АСТАНА. 13 маусым. Футболдан Қазақстан құрамасының 16 маусымға жоспарланған Угандаға қарсы ойыны өтпейтін болды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Бұған дейін екі елдің футбол федерациялары арасында жолдастық кездесу туралы келісім болған. Дегенмен, белгіленген мерзімге үш күн қалған кезде матчтың өтпейтіні белгілі болды. Мұның себебі алдағы уақытта жарияланады.
Негізі 16 маусымда Юрий Красножаннан тәлім алатын футболшыларымыз Африканың тағы бір өкілі Кабо-Вердені қабылдауы тиіс еді. Алайда, қарсыласымыз соңғы сәтте Қазақстанға келуден бас тартты. Соған байланысты Уганда құрамасымен келісім жасалған еді. Өкінішке қарай, бұл елмен де футбол ойнау мүмкін болмай отыр.
Осыдан бір ай бұрын Қазақстан құрамасы қара құрлықтан келген Буркина-Фасо командасын қабылдағаны белгілі. Аталған матчта есеп ашылған жоқ. Ал ұлттық құрамамыз соңғы ойынын кеше Түркия құрамасына қарсы өткізді. Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында өткен кездесуде түріктер 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: vesti.kz.