Өндіріс үдерісіне үлес қосып жатқан компанияның бірі – өнеркәсіптік сүзгілерді шығарумен айналысатын «Asiafilter». Бас директор Индира Нұрланның айтуынша, компания сапа, сервис тұрғысынан шетелдік бәсекелестерден еш кем түспейді. Осы орайда кәсіпорын басшысымен сұхбат құрып, компанияның ғана емес, осы кәсіптің нарықтағы қазіргі ахуалын зерделеп көрдік.
– Біз негізінен ірі зауыт, фабрикалардың ауыстырылатын бөлшектерін қойып береміз. Көпшілік әлі де болса шетелдік өнімге иек артады. Шетелдік жеткізушілер де бар клиентін сақтап қалуға барынша тырысады. Сол үшін тұтынушыларға техміндеттемені, паспортты бермейді. Әрине, бұл алыпсатарлықты өрістетті және ол алыпсатарлар – отандық компаниялар емес. Көп жағдайда бізге құрылғы әкелетін еуропалық компания өкілдері Ресейде орналасқан. Сонда алыпсатарлықтың да жемісін шетелдік компаниялар көреді. Бұл жағдай валютаның сыртқы кетуіне жол ашады. Қазіргі сәтте ауа тазалайтын фильтрмен қамту бойынша отандық нарықтың 10-20%-ын еншілеп тұрмыз. 70-80%-дық межеге жеткіміз келеді. Негізгі тұтынушыларымыз – өндіруші компаниялар.
– 2022 жылғы геосаяси ахуалдың күрделенуі кәсіпке әсерін тигізді ме?
– Сол уақытта транспорт бағасы қымбаттады және жеткізу уақыты ұзарды. Сонымен қатар Еуропадағы өнім бағасы көтеріліп кетті. Өйткені олар негізінен газға қатты тәуелді ғой. Осы тұрғыдан теріс ықпалын сездік. Ал өндіруші компаниялар тарапынан сұраныс азайған жоқ. Өйткені ауа тазалайтын фильтрді ауыстырмаса өндіріс тоқтап қалады.
– Компания жетістігінің сыры неде? Қандай құндылық сіздерді алға жетелейді?
– Бәрі де үлкен мақсаттан басталады. Біз шағын және орта бизнес ретінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Оны «елдің қамы үшін істеп жатырмын» деп популизмге салынып айтсам да болады. Бірақ бизнесте патриоттық сезімге соншалықты орын жоқ. Бизнесте нарықтағы үлес пен ақша деген түсінік қана бар. Біз, яғни шағын және орта бизнес қаншалықты табысты, қаншалықты өміршең болған сайын өзіміз орналасқан өңірдің экономикалық қауіпсіздігін соншалықты қамтамасыз ете аламыз. 20-30 адамға жұмыс беріп отырсам, олардың әрбірі табыс табу арқылы кемі 4 адамға ықпал ете алады. Сонда мен кемі 80-100 адамның өміріне оң әсер тигізіп отырмын деген сөз.
– Қыз-келіншектер, әдетте, кәсіпте сән саласын, қоғамдық тамақтану саласын таңдап жатады. Сіздікі – өндіріс саласы. Қалайша дәл осы сүзгі өндіру сегментіне кеп қалдыңыз?
– Расында, неге осы салаға түсіп қалдым екен деп өзім де күнде ойланамын. Бәрі де мақсаттың масштабына байланысты сияқты. Ойлап қарасам, бала кезімнен-ақ ауқымды дүние істесем екен деп армандаппын. Егер мен сән салонын ашсам, сол үйде немесе сол ауданда тұратын санаулы әйелді ғана әдемі қыла аламын. Бәлкім, сол нәрсе себеп болған шығар – осындай ауқымды бизнеске келдім. Бұл – алыпсатарлық емес, үлкен өндіріс. Қаншама адамды жұмыспен қамтимын. Салықты адал әрі ашық төлеймін. Ол салық мемлекет, ел қажетіне жұмсалып жатыр. Төлеп жатқан салығымның артуы компания табысының да өсіп жатқанын айғақтайды.
– Мемлекеттің бизнеске қатысты саясаты көңіліңізден шыға ма?
– Шығады деп толық сеніммен айта аламын. Бірақ осы ретте аздап шегініс жасауға мәжбүрмін. Осы уақытқа дейін мемлекеттен несие де, жеңілдік те алмай, өз-өзімізбен дамыдық. Түсінгенім – мемлекет әрқашан көп жеңілдік жасаған. Бірақ оның ешбірі бізге жетпеген. Неге? Өйткені ақпараттандыру жүйесі әлсіз жұмыс істеген. Тағы бір айта кетерлік жайт – мемлекеттен бөлінген ақшаны біз естімейміз, соның есесіне оны пысық адамдар орта жолдан іліп кетіп жатты. Ол пысықайлар елдің адамы болып, ақша өзімізде қалып жатса ештеңе емес, мәселе олардың шетелдік компаниялар екенінде.
Ал қазір отандық өнімге ден қоя бастады. Бұрын ірі зауыттардың есігін мың рет қақсақ та, қарамайтын. Ресей бар, Германия бар, сен кімсің деген менсінбеушілік менмұндалайтын. Не әсер еткенін қайдам, қазір өзгеріс байқалады. «Сен отандық өндірушісің бе, келе ғой» деп құшақ жая қарсы алады. Себебі жылдың соңында олар жергілікті қамту үлесі туралы есеп өткізеді. Көбі осы күнге дейін қызметтер көрсетуді осы «қамту үлесі» санатына кіргізіп келді. Олар қандай да бір жөндеу жұмыстарын, қар тазалау жұмыстарын «жергілікті қамту үлесіне» кіргізіп жібереді де, тауар санатын елемей қоятын. Сөйтіп, тауар көлеңкеде қала беретін. Олар қызмет көрсету ұйымдарын сырттан шақыра алмайды ғой, сондықтан жергілікті компаниялар қызметін тұтынады. Ал тауарды сырттан алдырғанға үйреніп алған. Отандық тауарға мойын бұрып та қарамайтын. Енді сол сең бұзылды. Биыл естідім, енді екі санатты – «қызмет көрсету» мен «тауар тұтынуды» екіге бөліп қарастырады дегенді. Бәлкім, осы тәртіп себеп болып жатқан шығар.
– Сіздің өнімдер шетелдік өнімдерден несімен ерекшеленеді?
– Сапа тұрғысынан неміс фильтрлерінен кем түспейміз. Біз де сол еуропалық технологиямен істейміз. Бұл жерде тағы бір қызық нәрсе бар. Негізі, біз Еуропаға, еуропалық өнімге «уау» деп қараймыз. Ал шын мәнінде таңырқайтын түгі де жоқ. Бізге өзімізге деген сенім жетіспейтін секілді көрінеді. Дәл сондай инженер, дәл сондай талантты кадр, дәл сондай технология бізде де бар. Тіпті кей кезде бір-екі қадам алдамыз деп айта аламын. Бұл сөзді мен еуропалық азаматтармен жұмыс істеген тәжірибемнен кейін айтып тұрмын. Артықшылығымыз неде? Біріншіден, біз – отандық өнімміз. Дайындау және жеткізу мерзімі өте жедел. Сонымен қатар эксперттік көмек ұсынамыз. Егер зауыттағы фильтр жұмыс істемей қалса, қандай да бір ақау шықса, эксперттеріміз барып, шұғыл ретке келтіреді. Германиялық фильтрді алып, кейін соны жөндеуге шақыратын болсаңыз – германиялық компания өкілдері келгенше, ақауды анықтағанша, оны жөндеуге келіскенше, барлық қажетті құжатты әзірлегенше, қанша уақыт өтіп кетеді, тиісінше, зауыт бір ай бойы жұмыс істей алмай тұрып қалады.
Біздің зауыт төрт бағытта жұмыс істейді. Әкімшілік ғимараттар, бизнес-кеңселер, мектеп, аурухана, сауда орталықтары, барлығында фильтр тұр. Оның міндеті – ауаны ішке тазалап кіргізу. Салынып жатқан көпқабатты үйлерде де желдету жүйесі қарастырылған. Бұл бойынша бір цех жұмыс істейді. Фармацевтикада қолданылатын фильтрлер бар. Дәрі жасау барысында ауа абсолютті таза болуға тиіс. Ең жоғарғы сападағы, ең керемет тазаланған ауа операциялық залдарда болады.
Екінші фильтр түрлері зауыт, фабрикаларға жөнелтіледі. Негізгі тұтынушыларымыз – алпауыт металлургия, цемент зауыттары.
Үшінші сала – сұйық фильтрлендіру деп аталады. Мысалы, тағам өндірісінде. Онда қант сұйықтығын фильтрден өткізеді. Яғни ауа емес, сұйықтықты сүзгілейді.
Төртінші бағыт – фильтрленген салфеткалар. Ол негізінен, өндіруші компанияларда қолданылады. Мәселен, кен өндірілген кезде ол сүзгі арқылы өтеді. Сол жерде пайдалы, пайдасызы айырылып, жіктеледі. Төрт цех та Щучинск қаласында орналасқан. 25 қызметкеріміз бар. Соған қарамастан өндіріске әрдайым білікті маман іздейміз. 25 қызметкер осынша үлкен кәсіпорын үшін аз көрінетін шығар. Алайда жұмыстың бәрі автоматтандырылған, көп адамның қажеті де шамалы. Бұрын кәсіпорынның деңгейін жұмысшы санымен өлшейтін. Қазір «көп адамы бар компания – ірі компания» деген ұғымның күші жойылып келе жатыр.
– Дәл қазір өндіріс қуаты қай деңгейде?
– Орташа есептеумен алғанда, айына 7 000-8 000 сүзгі жасап шығарамыз. Жақында тағы бір автоматтық желіні іске қосамыз, демек өнім көлемі де арта түспек.
– Компанияның экспорттық әлеуеті қандай?
– Қырғызстан мен Өзбекстанға тауар жеткізіп отырмыз. Жақында Өзбекстанда филиал аштық. Қырғызстан да – дамушы нарық. Ол жаққа да белсенді тауар жеткізіп отырғымыз келеді. Ішкі нарыққа қатысты айтар болсам, жақын перспективада Шымкентте бір өндіріс нүктесін ашуды жоспарлаймыз. Шымкент – мегаполис және ірі өндіріс ошақтарына жақын орналасқан. Ауа райы да қолайлы. Басты экспорттық тұтынушымыз болып отырған Өзбекстан мен Қырғызстанға да жақын өңір. Осы факторларды ескере келе сол жақтан өндіріс орнын ашқан тиімді болмақ.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»