Тоғыз жолдың торабына айналған Алматы облысында жаңа жол торабы іске қосылып, көлік жүргізушілерінің тынысын кеңейтіп, қуанышын еселеді. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Шамалған стансасының айналма жолы» автомобиль жолының қайта жаңарту жұмысын аяқтап, ресми түрде көлік қозғалысын ашты. Бұл жол төрт жолақты және І-б техникалық санатына жатады.
Ұзындығы 6 шақырым болатын учаске «Орталық-Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Балқаш-Алматы) көлік дәлізінің негізгі құрамдас бөлігі және еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуында маңызды рөл атқарады.
Қайта жаңарту барысында жер төсемін орналастыру, теміржол торабы арқылы өтетін эстакада, өтпежол, екі көлік қиылысы, суөткізгіш құбырлар секілді жасанды құрылыстары салынып, кешенді жұмыстар атқарылды. Бүкіл учаске бойынша жолдың үстіңгі қабатына қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төселген. Сондай-ақ жарықтандыру және суөткізгіш жүйесі орнатылып, жол белгілері, тосқауылдар мен таңбалау сынды әрлеу жұмысы жүргізілді. Жолдың қолданыстағы учаскелерінде бекіту және орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асты.
Жылдың басынан бері жол-құрылыс материалдарын дайындау, оның ішінде қиыршық тас, құм, темірбетон конструкциялары, тосқауылдар мен қоршаулар, жол белгілері мен жарықтандыру элементтері жасалды. Қарқынды іс-қимылдың нәтижесінде құрылыс белгіленген мерзімде аяқталып, транзиттік қозғалыстың уақытылы ашылуына мүмкіндік берді.
Жобаны жүзеге асыру үшін асфальтбетон және бетон араластыру зауыты, 81 бірлік техника мен 256 жұмысшы жұмылдырылды.
«Биыл 3,1 мың шақырым республикалық автожолдарда қайта жаңарту және құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 1,5 мың шақырымда жұмыс жылдың соңына дейін аяқталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жоғары сапалы жолдар жалпыхалықтық міндетке айналуы тиіс. Сапалы жолдар болмаса, елімізде ешқандай ілгерілеушілік туралы сөз болуы мүмкін емес», деген еді. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біздің тарапымыздан ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл айналма жолдың ұзындығы 6 шақырым, құны 25,6 млрд теңге, шамамен төрт жыл уақыт көлемінде салынды. Осы жобаның бүкіл облыс үшін маңызы зор, себебі ол көлік ағынын айтарлықтай жеңілдетеді, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартады, сонымен қатар біздің ел арқылы өтетін транзиттің артуына да септігін тигізеді, қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттырады. Бұл жол тек осы ауданның ғана емес, жалпы облыстың дамуына да оң әсерін тигізеді», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысы