Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізу туралы тапсырмасын іске асыру аясында Қаскелең қаласында Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің «Future University» жобасы жүзеге асатын болады.
Жоба бойынша аталған университеттің жаңа студенттік кампустары Қаскелеңде бой көтереді. Атап айтқанда, қала маңынан бөлінген 15 гектар аумаққа әрқайсысы 60 мың шаршы метрді құрайтын екі оқу корпусы және 6 мың студентке арналған заманауи үлгідегі жайлы жатақхана салынады деп жоспарланып отыр. Жобаның инвестициялық құны шамамен 100 млн долларды құрайды.
Жобаның ашылу салтанатына Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығыметов, Нью-Йорк киноакадемиясының президенті Майкл Ян, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов қатысты. Осыдан кейін қонақтар университет ғимаратына келіп, аталған жоба туралы бейнекөрсетіліммен танысты.
Онда алғашқы рет жасанды интеллектінің көмегімен Алматы қаласынан шығатын қоқысты тасымалдау, өңдеу және тұрмыстық қалдықтардан жаңа технологияларды пайдалана отырып, алынатын көгілдір отынды игеру, оны тиімді пайдалану туралы төрт жаңа жоба – стартап таныстырылды. Аталған жобалар жасанды интеллект пен роботтехниканы пайдалана отырып, тұрмыстық және өндіріс қалдықтарын сұрыптау, қайта өңдеу және пайдалану технологияларын көрсетті. Дамыған мемлекеттерде қалдықтардың 80 пайыздан астамы өңдеуден өтетінін ескерсек, елімізде бұл небәрі 15 пайыздан аспайды. Бұл қоршаған орта мен экологиямызға, экономикамызға да зор шығын әкелетіні белгілі.
Қаскелең қаласындағы Креативті индустрия паркінің ашылу салтанатында сөз бастаған Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығыметов «Future University» жобасы және оқу орнының алға қойып отырған тың бастамалары туралы баяндады.
«Future University» жобасы бойынша жаңа оқу корпустарының ашылуы мұндағы оқу бағдарламасын жетілдіруімен қатар, жаңартылатын және атом энергетикасы, жасанды интеллект, роботтехника, жасыл және климаттық технологиялар, киноиндустрия мен ойындар саласы бойынша маман даярлайтын Орталық Азиядағы жетекші оқу орындарының біріне айналады», деді университет ректоры.
Сондай-ақ «Future University» Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирел университетіне көршілес қоныстануы екі жоғары оқу орнының бірігіп жұмыс істеуіне мол мүмкіндік береді. СДУ бүгінде еліміздегі жетекші университеттердің біріне айналғаны ақиқат. Сондықтан студенттер мен оқытушыларды алмастыру, ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру, университеттің құрылымы мен техникалық мүмкіндіктерін бірігіп пайдалану арқылы заманауи мамандарды даярлау, озық жаңалықтарды жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Жоғары оқу орындары арасындағы өзара әріптестіктің нәтижесінде табиғаты көркем Қаскелең қаласы да жедел дамып, 20 мыңнан аса студенттің құтты мекеніне айналары сөзсіз.
Өз кезегінде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов халық саны жарты миллионға жуықтайтын ауданның өндірістік саласы күн өткен сайын дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, аудан аумағында екінші жоғары оқу орнының ашылуын қуана құптайтындығын білдірді. Сондай-ақ ол Қаскелең қаласының студенттер қалашығына айналуы өңірдің дамуына даңғыл жол ашатынын атап өтті.
Алматы облысы