• RUB:
    5.29
  • USD:
    478.89
  • EUR:
    528.74
Басты сайтқа өту
Ауыл Бүгін, 09:45

Ауылға инвестор келді

36 рет
көрсетілді

Күре жолдың бойындағы Кеңащы ауылының ажары кіріп қалыпты. Шоқ жұлдыздай ғана, сексеннен астам отбасы тіршілік етіп жатқан елді мекеннің иелігінде елу мың гектардан астам түгін тартса май шығатын құнарлы жер бар. Басты байлығы да осы. Жайылым жер аумағы – 1 650 гектар. Ауылдағы 10 кәсіпкер ақық дән өсіріп, ақтылы мал бағып, білек сыбана еңбек етіп жатыр. Бұрынғы Кеңащы мен бүгінгі Кеңащының айырмашылығы бірден көзге түседі. Көшелеріне асфальт жамылғы төселіпті, жол бойында биік бағаналарға электр шамдары орнатылған. Тұрғын үйлердің маңайы тазаланып, сырланған. Ауыл ортасындағы балалар алаңы да көзтартарлық.

Төрт түлік малдың сү­ме­сімен күн көріп отыр­ған ауылдың шаруа қожалық­та­рын­да және малсақ қауымның бағы­мында 400-ден астам қара мал, 600-ден астам жылқы бар.

– Ауыл ішіндегі жолдар­ды орташа жөндеуден өткізуге ­152 миллион теңге қаражат қа­рас­тырылды, – дейді селолық ок­руг әкімі Самат Бермағанбетов, – конкурс қорытындысына сәйкес кіреберістегі жолды «Дорстрой Көкше» серіктестігі, ал қарсы беткейдегі жолды «Көкшетау жолдары» серіктестігі жөндеу­де. 4 035 метр жолға асфальт жа­мылғы төселді.

2012–2022 жылдары егістік ал­қаптары екінші деңгейдегі банк­­те кепілдікте тұрып, еңсе­ле­рін түсіріп келген болатын. Иге­рілмей жатқан бос жерлерді ин­весторлар сатып алып 40 мың гек­тар құнарлы жерді игеруге кірісіпті. Мұны ақ түйенің қар­ны жарылған әдемі оқиға деу­ге болады. Президент таяу­дағы Жолдауында осы мәсе­лені қадап айтқан болатын. Ауыл­дағы тіршіліктің қайта өр­ле­уіне «Алтын бидай NS» және «Агросфера KZ» ЖШС қомақты үлес қосып отыр. Ең бастысы, ауыл тұрғындары тұрақты жұ­мыс­қа орналасып, табыс тауып жатыр. Серіктестіктер жаңа ас­тық комбайндарын, өзге де техни­каларды әкелуде. Егін өсірумен қатар, қара мал бақпақ. Малдың алды жеткізілген. Мал қоралары дайындалған. Шынтуайтында, бұл ел үшін тиімді іс. Мал болса, жыл бойы тұрақты жұмыс та болады.

Жұмысын жаңа бастап жат­қа­нымен, серік­тестіктер елге қарай­ласуды парыз санайтын сыңайлы. «Алтын бидай NS» серіктестігі ауылдың 90 жылдығына орай құны 12 млн теңге тұратын футбол алаңын салып беріпті. Жаңа жыл қарсаңында ауылдағы 93 балаға сый-сыяпат жасаған.

– Серіктестік ауыл тұрғында­рына көп-көрім көмек көрсетіп жатыр, – дейді ел ағасы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Аманжол Бекболатов, – былтыр ауыл тұрғындарына 15 тонна арпа таратты. Елді мекенді көгалдандыруға, абаттандыруға ден қойды. Қаржылай кө­мек берумен қатар, арнайы техника жұмыл­дырды. Тасқынның алдын алу мақсатында қы­руар жұмыс атқарды. Ел азаматтарымен бір­лесіп ауыл ішінде қар­ғын суды өткізетін құбыр­ларды салып, ретке кел­тірді. Көктемгі қар суы тұр­ғындарға кесірін тигізбеу үшін жылға-жылғаны қуа­лап арық қазды. Жаз айларында тілсіз жаудың алдын алуға да септігі тиіп тұр.

Мектеп те жақ­сы­лық­тан қағыс қалмаған. Биыл 225 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

– Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған мектеп үйі биыл мемлекет қамқорлығының арқасында өзгеше кейіпке ен­ді, – дейді мектеп директоры Гүл­нар Сәдуова, – барлық пән ка­бинеттері жөнделіп, сыланып, сырланып, көзтартарлық болып қалды. Мектепте 19 ұстаз дәріс береді. Жаңа оқу жылынан бас­тап 76 оқушы білім алып жатыр. Ұстаздардың 17-сі – жоғары білімді. Жөндеу жұмыстары сәл кешеуілдегенімен, енді он күн­нің ішінде аяқталмақ. Қазір спорт залының соңғы жұмыс­та­ры қалды. Ауылдағы серіктес­тік­тер білім ошағын жабдықтау­ға көмектесіп жатыр. Оқушылар­­­ды тегін аспен қамтамасыз етуге ­қол­ұшын беріп отыр.

Төңірегі мұнтаздай таза елді мекенінде қатты тұрмыс­тық қалдықтар полигонының жо­ба­лау-сметалық құжаттамасы әзір­леніп жатыр екен. Ауыл та­залығына айрықша мән бе­ретін ел азаматтары «Таза Қа­зақстан» бастамасын бір адамдай қолдап, 7 рет сенбілік, 7 рет таза бейсенбілік шараларын өткізіпті. Қазір көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Ауыл ішіндегі екі автобус аялдамасы ақта­лып, та­зартылған. 86 жарықтан­ды­ру тірегі орнатылған. «Жасыл аймақ» республикалық акциясы аясында Екінші дүниежүзілік со­ғы­сына қатысушыларына ар­нал­ған ескерткіш маңына көшет отырғызылыпты.

– Ауылымыз өте ұйымшыл, – дейді әкімдік аппаратының бас ­маманы Мәриям Нұрмағанбе­това, – жалпы жұртқа қатысты кез келген игілікті шаруаны қол­дап, бір адамдай бірігіп кетеді. Мемлекет тарапынан жаса­лып отырған қамқорлық туралы айтатын болсақ, ұялы байла­нысты жетілдіру үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясын­да 2025 жылы республикалық ­бюджет есебінен ВОЛС құрыл­ғы­сын орнату қарастырылған. ­Мо­биль­ді байланысты қамта­ма­сыз ­ету мақсатында антенна орнату ­жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жер телімі рәсімделуде.

Күзгі ауыл келбетінде келер қыстың қамын жеу байқалады. Әр үйдің мал қораларының ма­ңында қоянжон маялар бой көтеріпті.

– Өткен қыс малсақ қа­уым үшін өте ауыр болды, – дейді Аманжол Бекболатов, – көк­тем шығысымен жайылым­да қалған өлекселерді жинап, арнайы шұңқыр қазып, залал­сыз­дандырдық. Биыл ауыл тұр­ғындарына қысқа ерте қамдану қажеттігін айтып-ақ жүрмін. Бір жақсысы, серіктестік басшы­лары қолы қысқа адамдарға қа­рай­ласып, бума-бума шөптерін беріп жатыр. Өткен қыста жанымыз қысылғанда осындай үш жүз келілік бір бума шөп­ті 25 мың теңгеден сатып алып едік. Негізінде ауылға осы се­ріктестіктердің келгені, ел игі­лігіне пайдасы тимей жат­қан жерімізді алып жұмыс істегені жақсы болып тұр. Бү­гін мына мек­теп­тегі құрылыс жұ­мыс­тарының барысын көрейін деп келіп едім. Енді аз күнде аяқталатын сыңайы бар.

Ел қамын жеген осындай ақсақалы, шарапатын тигізіп жатқан инвесторлары бар ауыл несібесі мол болары анық.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы