• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2024

Оқушылар сарайының іргетасы қаланды

77 рет
көрсетілді

Жаңаөзенді дамыту мәселесі күн тәр­тібінен түскен емес. Қыр­күйек айы басталысымен мұнайлы қалада оқу­шы­ларға арналған нысанның іргетасы қалануы да осы мақсат аясындағы іс.

Жаңадан бой көтеретін «Bolashaq Sarayi» оқушылар сара­йын қала­дағы балалар мен жас­­тардың жан-жақты дамуына бар­лық жағдай жасалған заманауи бі­лім ұйымы мен мәде­ни орта­лық ретінде салу жоспар­лан­ған.

 – Мемлекет басшысы­ Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­­был­дауында болған кезде Жаңа­өзен қаласында оқушы­лар сара­йын тездетіп салуды тап­сыр­ған еді. Сол күннен бастап құ­­рылысқа қатысты жұмыс жүргізіле бастады. Маңғыстаудың болашағы – білімді, креативті жастарымыздың қолында. Нысан жас ұрпақтың шығармашы­лық қабілетін дамытуға, жаңа мүмкіндіктерді игеруге жол ашады. Бәсекеге қабілетті балаларымыз еліміздің дамуына өз үлес­ін қосатынына сенімдімін, – деді нысанның іргетасын қалауға қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан Оқу­шы­лар сарайының құрылысын қаржыландыру «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіп­орны «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен жүргізіледі.

 – Ұлттық компания Жаңаөзен қа­ласының дамуына, тұрғын­дарға пайдалы әлеуметтік ны­сан­дардың бой көтеруіне мән береді. Биыл сәуір айында ғана па­ралимпиадашыларға арнал­ған «Алға» спорт кешені ашылды. Компания Жаңаөзен оқу­шы­ларына жан-жақты қолдау көрсетеді. «Жарқын болашақ» грант­тық бағдарламасы бойынша еліміздің үздік білім орындарында, түрлі өнер колледждері мен спорт мектептерінде білім алуға 600-ден аса грант бөлінді, деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Асхат Хасенов.

350 орындық ғимараттың ауданы 3 мың шаршы метрді құрай­ды. Сарайда роботтехника, бағ­дар­ла­малау, 2D/3D модельдеу, шет тіл­дері, киім дизайны мен тігін, қолөнер, вокал және халық ас­пап­­тарында ойнау кабинеті ашылады. Сондай-ақ жаңар­тылатын энергия көздері, қолданбалы және жара­тылыстану ғылымдарының зертханалары, бей­нелеу өнері студиясы, әртістік, журналис­ти­ка, хорео­­графияға арналған телестудиялар құ­ры­лады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Асхат Хасенов­тің ком­­панияның қалаға әлеу­мет­тік нысан­дар салуға мән бере­тінін айтқан­дығын ескерсек, Жаңа­өзенде жақсы істер жалғасын табады деген сенім бар.                                                                                         

Маңғыстау облысы