• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2024

Құлсары тұрғындарының қуанышы

1549 рет
көрсетілді

Биыл көктемдегі тасқын су Атырау облысының тұрғындарын біраз әбігерге салды. Жем өзенінің арнасынан асқан тасқын су Құлсары қаласындағы 2 600 үйді басқан еді. Содан бері бүлінген 1 455 үй бұзылып, 1 187 баспана күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Бір күнде баспанасынан айырыл­ған 30 мыңнан аса құлсарылық­тың кей­бірі ағайын-туысын жағалап кет­ті. Көп­­шілігі Құлсары мен Атырау қаласындағы, көршілес Маңғыстау облысындағы жанашыр жандардың үйі мен эвакуациялық пункттерді, «Теңіз» кен орнындағы жатақханалардың қуықтай бөлмесін уақытша паналауға мәжбүр болғаны белгілі.

Атырау облыстық құрылыс бас­қармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсары қаласында жаңа шағын аудан бой көтерді. Шағын аудан «Болашақ» деп аталады. Мұнда 100 тұрғын үй салуға жергілікті 8 мердігер компания тартылды. Жаңадан бой көтерген 80 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қоры демеушілік танытты. Ал 20 үйді салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.

«Мердігерлер жұмысты маусым айын­да бастады. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінді. Жұмыс екі ауысыммен – күндіз де, түнде де жал­ғас­ты. Жаңа үйлерге су, газ, электр же­лісі тартылды. Осы кезге дейін 62 үй­дің құрылысы толығымен аяқталды. Енді 58 үйдің құрылысын қыркүйектің соңы­на дейін аяқтау көзделіп отыр», деді Н.Құсайынов.

Тұрғын үй құрылысын жүргізген мер­дігердің бірі – «Армандастар Атырау» ЖШС. Бұл серіктестік 14 үйдің құрылысын жүргізген. Серіктестік директоры Амандық Иманбаевтың айтуына қарағанда, құрылыс жұмысына отандық материалдарды пайда­ла­нуға басымдық берілген. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданынан тас әкелінген.

«Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Құлсары қаласындағы 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 миллиард 640 миллион теңге бөлініпті. Мұнда 1 үйді салуға шамамен 31 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «Etalon Project Group» ЖШС дайындаған екен. Серік­тестік дизайнның сақталуына жіті бақылау жүргізіп отыр. Ал техникалық қадағалауды «ZAF-Стройсервис» ЖШС жүзеге асырып келеді.

Тасқын судан зардап шеккен тұрғын­дарға құрылысы толық аяқталған 62 үйдің кілті тапсырылды. Тұрғындар қуанышын бөлісуге келген Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, енді шағын ауданда жаңа тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жос­парланып отыр. Сондай-ақ шағын аллея­лар салынады.

«Биыл көктем маусымы қапылыспен өтті. Енді қиын күндер артта қалды. Біз үлкен сынақты абыроймен еңсердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш-жігерімізді салдық. Енді бұл шағын ауданды дамыту бағдарламасы қолға алынады. Алдағы жылы әлеуметтік нысандардың қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені де салынады», деді Серік Шәпкенов.

Жаңа баспананың кілтін алған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бір-бірін құт­тықтап, кейбіреуі көзіне жас алды. Ал балалары қызыл лента бай­ланған кілтті ұстауға ұмтылып, бір-бірі­мен таласып жатты.

«Бұрын Автожолшылар шағын ауданында тұрған едім. Көктемде үйімді тасқын су басып, тұруға жарамсыз болып қалды. Содан бері жаңа баспанамыз болса деп аңсап жүр едім. Енді, міне, жаңа үйдің кілтін алып, қуанып тұрмын», дейді Шолпан Назарова.

Бірнеше айдан соң Аманғали Төлегенов те жаңа баспанаға ие болды. Ол отбасымен «Теңіз» кен орнындағы жатақханада шілдеге дейін тұрыпты. Кейін жатақхананы босатуды сұрапты. Оның отбасында 5 адам бар. Кейінгі 1,5 айдан бері баспана жалдап отыр.

«Әйелім екеуміз өтемақы алуға құжат тапсырдық. Қазір жасым – 62-де. Мұндай жаста ауыр жұмысты атқару қиынға соғады. Жас жігіт болсам, құрылыс жұмы­сын атқарар едім», дейді ол.

«Болашақ» шағын аудан аталғанымен, Құлсары қаласына дейінгі аралықта едәуір қашықтық бар. Бірақ мұны қызметтік көлікпен жүретін жергілікті әкімдіктің өкілдері «Құлсарыға тиіп тұр ғой» деп бас­қаша сипаттайды. Екі аралыққа қоғамдық көлік қатынамаса, әсіресе егде жастағы тұрғындар мен оқушыларға Құл­сарыға жаяу жету оңайға соқпайды. Ал­­дағы уақытта осы мәселе де ескерілгені жөн.

Өтемақы алғандардың бірқатары Құлсарыдағы баспаналарын жөндеуден өткізіп, кейбірі жаңасын сатып алған. Мәселен, су тасқынынан зардап шеккен­­дердің қатарында Қадырбек Қоспақов та бар. Оның үйіне 5 сәуірде тасқын су кірген.

«Тасқын су тез келді. Тіпті заттарымызды жинауға, киімдерімізді алуға үл­гер­­медік. Құжаттарымызды ғана алып, бас­панамызды тастап кетуге мәжбүр болдық. Су деңгейі тез көтеріліп, 20 күнде үйіміз жарамсыз болып қалды. Сол себептен көршілес Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылына барып, уақытша паналадық. Кейін Жылыой аудандық әкімдігінен көмек берілді», дейді Қ.Қоспақов.

Оның айтуынша, арнайы комис­сияның мүшелері бұрынғы үйіне зерделеу жүргізген. Содан соң бағалау комиссиясының мамандары оның үйін жарамсыз деп тануға шешім шығарыпты.

«Маусым айына дейін отбасымыз туралы мәліметтерді, жарамсыз деп танылған үйімнің құжаттарын арнайы комиссияға тапсырған едік. Комиссия өтемақыға берілетін қаржыны есептеп берді. Бес жұмыс күнінде арнайы есепшотыма өтемақы қаржысы түсті. Өтемақыға берілген қаржының мөлшері көңілімнен шықты», дейді Қ.Қоспақов.

Ол өтемақы қаржысын алған соң жаңа баспана сатып алуға бекініпті. Сөйтіп, Атырау, Ақтау, Ақтөбе қаласынан сатып алу нұсқасын қарастырған. «Жаңа баспана іздеп, біраз жүріп қалдық. Өтемақы қаржысына өзге қалалардан үй са­­тып алатындай мүмкіндік болды. Бірақ туған жер ыстық болады екен. Басқа қалаға көшіп кете алмадық. Сол себептен Құлсарыдан екі қабатты коттедж сатып алдық. Жақында көшіп келдік», деді ол.

Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың дерегіне қарағанда, өңірлік комиссия мүшелері тасқын судың салдарынан 300 кәсіпкерлік нысанның бүлінгені анықталған. Соған байланысты Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жүріп жатыр.

«Осы кезге дейін өңірлік комис­сияның 15 отырысы өтті. Соның қорытын­дысымен 288 кәсіпкердің өтініші қана­ғат­тандырылды. Кәсіпкерлерге өтемақы төлеу үшін 2,6 млрд теңге бөлінді», деп мәлімдеді С.Сабыров.

42 кәсіпкердің өтініші Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 10 желтоқсанға дейін қаралады. Жалпы, кәсіпкерлердің шығындарын есептеу жұмысына 13 бағалау компаниясынан 58 маман тартылған. Нысандары бүлінген кәсіпкерлер есептелген өтемақыға қатыс­ты шағым түсірмепті.

 

Атырау облысы