Табиғаты тамылжыған Талғар қаласындағы мәдениет үйінде ардагер спортшылар мен өнерпаздардың қатысуымен «Саламатты өмір салты» атты өнер фестивалі өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ілияс Сүгіров өнерді өміріне өзек еткен ардагерлерді құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.
«Ел іші – өнер кеніші» деген. Халқымыздың ұлттық бай мұрасын, өшпес өнерін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп, насихаттап жүрген ақсамайлы ардагерлердің ел мәдениетінің дамуына қосар үлестері орасан. Осы себепті, ардагерлер мен зейнеткерлердің қоғамдық белсенділігін нығайтып, оларды мәдени-бұқаралық іс-шаралармен қамту, шығармашылыққа құлшынысын арттыру – «Ардагерлер ұйымының» басты мақсаты.
Бұған дейін ауыл, ауданаралық байқаулардан топ жарған ардагерлер облыстық бәсекеде де жүзден жүйрік танылуға тырысты. Өңірдің барлық ауданы қамтылған өнер додасында ардагер өнерпаздар вокалды ансамбль, трио, дуэт, жеке орындаушы, мәнерлеп оқудан сынға түсті.
Халық композиторлары Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтің әндерін нақышына келтіре орындаған «Қос жұлдыз» байқауында облысқа қарасты 9 аудан, 1 қаладан 10 команда қатысып, сахнада барлығы 60 қария өнер көрсетті. Өнерпаздардың әрқайсысы түрлі салада қызмет атқарған ардагерлер. Бірі ұстаз, енді бірі дәрігер, келесісі тәрбиеші, басқа да сан салада табанды еңбек етіп, бүгінгі таңда құрметті демалысқа шыққан ардақты ата-әжелер.
Байқауға қатысқан қазыналы қариялар музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен табиғи дауыста тамылжыта ән шырқап қана қоймай, көркемсөз оқудағы шеберліктерімен көрермендерді тәнті етті. Іс-шара жеңімпаздары «Үздік вокалдық ансамбль», «Үздік трио», «Үздік дуэт», «Үздік жеке орындаушы», «Мәнерлеп оқу» аталымдары бойынша марапатталды. Барлық жеңімпаз ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Халықтық ән шашумен басталған өнер фестивалі ардагерлер арасында спорттық ойындарға ұласты. Онда облыстық шахмат және үстел ойындарынан мамандандырылған спорт мектебінің әдіскері Мерей Айнеков ойын ережесімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шахмат жарысы – терең ақыл мен епті стратегияға құрылған ойын, сонымен қатар ой-өрісті машықтандыратын, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға баулитын, есте сақтау қабілетін жақсартуға үлес қосатын спорт түрі болғандықтан, ардагерлердің бұқаралық спорттың бұл түріне қызығушылықтары ерекше екендігін аңғардық.
«Өмір бойы еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан ақсамайлы қариялардың қоғам назарында болуы орынды. Олардың шығармашылықпен айналысып, өнерлерін көрсетуде мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, қолдау білдіріліп тұруын қалаймыз. Жасы 80-ге жетсе де спорттан қол үзбеген қарияларымыз бар. Олардың өмірлік ұстанымдары мен ойын шеберліктері өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз», дейді жарысқа қатысушы ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбаев.
Ардагерлер арасындағы шахмат, дойбы турнирінің қорытындысы бойынша шахматтан Қарасай ауданы бойынша Амандулла Абдимуратов I орын иеленсе, Қонаев қаласынан қатысқан Жақсылық Ахметжанов II орынды қанжығалады. Өз кезегінде Иемберді Тастанов, Осман Гаппаров III орынға табан тіреді.
Дойбы жарысы бойынша Балқаш ауданынан Марат Қашқынбаев I орын, Қонаев қаласынан Е.Қабылов II орынды иеленсе, Талғар ауданынан Қ.Ахметов пен Іле ауданының ардагері Р.Садабаев III орын жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтармен қоса, диплом, алғысхаттар табысталды.
Алматы облысы