• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 12 Қыркүйек, 2024

Алтын медаль – қанжығада!

58 рет
көрсетілді

Қазақ даласын дүбірі кернеген V Дүниежүзілік көш­пе­лілер ойындарының бесін­ші жарыс күні де аяқ­талды. Ел қор­жынына 31 алтын, күміс, қола медаль байланып, жалпы есепте көш басында сенімді тұр. Еліміздің мерейін үстем еткен саңлақтар сын сәтінде намысын қай­рап, жігерін жанып. мәртебемізді биіктетті. Әсіресе көкпардың финал­дық сайысы аса тартыспен өтіп, «Қазанат» ипподромын кө­шірердей гулеген 10 мың жан­күйердің жү­регін қозғаған дода болды.

Көкпар додасының қо­ла жүлдесі үшін Ре­сей құ­ра­масы Түркия­дан келген көкпаршыларға қарсы сайысқа шықты. Құра­масын негізінен қырғыз көкпар­шыларынан жасақтаған Ресей ойыншылары жеңіске жетуге аса көп күшін сарқи қоймады. 8:2 нәтижесімен ұтып, қола медаль иегері атанды.

Негізгі тартыс Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қырғызстан ұлттық құрамасы арасындағы фи­налдық сайыс­та өрбіді. Төре­шінің ысқырығынан кейін алаңға лап қойған шабандоздар «не бел, не белбеу кетеді» деп шыққанын ә дегеннен әйгіледі. Ұлттық құраманың үздігі Ернар Әлімбай алғашқы минутта-ақ ағызып келіп серкені іліп әкетті де, арғымағымен құйындап келіп есеп ашқан. Бірақ Манас Ниязовтай тегеурінді көкпаршысы бар қырғыз құрамасы дереу ес жиып, таразы басын теңестірді. 6-минутта Құбанышбек Шоқанұлы кезекті салымды еншісіне жазды. Осыдан кейін-ақ олардың ойыны жүрді. Тіпті 1-таймда 1:3 есебімен алға да шығып алды. Абылайхан Нышанбеков жердегі серкені іліп алып тақымына басты да қарсыластың шеңберіне қарай құйындай ағыза жөнелді.

Есеп айырмасын қысқартудың орайлы сәті туған еді, бірақ қырғыз құрамасының қорғанысындағы ойын­шылардың аттарының естілігі сондай, иесінің ойын айтқызбай ұғатындай көрінді. Жанымызға жайғасқан қыр­ғыз­стандық әріп­тесіміз «біз аттарды көкпарды намыс үшін шабуға үйретеміз» деп мақтанып та қойды. Әліптің артын бағып, әлі 2-тайм бар екенін ескертіп сабасына түсірдік.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев бастаған, аға жаттықтырушы Нұрдәулет Мо­мынов қостаған мамандар үзі­лісте қайрау сөзін қадап айтып, намыс додаға түскен шақта жай отындай жасын ойнату қажеттігін жетесіне жеткізе зер­десіне құйса керек, 2-таймды саңлақтарымыз ширақ бастады. Тасқамал қорғанысты бұзып-жарып айқын басымдықпен алға шыққан қарсыластарының жеңісті ерте тойлауына мұрсат берген жоқ. Таразы басын теңестіріп қоймай, тіпті 4:3 есебімен алға шыққан. Ойынның негізгі уақыты түгесілуіне 30 секунд қалған еді. Құрсағына біткен шаранасына құндағына ұл болып оралса, өмірге улақшы (көкпаршы) келді деп қуанатын қырғыз ойыншылары жанкештінің өзі екен. Таразы басын теңестіріп кетті.

Осылайша, Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының көкпардан чемпиондық атағы қосымша 10 минуттық уақытта анықталды. Яғни осы уақыт ішінде қай команда бірінші салым салады, сол жеңіске жетеді. Қазақ спортының бағына туған Құрманбек Тұрғанбек мидай араласқан доданың ортасынан серкені суырып әкетті де, қырғыз құрамасының қорғанысын бұзып-жара жеңіс салымын салды. Қазақстан құрамасы – көкпардан этноспорт Олимпиадасының чемпионы!

Екі жыл бұрын Түркияда өт­кен көшпелілер аламанында көк­пардан финалдық тартыс Қазақстан мен Қыр­ғызстан құра­малары арасында өтіп саңлақ­тарымыз чемпион атанған болатын. Бұл жолы да сол биігінен көрінді. Ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына көктемде тағайындалған Ақылбай Манкеев шәкірттерінің жеңіске жетуде аянып қалмағанына разылығын білдірді.

«Біз о бастан-ақ басты қарсылас қырғыз көкпаршылары болатынын айттық. Себебі бұл елде көкпар ойынынан команда арасындағы сайыс жылына бірнеше мәрте ұйым­дастырылады. Жастар құра­масы да, ересектер командасы да өте тегеурінді. Аттары да әбден бейімделген. Финалдық сайыс аса тартысты өтті. Тіпті біздің жігіттер 4:3 есебімен алда тұрғанда қорғанысымыз сыр берді. Бірақ қосымша уақытта жігіттер намысқа басты. Барша қолдауға келген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз», деді бас бапкер.

Жеңіс салымын салған Құрман­бек Тұрғанбек финалдық сайысқа тек жеңіс үшін шыққанын айтты. «Екі мәрте салымды болғаныма қуаныштымын. Әрине, жеңіске жетуге себепкер болған салым менің еншіме жазылғаны зор мәртебе. Қырғызстан құрамасының мүше­лерін көкпардан күміс жүлде алуымен құттықтаймын. Бұл екі елге де ортақ ұлттық ойын. Жеңіс бірде оларға ауса, бірде біздің қан­­жы­ға­мызға байланады», деді көк­паршы.

Көкпардан V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының чемпионы атанған ұлттық құрама мүшелері 10 миллион теңге сый­ақыға кенелсе, күміс медаль еншілеген Қырғызстан құрамасына 6 миллион, қола жүлдегер атанған Ресей көкпаршылары 4 миллион теңге берілді. Көкпар сайысының үздік ойыншысы атанған Манас Ниязов 2 миллион теңге сыйақы алды.