Астанада өткен «Paryz» cъезі отандық ірі жұмыс берушілердің басын қосты. Биылғы съездің басты оқиғасы – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы «Paryz» конфедерациясына қолдау танытты. Осылайша, өзара бірлесіп жұмыс істеуге конфедерацияның төралқа төрағасы Жұмабек Жанықұлов пен «Самұрық-Қазына» қорының Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Жиынға арнайы қатысқан Халықаралық еңбек ұйымының басшысы Жильбер Унгбо айтулы оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, Қордың қарапайым жұмысшыларға әлеуметтік бағытта жасап жатқан жұмыстарына оң баға берді.
«Paryz» бен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы маңызды меморандумға қол қойылу рәсіміне куә болдық. Бұл келісім – жұмыс берушілердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтуге негіз болады. Ал түйткілді мәселелерді әлеуметтік сұхбат арқылы шешуге болады», деп атап өтті Жильбер Унгбо.
Жұмабек Жанықұлов конфедерацияға қолдау білдірген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бастаған Қор басшылығына алғысын жеткізді.
Ғибрат Ауғанов бүгінде қордың компаниялар тобында 250 мыңнан астам адам қызмет етсе, олардың 230 мыңы өндіріс саласының жұмысшылары екенін атап өтті. Қордың корпоративтік басқару механизмі үздік халықаралық тәжірибелерге, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидаларына, Ұлыбритания кодексінің ережелеріне сай келеді.
Басқарушы директор Қордың кадрлық саясатының негізгі басымдығы қызметкерлер және олардың әлеуетін арттыру екеніне айрықша тоқталды. Қорға қарасты компаниялардың бәрінде жұмысқа адам іріктеу ісі толықтай автоматтандырылған және «Qsamruk.kz» орталықтандырылған платформасы арқылы жүзеге асырылады. Мұнда 550-ден астам компания, 247 мыңнан астам ізденуші тіркелген болса, сайтта барлығы 50 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған.
«Самұрық-Қазына» тобында басқарушы және атқарушы органдар құрамындағы әйелдердің үлесін арттыру бағытында да жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қор тобының жоғары басшылығында әйелдер үлесі 17 пайызды құраса, бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін арттыру межесі бар.
«Біз жастарды қолдауға да ерекше көңіл бөлеміз. Бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 84 мыңнан астам жас маман жұмыс істейді. 2022 жылдан бері Қордың бастамасымен 18 өңірде 216 жастар кеңесі құрылды. Жас мамандар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында су тасқынының салдарларын жою жұмыстарына белсенді қатысты. Президент бастамасымен қолға алынған бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Жас мамандарға арналған «Жеті қадам» арнайы көшбасшылық бағдарламасы іске қосылды. Оның қатысушылары кәсіпорындар қызметін жақсарту бойынша тың бастамалар көтеріп жүр», деп атап өтті Қордың басқарушы директоры.
«Самұрық-Қазына» қорында әлеуметтік саясатты жүргізу аясында жұмысшылармен әділ сұхбат құру жолға қойылған. Жылына екі мәрте 250 мың қызметкер арасында «Samruk Research Services» әлеуметтік зерттеуі жүргізіліп, жұмысшылардың есендігі, оларды алаңдататын мәселелер зерттеледі. Сондай-ақ жұмысшылардың Қорға өзін мазалайтын сұрақ бойынша тікелей хабарласуына мүмкіндік беретін кері байланыс бар.
Өндірістік қауіпсіздік саласында да ілкімді істер жетерлік. Биыл Қор Өндірістік қауіпсіздікті басқарудың 2028 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітті. Бұл құжатта заңнама талаптары мен үздік әлемдік тәжірибелер қамтылған. Компаниялар тобы 2022 жылы «Vision Zero» әлемдік тұжырымдамасына қосылып, қазір оның 7 алтын ережесі енгізіліп жатыр.
Соңғы 3 жылда Қордың еңбекті қорғауды басқару жүйесінде көптеген жұмыс атқарылып, бұл жарақаттану көрсеткіштерінің төмендеуіне әкелді. 2021 жылмен салыстырғанда 2023 жылы жарақат алғандардың саны 10%-ға азайды. Адам өліміне соқтырған қайғылы оқиғалар саны 22%-ға төмендеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы меморандум аясында конфедерациямен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейтетін болады.