Қай мағынасында айтсақ та, Астанада күн өткен сайын көшпелілердің дүбірі мен думаны, спортшыларды қолдаушы қауымның қиқуы қатты естіле бастады. Қазір елордада үшінші күн өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 89 елден 2500-ге жуық қатысушы далалықтарға тән 21 спорт түрінен 97 медальды сарапқа салып жатыр. Ал Астананың әр тұсынан мейманына қақпасын айқара ашқан этноауылдар тойға келген қалың қауымға қызмет етіп, қаланың әр тұсы нағыз думанға айналған.
Алыстағы Аустралия қызыққан дода
Биылғы бесінші мәрте алауы тұтанып, әлемді өзіне қаратқан Азиядағы айтулы аламанға алғаш рет барлық құрлық елдерінен спортшылар жиналды. Ең қызығы, кейбір елдер бұл ойындарға тұңғыш рет қатысып отыр. Тіпті сонау экватордың етегіндегі мәңгі жасыл тропикадан жеткен Аустралия өкілдері ең қашықтан келгендер деп танылды.
Қысқасы, Ұлы дала төсіндегі «көшпелілер олимпиадасында» түбі бір түркі жұрты ғана емес, бар құрлықтың баласы түгел бас қосты.
Бұл дода барысында спортшылардың бабы ғана емес сырттан келген көрермен, турист, спортшыларға да көрсетілер қызмет, сервис сапасы да сыналмақ. Сол себепті қазір Астанада дәрігер, полицей, Ұлттық ұлан, тазалықшылардан бөлек, барлығы 1 300 волонтер ерікті түрде қызмет атқарып жүр. Олар бірнеше тіл меңгерген. Сондай-ақ БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1 185 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында CNN, BBC, Euronews, CCTV, Rai, CBC TV, Balkan Trip TV, TRT Türk телеарналары, National Geographic, Agence-France Presse (Канада), Lonely Planet, Nikkei Asia және басқа да ірі БАҚ өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттауға кірісіп-ақ кетті. Яғни Астанаға әлем көз тігіп отыр деп айтуға толық негіз бар.
Анкарадан Астанаға – автобуспен!
Насихат демекші, 1983 жылғы ескі автобуспен сонау Түркиядан қазақ жерін бетке алған бауырлар да елордаға келіп жетті. Олар әлеуметтік желі арқылы елімізді жаһанға көрсетіп, көшпелілер ойындарының көрігін өздерінше қыздырып-ақ жатыр. Олармен бірге Гүнеш есімді баласы мен «Анадолы» ақпарат агенттігінің тілшісі және еріп жүр.
Түркияның Анкара қаласынан Астанаға автобуспен шыққан Бурак пен Идил есімді ерлі-зайыптылар 5400 шақырым жолды артқа тастап, ойындарды көруге келіп отыр.
«Қазақстанның даласы байтақ екен. Бір қаладан келесі қалаға жетудің өзі әжептәуір уақыт алды. Десе де, далаға көз тастап, жолда кездескен аң-құсқа қарап, қазақ халқының еркіндігін, қонақжайлылығын сезіне түстік. Көлігіміз бұзылып, қиындықтар туған кезде жергілікті жердің әкімдік өкілдері құрақ ұшып, қонақжайлық танытып, жеделдетіп көмектерін көрсетіп жатты», дейді Идил Дуран.
Бурактың айтуынша, бұл сапар оның отбасы үшін ең ұзақ саяхат болыпты. Көшпелілер ойыны аяқталған соң да біздің елдің әр өңірін, қалаларын асықпай аралап шығуға бекініп отыр.
«Бұл сапардың маңызы зор. Біздің бабаларымыз көшпелі болған, қаншама шақырым жолды атпен жүріп өткен. Оның қасында автобуспен жолға шығуымыз түкке де тұрмайды. Көшпелі халықтың ұрпағы болған соң арнайы саяхат ұйымдастырып, патриоттық рухымызды көтергіміз келді», деді Бурак Дуран.
Бурактың отандасы, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған да Астанадағы V дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты сәтте сөз тізгіні өзіне келгенде бұл іс-шараны тек дәстүрлі спорт түрлерін біріктіру үшін ғана емес, әлемге ортақ мәдени мұрамызды сақтап қалуға, оны болашақ ұрпаққа табыстауға бел буғанымызды көрсететін маңызды оқиға деп бағалады.
– Қазақстан көшпелілер ойындарын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш қуатын, дәстүрге деген адалдығын айқын көрсетті. Астанада Ұлы дала ұранымен өтетін бұл құнды іс-шара тек спортсүйер қауымның ғана емес, барлық елдің, әсіресе Түркия мен Қазақстанның жаңа достыққа, ынтымақтастыққа, мәдени алмасуға серпін беретініне нық сенемін», деген Біләл Ердоған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.
Түркі елдерінің тілегі
Сондай-ақ елімізге қаратып жылы лебізін білдіргендердің қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев те бар. Ол ойындар қарсаңында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен болған кездесуде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Елімізге ерекше ықылас танытқандардың қатарында көрші Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов те Қазақстан үшін тақым қысып отырғанын айтады. Өйткені ол осы ойындарды алғаш өткізген елдің өкілі ретінде ұйымдастыру жұмыстарының оңайға соқпайтынын бағамдаса керек.
«Бауырлас, бір туған қазақ елі, қазақ туғандар бұл іс-шараға барынша тыңғылықты дайындалды, ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді. Біз бәріміз бас біріктіріп, дүние жүзіне көшпелілер мәдениетін, түркі мәдениетін насихаттап жатырмыз. Оны бұқаралық спорт арқылы әйгілейміз», дейді Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы.
С.Қасмамбетовтің айтуынша, кезінде көптеген ойынға көшпелі жұрт күнделікті жаттығу ретінде қараса, кейінірек бұл ойындар түркі дүниесіне кең тараған ортақ ойындарға айналған. «Бауырлас қазақ елімен бірге демімізді ішке тартып, қатысушылар ынтымақта болса екен, ымырасыз сайысса екен дейміз, ойындардың жоғары деңгейде өтуін тілейміз», дейді Сүйүнбек Қасмамбетов.
Астана төріндегі V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанатына куә болған Қазақстан бас редакторлар клубының төрағасы, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай «Астана Арена» стадионында ұсынылған қойылымдар арқылы әлемге еліміздің мәдени мұрасын, мемлекет дамуының маңызды белестерін көрсете алғанымызды атап өтті.
«Көшпелілер ойындары осыдан 10 жыл бұрын Қырғыз елінің бастамасымен қолға алынып, үш рет сол елде, сосын Түркияда өткізіліп, енді елімізде жалғасын тапты. Әлемде осындай ауқымды деңгейде ұлттық спорт түрлерінен ірі дода бұрын-соңды болмаған. Сондықтан шығар алыстағы Аустралия, Аргентина, Американы айтпағанда, Африканың атын ғана еміс-еміс естіген елдердің командалары тура мағынасында ат арытып елордамызға жеткені. Түрі, ділі, діні бөлек бес құрлықтың өкілдерін қосқан мұндай халықаралық сайысты Мемлекет басшысы айтпақшы, расында Көшпелілер олимпиадасы деуге толық негіз бар», дейді сенатор.
Америкалық ковбойлардың алғашқы қадамы
Жалпы, кез келген іргелі іс алғашқы қадамнан басталатыны заңдылық. Осындай ауқымды спорттық іс-шаралар арқылы көпшіліктің көңілінен шыққан кей спорт түрлері болашақта олимпиялық бағдарламаға енгізіліп жатса несі айып. Түркі елдерінің бұл бастамасын далалық болмысқа тән ойындарды әлемдік аренаға шығару жолында жасалып жатқан алғашқы қадамдар деп қабылдағанымыз жөн-ақ.
Осы ойындардың насихатының арқасы шығар, мұхит асып, АҚШ-тың ковбойлар командасы да Астанадан табылды. Ник Уиллард есімді атқұмар азамат бастаған америкалықтар көшпелілер ойындарына осымен үшінші рет қатысып отыр. Ал Қазақстанға алғаш аяқ басыпты.
«Мені Орталық Азияның, әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениеті үнемі қызықтыратын. Сондықтан Көшпелілер ойындарына қатысу мүмкіндігін жібермеуге тырыстым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, ойынға ұзақ дайындалып, осы сәтті тағатсыздана күттім», дейді Ник Уиллард.
Қанша жерден ат құлағында ойнаған ковбой болғанымен, нағыз көшпелі жұртқа тән көкпарға келгенде кімнің болса да жүрексінетіні рас. Жеңістен үмітті болса да, америкалықтар бойда бәрібір қобалжу барын жасырмады. Көкпардан АҚШ командасының құрамында 7 ойыншы бар. Кейбірі алғаш рет серке ұстағалы тұр. Соның бірі – Уилл Грант.
«Мен бұрын көкпар тартып көрмегенмін. Командаластарымның біразы алғаш рет ойнағалы отыр. Дегенмен ойын ережесін білеміз, қиын емес сияқты. Бұған дейін көкпарға ұқсас ойындарға қатысқанбыз. Оның үстіне атқа міну, шабудан хабарымыз бар», дейді У.Грант.
Осылайша, көшпелі мәдениетті, дала халықтарының нағыз күш пен ептіліктің, ақыл мен айланың үйлесімділігін талап ететін ұлттық спорт түрлерін дөңгеленген дүниеге тағы бір мәрте танытып, жаһан назарын өзіне аудартатын дүниежүзілік доданың бүгін үшінші күні өтіп жатыр.
Айтпақшы, бесінші мәрте өткізіліп жатқан ойындардың ашылу рәсімін әлемнің 19 телеарнасы көрсетті. Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Көшпелілер ойындары тарихында мұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату алғаш рет біздің елде қолға алынды.