Ақордадағы салтанатты рәсімнен кейін Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев жұбайы, жазушы Сәуле Досжанмен бірге ұлт баспасөзінің қарашаңырағы – «Қазақ газеттері» серіктестігіне арнайы келіп, басшылығымен және журналистермен кездесті.
Серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Сәт Бесімбайұлын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған ең жоғары марапатымен құттықтап, «Халық қаһарманы» атағы кезекті мәрте өз иесін тапқанын тілге тиек етті. Кездесу барысында қадірменді қонақтың еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы қиын жылдарда, ең жауапты лауазымдарда қызмет еткені әңгіме арқауына айналды. Аяғынан тәй-тәй басқан жас мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласын, одан кейін қорғаныс саласын басқару, оны жаңа деңгейге шығару тек қабілетті де қарымды адамның ғана қолынан келетін. Сәт Бесімбайұлы ел басшылығы жүктеген осы тапсырмалардың үдесінен шығып, қолына қандай қызметті ұстаса да, әп дегеннен үйіріп әкетіп отырды.
«Сіз Қорғаныс министрі болып тағайындалған кезде 1992-1993 жылдары басталған ауыртпалық әлі де әскер саласына салмағын салып тұрған еді. Соның бәріне қарамай қиыннан қиыстырып жол тауып, қорғаныс саласына бірқатар реформа жүргіздіңіз. Сіздің ұйытқы болуыңызбен елдің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызы қорғаныс саласына жұмсалатын болды. Сол жылдары уақыт талабына жауап беретін екінші Әскери доктрина қабылданды. Осындай сүбелі еңбектеріңіздің бәрі бүгінгідей үлкен марапат иесі атануыңызға септігін тигізгеніне шүбә жоқ», деді Дихан Қамзабекұлы.
Сәт Тоқпақбаев өз кезегінде еліміздің барлық саласында болып жатқан елеулі жаңалықтарды қалт жібермей, халыққа жеткізіп отырған «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері редакциясына келуі де бекерден емес екенін жеткізді. «Баспасөз – әрбір мемлекет үшін әскери техникадан кем түспейтін қару. Журналистер – сол майдандағы сарбаздар. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз зор. Еліміздің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы барлық жаңалық пен жетістіктерді насихаттап келесіздер. Бүгінгі алып жатқан марапатыма орай қуанышымды сіздермен де бөліскенді жөн көріп, арнайы келіп отырмын», деді Халық қаһарманы.
Кездесу соңында Сәт Бесімбайұлы редакция ұжымымен естелік суретке түсті.