Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сөз басын депутаттардың өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізгенінен бастады. Айталық, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданып, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдарды айрықша атап өтті.
Осы ретте қоғамдық бақылауға қатысты ой қоса кетсем деймін. Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, кейбір елдерде қылмыс көрсеткіштері жоғары, кейбірінде төмен. Ол енді бірінші кезекте қабылданған заңдарға, екіншіден, сол заңнамалардың жұмыс істеуін қадағалайтын тиісті органдарға да тікелей байланысты.
Елімізде қылмыс түбегейлі жойылды деп те айта алмаймыз. Адам өміріне қол сұғу, жеке бас қауіпсіздігіне әсер ету фактілері бар. Сол себепті Мемлекет басшысы Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру Президент ретіндегі басты міндетінің бірі екенін атап өтіп, құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті екенін нақтылап айтты. Яғни министрлікке бағытталған бұл тапсырманың астарында мемлекеттегі қылмыс әлемін құртып, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажеттігі тұр.
Егер бұл мәселеде құқықтық жағынан өзгерістер қажет болып, заңнамаларды қатайту керектігі туындаса, біз, депутаттар оған дайынбыз. Мәселен, есірткіге қатысты заңнама бойынша оны таратушыларға ғана емес, өндірушілерге де барынша қатаң жаза тағайындауды ұсынып отырмыз. Қазір таратушы да, жасаушы да бірдей баппен жазаланады. Шын мәнінде, негізгі мәселе оны дайындауда болып тұр. Міне, алдымен сол дайындаушыларды қатаң жазалау керек. Ал сол дайын өнімді таратып, діттеген жеріне жеткізіп жүрген – жастар. Көбіне солар ұрынады.
Тағы бір мәселе ретінде ауыр жазаны кейбір азаматтарға жеңілдету жайын айта кетуге болады. Яғни қателікпен, жастықпен, қысылғаннан қылмысқа барып, ауыр жаза, ұзақ мерзім арқалап кетіп жатқандар да жоқ емес. Ал керісінше, қылмыстық әрекеттермен үнемі әрі жүйелі түрде айналысып жүргендерге өте қатаң жаза қарастырылуы керек-ақ. Шешім әділ болуға тиіс.
Әскердегі өлім-жітім де алаңдатып отырғаны белгілі. Жалпы, біздің әскерде, кез келген күштік құрылымның әскери бөлімдерінде тәрбие мәселесі дұрыс жолға қойылу қажет. Оның үстіне қазіргі заңнама бойынша ата-ана өзінің баласы әскери міндетін өтеп жатқан бөлімге барып, оның тыныс-тіршілігімен, хал-жағдайымен таныса алады. Мұндай өзгеріске Үкіметтің қарсы болғанына қарамастан, депутаттар өткен сессияда бұл норманы қабылдады.
Біз, расында, офицерлердің сарбаздарға деген көзқарасын өзгертуіміз керек. Олар әскерге енді келген жас жігіттерді өзінің баласындай, інісіндей, жақын туысындай көргені жөн. Егер біз ол көзқарасты өзгерте алмасақ, жағдай осылай жалғаса бермек. Әрине, әскери жарғы, тәртіптің бұзылуына жол берілмеуі керек. Дегенмен ешбір ата-ана баласын әскерге ауру арқалап, мүгедек болып келсін деп жібермейді. Ел алдындағы азаматтық борышын өтеу арқылы отансүйгіштік тәрбиемен сусындап, үлкен мектептен өтіп, азамат ретінде қалыптасып келсін деп әскерге аттандырады. Сондықтан ол жақтағы оның ата-анасы, ағасы, ұстазы, тәлімгері офицер болмақ. Ал олар осыны түбегейлі түсінбейінше біз ешнәрсе өзгерте алмаймыз.
Министрден бастап, қорғаныс саласындағы барлық деңгейдегі, әсіресе, тәрбиеге жауапты басшылар, командирлер осыны офицерлердің санасына құюы керек. Заңмен бәрін түзей алмаймыз. Ол мүмкін емес. Санаға, көзқарасқа өзгеріс қажет. Ендігі жерде тиісті органдар, мекемелер осы мәселе төңірегіндегі насихатты қолға алуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары да әскердегі әлімжеттік ісіне, офицерлердің сарбазға деген көзқарасының дұрысталуына көбірек қалам тербегені жөн. Қоғамдағы белсенді азаматтар да бұл елдік деңгейдегі істен шет қалмағаны жөн.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты