• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 11 Қыркүйек, 2024

Этноауылдағы «балалар әлемі»

567 рет
көрсетілді

Елорда төрінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтіп жатыр. Дүбірлі дода барысында қалада этноауылдар жұмысын бастап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Көшпелілер әлемі» деп аталатын этноауылда тек спортшылар мен қала тұрғындарына ғана емес, кішкентай балақайларға да жағдай жасалған. 

Мұнда түрлі жастағы балалар үшін ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. Кішкентай әуесқойлар ұлттық спорт түрілері бойынша, дәлірек айтқанда, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату сынды ойындарды ойнап көре алады.

Этноауылдарда ежелгі дәстүрлердің байлығы мен көшпелі мәдениеттің мәңгілік рухын сезінуге болады. Осының барлығын бақылап жүрген әр балақайдың бойында патриоттық сезім ұлғайып, Отанға, салт-дәстүрлерге, ұлттық спорт түрлеріне деген сүйіспеншілік арта түседі.

Этноауылдағы балаларға арналған бағдарламалар кішкентай келушілердің уақытын пайдалы өткізуге бағытталған.

Одан бөлек, «Өнер ордасы» аталатын басты сахнада күн сайын 12:00-ден 17:00-ге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік аймақтық ұжымдар өнер көрсетіп жатыр. Этнофольклорлық ансамбльдер, қазақ ұлттық оркестрлері, солистер және би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өнерлерін паш етіп жүр. 

Тұлпарды тай күнінде-ақ жазбай танитын атбегілерше түйсек, садақты кере тартқан бүлдіршін қыздың түр-тұлғасы баптасаң мерген болардай екен.

5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – Қазақстан үшін жылдың ең маңызды оқиғасы. Айтулы іс-шараға әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушы атсалысып жатыр.

Этноауылға келушілер арасында да күштік, интеллектуалдық бәсекелер тартысты өтіп жатыр.

«Шөл дала кемесімен» қалада серуен құрған бақытты балақай.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлинг (таяқ тарту) бойынша күш сынасып жатқан көңілді жастар.

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында Қазақстан құрамасының асығы алшысынан түсіп тұр. Командалық есепте топ жарған ел намысын болашақта бала күнінен асық атып үйренген осындай бүлдіршіндер қорғаса керек...

Міне, этноауылдағы «балалар әлемі» осындай. Астанада ашылған бес этноауылдың барлығы - кішкентай балақайлар үшін қызықты алаң.

Еске сала кетейік, елордадағы этноауылдарға кіру тегін. Ал Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының спорттық жарыстарына билет бойынша кіруге болады.