• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 Қыркүйек, 2024

Қыранын қияға салған құсбегілер

105 рет
көрсетілді

Астана қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бесінші жарыс күнінде құсбегілер шеберліктерін сынады. Ел сенімін арқалаған саңлақтардың барлығы да бүркіт, қаршыға, ителгі салудан финалдық кезеңге өтті. Этноауыл маңындағы алаңда томағасын сыпырып қыранын қалықтатқан құсбегілер бекзада өнердің ұлылығын паш етті.

Құсбегілер сайысы басталмас бұрын мандаттық комиссияның отырысы өтіп, жеребе тартылды. Соның нәтижесінде сайысты бірінші болып еліміздің құсбегілері бастады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ел үмітін арқалап шыққан 9 құсбегі де – тәжірибесі толысқан, республикалық, халықаралық сайыстарда ысылған, ел чемпионатында топ жарған саңлақтар. «Бүркіт салу» санатында Астана қаласынан Серікбек Күнтуған, Абай облысынан Ерзат Байқадамов, Атырау облысынан Арман Қошқаров шеберлігін көрсетті. Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабай және Бағдат Кеуенов, астаналық Құдайберген Рауылұлы «Қаршыға салу» санатынан этноспорт аламанына қатысты. Ақмола облысынан Ерлан Кенжетаев, Жамбыл облысынан Бақдәулет Бабажан, Түркістан облысынан Ибрагим Базарбаев «Ителгі салудан» құстарының алғырлығын сынап, барлығы да финалға өтті.

Сарыарқа төсін дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына еліміздің құсбегілерінен сырт Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Испания, Канада, Мажарстан, Қытай, Грузия және Түркиядан, барлығы 42 қатысушы тіркелді. Үш санатта 18 бүркіт, 12 ителгі және 12 қаршығаның ұшқырлығы сыналды. Республикалық «Құсбегілік» феде­рациясының ережесіне сай ұйым­дастырылған тартыстың жылдан-жылға ауқымы да кеңейе түсті. Атадан балаға мирас болған, көшпелі халықтың көне мұрасы саналатын құсбегілік өнерді жаңғырту жұмысы қарқын алып келеді. 

Сайыстың ашылу салтанатында Қазақ­стан Пре­зидентінің кеңесшісі – Прези­денттің баспасөз хатшысы, Рес­публикалық «Құс­бегілік» федера­ция­сының президенті Берік Уәли мұндай сайыстарды өткізу жоғары жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. 

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көптеген шетелдік қонақтар келуі бұл доданың деңгейі жоғары екенін айқындай түседі. Құсбегілік өнерді ұлттық спорт деңгейінде дәріптеу, дамыту міндеті тұр. Бүгінгі этноспорт аламанында әр құрлықтан келген қатысушылар өз шеберлігін көрсетті», деді Берік Уәли. Федерация президенті төрешілер құра­мына сайысқа әділ төрелік етуді жүктеді.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында сынға түскен құсбегілердің шеберлігін бағалаған төрешілер алқасында 6 отандасымыз, Қырғызстаннан екі, Моңғолия мен Ресей Федерациясынан бір төрешіден бар. Құсбегілік сайысының бас төрешісі Марат Қойшин сайысты ұйымдастыру ережесі халықаралық стандартқа сай екенін атап өтті. Дүбірлі додаға келген құс­бегілерге сайысқа дайындығын пы­сық­тауына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

«Дүбірлі додада құсбегілер алдымен қолға шақыру және шырғаға салу бойынша сынға түсті. Сайыс өте тартысты өтті. Жергілікті жанкүйерлер мен шетелдік туристердің қиқуы әсер етті ме, шетелдік кейбір құсбегілердің ұшырған қырандары қолға шақыру сынында да, одан кейін шырғаға салуда да қателікке бой алдырды. Мұнда ең алдымен уақыт есепке алынады. Яғни төрешінің баста деген белгісінен кейін қыранын ұшырады, қарсы жақта қолға шақырған иесіне неше секундта жетіп, қолына қонғаны есепке алынады. Ал шырғаға салуда қыранның қырағылығы сараланды», деді бас төреші.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына құсбегіліктің үш санаты бойынша қатысқан команда құрамында 3 құсбегі, 1 бапкер, 1 мал дәрігері болды. Сайыста 18 жастан асқан ересек қатысушылар өнер көрсетті. Грузия елінен қатысқан құсбегі Левани Доборжигишвили бүркітінің жатырқағанын айтты.

«Бірінші жаттығуда ұшқан бүркітім маған қарай келмей, басқа бағытқа қайырылып кетті. Екінші жаттығуда да жолым болмады. Бұл сайыс бізге тәжі­рибе мектебі болды. Құсбегілік өнер­дің қиындығы да, қызығы да мол екенін Астанада өтіп жатқан дүбірлі додада тереңдей сезіндім. Финалдық сайысқа өткен қарсыластарымның барлығына сәттілік тілеймін», деді бүркітші.

Құсбегілік сайысының финалдық кезеңі бүгін өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.