілікті белсенді түрде алға жылжытып келеді. Аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холттің сөзінен АХҚО Соты мен ХТО гендерлік әралуандықты барынша қолдап, Қазақстанды арбитражда бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде, дауларды шешуде аймақтық көшбасшы ретінде бағалайтынын байқадық.