• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 10 Қыркүйек, 2024

Оқыту платформалары ой-өрісті кеңейтеді

148 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында білім саласындағы цифрландыру жұмыстарына айрықша назар аударды. Президент: «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп атап көрсетті.

Биылғы тамыз кеңесі де «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбында өткен еді. Педагогтер осы бағытта жасанды интеллектіні мұғалімнің көмекшісі ретінде қолданудың жолдары мен заманауи технологиялардың элементтерін сабақ барысында пайдалану тәсілін тал­қыға салды.  «Заманауи технологиялар педагогтерден жұмыс барысында жаңа ұстанымды талап етеді.  Сондықтан мұны қолдануға білім берудің барлық сатысы дайын болуға тиіс. Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреті оның кәсіби біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Жасанды интеллект технологиясы қа­зір­­дің өзінде білім саласына үлкен өз­ге­ріс әкеліп жатыр. Күнделікті сабақ барысында жасанды зердені қолдану арқы­лы педагогтер оқу материалдарын оңай да­йындап, тапсырмаларды әр оқушының дең­гейіне сай бейімдей алады. Мысалы, ЖИ-ге негізделген оқыту платформалары әр оқу­­ш­­ы­ның үлгерімін талдап, олардың күш­ті және әлсіз жақтарын анықтап береді.

«Жасанды интеллект мүмкіндігін күн­де­лікті сабақ барысында қолдану – өте тиімді шешім. Мәселен, бұл технология оқу­шылардың «Gallup» секілді тестілеріне тал­дау жасап, әр балаға жеке даму жоспарын сызып береді. Бір мекеменің кәсіби бағдар берушісі бұл үдеріске кемінде екі-үш сағат жұмсайды, ал жасанды интеллект бұны бір минуттың ішінде да­йындап бере алады. Одан бөлек, жасанды зерде оқушылардың білімін бағалау мен оларға кері байланыс беру үдерісін жеңіл­­детеді. Былайша айтқанда, бұл техноло­гия әр білім алушыға жеке виртуалды мұ­­ғ­а­лім сияқты қызмет атқарады. Бір айта кететін маңызды нәрсе – жасан­ды зерде мұғалімнің орнына жұмыс істе­мейді, тек оның көмекшісі болады, яғни педа­гог­тің жүгін сәл жеңілдетеді. Жаңа техно­логиялар күннен-күнге дамыса да, жа­санды интеллект әлі де қателесуі мүм­­кін», дейді Жамбыл инновациялық жоға­­ры колледжінің мұғалімі Әлішер Жүні­сов.

Осы күні оқушылар арасындағы байқаулардың да дені онлайн жүйеге ауысты. Сайыстың әділ өтуін қадағалап, нәтижесін шығарып, жеңімпаздарды анықтайтын да – жасанды интеллект.

«Қазір «Daryn kz»  атты дарынды балалармен жұмыс істейтін цифрлы платформа әзірлетіп жатырмыз. Оның ерекшелігі – балалар емтиханды онлайн тапсырған кезде, жасанды интеллект қатысушылардың басқа браузерге кіргенін немесе әлдекімнен көшіргенін автоматты түрде анықтайтын болады. Қысқасы тестілеудің әділ әрі ыңғайлы өтуін қамтамасыз етеді. Цифрландыру бұрын да өз қарқынымен келе жатқан еді. Бұл үдерісті пандемия одан сайын жылдамдатты. Мәселен, біз ұйымдастыратын «Тарих ата», «Кенгуру», «Ақбота», «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» сынды білім жарыстары қашықтан ұйымдастыры­ла­ды. Одан бөлек, мамандандырылған мектептердің қабылдау жұмыстарын өткізгенде қатысушылар құжаттарын электронды түрде тапсырады. Ал емтихан барысы тікелей эфирден беріледі. Оны сілтеме арқылы ата-аналар, құқық қорғаушы орган өкілдері көре алады. Цифрландырудың тағы бір пайдасы – тестілеу нәтижесінің жауабы адамның қатысуынсыз анықталады. Яғни жасанды ин­теллект қатысушының қанша балл жина­ғанын сол сәтте-ақ есептеп береді. Кейінгі кезде сайыс жеңімпаздарына бері­летін сертификаттарға QR-код қойып жүрміз. Бұл – марапаттарды көші­ріп, жалған байқау ұйымдастыратын алаяқ­тарға қойылатын тосқауыл», деді «Дарын» республикалық ғылыми-прак­ти­калық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Білім саласының көп мәселесін за­манауи технологиялардың көмегімен ше­­шуге болады. Осы бағыттағы стартаптар да аз емес. Солардың бірі – «BeyimАІ». Бұл – оқуға арналған әлеуметтік желі. Мұн­да студент негізгі бағдарламадан түр­лі білім алып, қосымша материал­дар ала алады. Аталған қолданбаны қазір елі­­мізде 25 мың оқушы мен 2 мың мұға­лім пай­даланып, игілігін көріп отыр. Ал «Beyim Synaq» қосым­шасы білім алу­шы­ның­ емти­ханға дайындалуына көмек­теседі.

«BeyimTech» стартабының негізін қалаушы Нұрсұлтан Дүйсебаевтың айтуынша, балалар стандартты оқулықтардың орнына өзіне қажет және ерекшелігіне сай жеке бағдарламамен оқиды. Мақсат – әр балаға қажет уақытта сапалы білім ұсыну.

«Пандемия кезінде елімізде «Online­Mektep» платформасы жасалды. Ол Назарбаев зияткерлік мектептері мен «Bilim Media Group» компаниясының бірлескен өнімі еді. Платформаны ­2,5 миллионға жуық оқушы мен 200 мың мұғалім қолданды. Пандемия аяқ­тал­ғаннан кейін бүкіл әлемде онлайн оқу күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Дәл 2021 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында «BeyimTech» зерттеу жобасы құрылды. Біз «болашақта онлайн оқудың идеал платформасы қандай болуы керек?» деп ойландық. Біздің команда «Blackboard», «Duolingo», «Moodle» және «Canvas» сияқты 40-тан астам білім қызметін талдап, әдістеме мен білім бағдарламаларын зерттеп, кеңес алу үшін шетелдік мамандарды елімізге әкелді. Бір жарым жылға жуық уақыт зерттедік. Содан кейін біз 20 мектеппен тікелей жұмыс істей бастадық. Ол жерге тәжірибе ретінде бірнеше білім қызметін енгіздік. Электронды платформалар оқу үдерісін қалай жақсарта алатынын талдадық. Осылайша, 3 жылдық терең ғылыми зерттеулердің арқасында біз онлайн оқыту әдістемесін жасадық», дейді Н.Дүйсебаев.

Білім саласындағы цифрландыру жұ­мыстары оқытудың тиімділігін артты­ра­­тыны анық. Оқу-ағарту министр­лігіне қарасты Цифрландыру және мем­лекеттік қызметтерді автоматтандыру депар­таментінің дерегіне қарағанда, 2024 жылы мектептердегі жоғары сапалы интернет көрсеткіші 3 есеге ұлғайтылған. Қазіргі таңда интернет жылдамдығы 89,5 пайыз­ды құрайды. Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, қазір екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2066 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі 2027 жылға дейін жүргізіледі. Одан бөлек, «Starlink» технологиялары қанатқақты жобасы аясында 1993 мектеп жоғары жыл­дам­д­ықты интернетке қосылады. Қазіргі таңда 1757 мектеп жаңа технологиямен жабдықталған.

Цифрландыру департаменті дирек­­торының орынбасары Майра Марал­баеваның айтуынша, министрлік «eGov Mobile» мобильді қосымшасында білім туралы барлық мәлімет қолжетімді жаңа «Bilim» сервисін іске қосты. Бұл сервисте азаматтар үшін қолжетімді, ыңғайлы болатындай білім туралы барлық қажетті мәлімет берілген. Аталған қосымша «Білім беру ұйымын бітіргені туралы цифрлық құжаттар», «Баланың профилі және оқушылар жайлы қосымша ақпарат» сияқты бірнеше бөлімдерден тұрады.

«Сондай-ақ «eGov Mobile» мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» атты жаңа цифрлық құжат іске қосылды. Бұл балабақшада, мектепте немесе колледжде оқу фактісін растайтын білім туралы ақпаратты көрсетеді. Ата-аналарға оқу орнынан қағаз түріндегі анықтама алудың қажеті жоқ, «eGov Mobile» қосым­шасынан білім туралы ақпаратты ұсынуы жеткілікті. Одан бөлек, 2023 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдар цифрлық форматта «eGov Mobile» мобильді қосымшасында қолжетімді болды. 2024 жылы 2004–2023 жылдар аралығында берілген дипломдар, ал 2025–2026 жылдары – 2004 жылға дейінгі берілген дипломдар цифрлық форматқа ауыс­тырылады. Көрсетілген мерзімдерге сәйкес цифрлық құжаттардың бо­луын «eGov Mobile» қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде немесе «Bilim» сервисінде тексеруге болады», деді  М.Маралбаева.

Балаларды мектептер арасында ауыс­тыру бойынша да мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Енді ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды үйден шықпай-ақ, «eGov.kz» порталында жүзеге асырады.  Онда тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс жерлерде көрсетілген кез келген білім ұйымын таңдау мүмкіндігі беріледі.

«Мектеп оқулықтарының 100 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Олар қазіргі уақытта 11 платформада қол­же­тімді.Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету және тиімді қаржыландыру мақсатында «Бір­ыңғай кезектілік» базасы әзірленіп, іске қосылды. Жаңа үлгі әрбір отбасына жеке қажеттіліктері мен қалауларына қарай төрт балабақшаға дейін таңдауға мүм­кіндік береді. Жобаның жаңа моделі 2023 жылы Қарағанды облысының Шах­тинск қаласы мен Солтүстік Қазақстан облы­сының Петропавл қаласында сынақтан өтті. Қазіргі таңда масштабтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар педагогтердің барлық мәліметі «Педагог портфолиосы» модулінде көрсетілетін болады. Сол арқылы мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде қағаз құжат айналымы мен сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін жою және конкурстық рәсім­дерді ашық өткізу жоспарланып отыр», деді Цифрландыру департаменті директорының орын­басары.