Қазақ даласын дүбірі кернеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бесінші жарыс күні де аяқталды. Ел қоржынына 31 алтын, күміс, қола медаль байланып, жалпы есепте көш басында сенімді тұр. Еліміздің мерейін үстем еткен саңлақтар сын сәтінде намысын қайрап, жігерін жанып. мәртебемізді биіктетті. Әсіресе көкпардың финалдық сайысы аса тартыспен өтіп, «Қазанат» ипподромын көшірердей гулеген 10 мың жанкүйердің жүрегін қозғаған дода болды.
Көкпар додасының қола жүлдесі үшін Ресей құрамасы Түркиядан келген көкпаршыларға қарсы сайысқа шықты. Құрамасын негізінен қырғыз көкпаршыларынан жасақтаған Ресей ойыншылары жеңіске жетуге аса көп күшін сарқи қоймады. 8:2 нәтижесімен ұтып, қола медаль иегері атанды.
Негізгі тартыс Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қырғызстан ұлттық құрамасы арасындағы финалдық сайыста өрбіді. Төрешінің ысқырығынан кейін алаңға лап қойған шабандоздар «не бел, не белбеу кетеді» деп шыққанын ә дегеннен әйгіледі. Ұлттық құраманың үздігі Ернар Әлімбай алғашқы минутта-ақ ағызып келіп серкені іліп әкетті де, арғымағымен құйындап келіп есеп ашқан. Бірақ Манас Ниязовтай тегеурінді көкпаршысы бар қырғыз құрамасы дереу ес жиып, таразы басын теңестірді. 6-минутта Құбанышбек Шоқанұлы кезекті салымды еншісіне жазды. Осыдан кейін-ақ олардың ойыны жүрді. Тіпті 1-таймда 1:3 есебімен алға да шығып алды. Абылайхан Нышанбеков жердегі серкені іліп алып тақымына басты да қарсыластың шеңберіне қарай құйындай ағыза жөнелді.
Есеп айырмасын қысқартудың орайлы сәті туған еді, бірақ қырғыз құрамасының қорғанысындағы ойыншылардың аттарының естілігі сондай, иесінің ойын айтқызбай ұғатындай көрінді. Жанымызға жайғасқан қырғызстандық әріптесіміз «біз аттарды көкпарды намыс үшін шабуға үйретеміз» деп мақтанып та қойды. Әліптің артын бағып, әлі 2-тайм бар екенін ескертіп сабасына түсірдік.
Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев бастаған, аға жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов қостаған мамандар үзілісте қайрау сөзін қадап айтып, намыс додаға түскен шақта жай отындай жасын ойнату қажеттігін жетесіне жеткізе зердесіне құйса керек, 2-таймды саңлақтарымыз ширақ бастады. Тасқамал қорғанысты бұзып-жарып айқын басымдықпен алға шыққан қарсыластарының жеңісті ерте тойлауына мұрсат берген жоқ. Таразы басын теңестіріп қоймай, тіпті 4:3 есебімен алға шыққан. Ойынның негізгі уақыты түгесілуіне 30 секунд қалған еді. Құрсағына біткен шаранасына құндағына ұл болып оралса, өмірге улақшы (көкпаршы) келді деп қуанатын қырғыз ойыншылары жанкештінің өзі екен. Таразы басын теңестіріп кетті.
Осылайша, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көкпардан чемпиондық атағы қосымша 10 минуттық уақытта анықталды. Яғни осы уақыт ішінде қай команда бірінші салым салады, сол жеңіске жетеді. Қазақ спортының бағына туған Құрманбек Тұрғанбек мидай араласқан доданың ортасынан серкені суырып әкетті де, қырғыз құрамасының қорғанысын бұзып-жара жеңіс салымын салды. Қазақстан құрамасы – көкпардан этноспорт Олимпиадасының чемпионы!
Екі жыл бұрын Түркияда өткен көшпелілер аламанында көкпардан финалдық тартыс Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасында өтіп саңлақтарымыз чемпион атанған болатын. Бұл жолы да сол биігінен көрінді. Ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына көктемде тағайындалған Ақылбай Манкеев шәкірттерінің жеңіске жетуде аянып қалмағанына разылығын білдірді.
«Біз о бастан-ақ басты қарсылас қырғыз көкпаршылары болатынын айттық. Себебі бұл елде көкпар ойынынан команда арасындағы сайыс жылына бірнеше мәрте ұйымдастырылады. Жастар құрамасы да, ересектер командасы да өте тегеурінді. Аттары да әбден бейімделген. Финалдық сайыс аса тартысты өтті. Тіпті біздің жігіттер 4:3 есебімен алда тұрғанда қорғанысымыз сыр берді. Бірақ қосымша уақытта жігіттер намысқа басты. Барша қолдауға келген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз», деді бас бапкер.
Жеңіс салымын салған Құрманбек Тұрғанбек финалдық сайысқа тек жеңіс үшін шыққанын айтты. «Екі мәрте салымды болғаныма қуаныштымын. Әрине, жеңіске жетуге себепкер болған салым менің еншіме жазылғаны зор мәртебе. Қырғызстан құрамасының мүшелерін көкпардан күміс жүлде алуымен құттықтаймын. Бұл екі елге де ортақ ұлттық ойын. Жеңіс бірде оларға ауса, бірде біздің қанжығамызға байланады», деді көкпаршы.
Көкпардан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атанған ұлттық құрама мүшелері 10 миллион теңге сыйақыға кенелсе, күміс медаль еншілеген Қырғызстан құрамасына 6 миллион, қола жүлдегер атанған Ресей көкпаршылары 4 миллион теңге берілді. Көкпар сайысының үздік ойыншысы атанған Манас Ниязов 2 миллион теңге сыйақы алды.