• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 13 Қыркүйек, 2024

Қылмыстық кодекстегі қисынсыз бап немесе киік мүйізінің әуресі

81 рет
көрсетілді

Мәжілістің осы аптадағы жалпы отырысында төменгі палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Абзал Құспан еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық са­уал жолдап, онда киіктің мүйізіне бола әділетсіз сотталып кетіп жатқан отандастарымыздың жанайқайын жеткізді. Сондай-ақ депутат еліміздің батыс өңіріндегі киікке қатысты, сол киіктің шамадан тыс көбеюі салдарынан туындаған жергілікті ­шаруалар мәселесін былтырдан бері тұрақты түрде көтеріп келе жатқанын, алайда Үкімет бұл мәселелерді шешуде қауқарсыздық танытып отырғанын айтты.

Жалпы алғанда, Абзал Құспан киік­тер­дің көбеюінен туған мәсе­лелердің бірі – киіктің дериваттары үшін заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған кәнігі браконьерлер немесе осы «кәсіпті» иеленіп алған ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері емес, қара­пайым ауыл тұрғындары.

«Оларды әділетсіз сотталды деуіме өзім оқып, танысқан жүз­ден аса сот актілері нақты дә­лел. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақта­ған, тасымалдаған) адамдарды қор­шаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп жаппай соттау тәжірибесі 2021 жылдың тамыз айынан басталды. Оған Жоғар­ғы соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтің облыстық сот басшыларына жол­даған нұсқау хаты негіз бо­лып отыр. Хат Қылмыстық ко­декс­тің 339-бабын түсіндіруге ба­ғыт­талғанымен, мәні бойынша тіке­лей нұсқау формасында рәсім­делген», дейді А.Құспан. 

Ал айдың-күннің аманында елдің берекесін алған бұл хаттың жазылуына сол кездегі Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің ақпа­раты алғышарт болған екен. Киік­ті атуға қатысы жоқ азаматтар бұ­ған дейін Қылмыстық кодекс­тің 339-бабының 1-бөлігімен сотталып келген. Енді жоғарыда аталған хаттың салдарынан 2021 жылдың тамыз айынан бастап, олардың әрекеті сол баптың 3-бө­лігімен дәрежеленетін болған. Яғни сотталушылардың мойны­на жүздеген миллионнан бірне­ше миллиардтаған сомаға дейін айыппұл салынып, сот нақты бас бостандығынан айыру үкімін де кесіп жіберіп жатыр екен.

– Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік, кез келген қылмыстық іске қатыс­ты қолданылатын басты қағи­дат – қылмыстық әрекетпен одан келген залалдың арасындағы се­беп-салдарлық байланыстың анық­талмауы. Барлық жағдай­да іс бір сценариймен жүреді, киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан ­Эко­­логия министрлігінің уәкі­летті комитеті арқылы киік­тің құны шығарылады (бір киік 2,5 млн теңге). Ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өл­тіру арқылы табиғатқа аса ірі мөл­шерде зиян келтіргені үшін соттайды. Ол киіктің өлу се­бе­бі өз ажалынан ба, әлде та­биғи апаттан болды ма, басқа қа­рулы адамдар тобы атып өлтір­ді ме, оны тергеуші де, сот та анық­­тап жатпайды. Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиын­дық құнының жоқтығы се­бепті, яғни қажеттілігінің болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкімет­тің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ, – деді депутат.

Абзал Темірғалиұлы жазғы парламенттік каникул кезінде Батыс Қазақстан облысында бо­лып, осы жағдайлармен сот­талған азаматтардың туыстарымен жүздескен екен. Сондай-ақ өңірдегі адвокаттар алқасында жиналыс өткізіп, судьялармен де жолыққан. Сондағы бірінің айтқаны – Жоғарғы соттан келген нұсқау хат.

Депутат Павлодар қаласына барған сапарында түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кез­дескен. Айтуынша, ол жерде 58 азамат отыр. Әрқайсысының мой­нына үлкен көлемдегі айып­пұл артылған. Заң тілі­мен айтсақ, залалды өндіру жүк­тел­ген. Ал ол со­маны сотталушы ғұ­мы­рының со­ңына дейін өтеп үл­гер­мейді.

– Осының салдарынан көп­теген отбасы ажырасып жатыр. Ең сорақысы, олардың арасында іштерінде бірде-бір браконьер жоқ. Есесіне, Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр, – дейді депутат.

Осылайша, ауылдағы ағайын­ның аманатын жеткізіп, араша сұрап отырған Абзал Құспан Конституцияға сәйкес барлық заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін, ең жоғарғы қадағалаушы органның басшысы ретінде Бас прокурор Берік Асыловтың атына үш ұсынысын жолдап отыр.

Алдымен бұған дейінгі Бас прокурор тарапынан Жоғар­ғы сотқа жолданған ақпаратты кері қайтаруды сұрады. Одан кейін Жоғарғы соттың облыс­тық сот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жою керектігін жет­кізді. Үшіншіден, Қылмыс­тық кодекстің 339-бабы, 3-бөлігі­мен шыққан сот Үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұрады.

– Сол арқылы әр судьяның ­істі қарау барысындағы тәуелсіз­дігі туралы Конституциялық нор­­ма­ның сақталуына, әділетті сот прак­­тикасын қалыптастыру­ға және­ заңсыз сотталған аза­мат­­тар­дың Конституциялық құқық­та­ры­­­ның сақталуына ықпал ете­сіз, – дейді А.Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында.

Расында, депутат А.Құспан­ның көтеріп отырған мәселесі сот саласын жүйелеп, реформалау ісінде әлі де атқарылар жұмыс­тың аз емес екенін көрсетіп отыр. Әрине, біздің мақсат дәл осы бап­пен сотталып жатқандарды ақтап алу емес. Қанша дегенмен жұрт мүйізде тұрған не бар деуі мүмкін, бірақ сол мүйіздің артында қаптаған қалың киік бар. Интернетті ақтарсаңыз, киік­­­тің мүйізімен ұсталып, сотталып жатқан азаматтар жайлы ақпа­рат толып жүр. Мәселен, 2020 жылы Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жеңіл автокөлікпен 632 дана киік мүйізін үш қапшыққа салып, алып келе жатқан адам қолға түсі­ріп еді. Ал осы 632 мүйіз үшін 316 киіктің оққа ұшқаны белгілі.

Сондай-ақ 2022 жылы тағы да сол Батыс Қазақстанда құны ­2,5 млрд теңге тұратын киік мүйі­зімен ұсталғандар сотталды. Олар 1 169 киік мүйізін жинап, сақтап, Ресейге өткізбек бол­ған. Оңай олжаны көздеген арам­за тірліктері өрге баспай, поли­цияның қолына түскен. Сөй­тіп, Орал қалалық соты­ның үкімімен бірі – 8 жылға, екін­шісі – 7 жылға бас бостандығынан ­айырылды. Бес-алты мүйіз болса бір жөн, мың­дап жинастырып, оны шетелге сатумен айналысып жүргендер жөнінде әңгіме бөлек. Ал Абзал Құспан айтқан мәселе бойынша біз де жуық арада Бас прокура­тура­ның жауабын алып, бұл мәсе­ле­­нің анық-қанығына жетуге тыры­са­мыз. Өйткені киіктің киесінен ­гөрі мүйізінің әуресі көп болып ­тұр­ған сыңайлы.

Ғалымдардың сана­ғын­ша, жер бетіндегі киіктер­дің ­80 пайы­зы елімізді мекен­дейді. Ел­дегі бөкендердің үш по­пуляциясы­ның ең үлкені Батыс Қазақстан ­облысында шоғыр­­ланған.