Таяуда Қонаев қаласында жаңа «Кроссфит» спорт алаңы ашылып, тұрғындарды, әсіресе балаларды зор қуанышқа кенелтті.
«Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көптеп саналады. Бүгінгі жаңа нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз», деді шараның ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Асхат Бердіханов.
Аталған нысанда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокспен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылған. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі. Он айдың ішінде құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген «Кроссфит» алаңында тұрғындар спортпен тегін айналысады. Олар да ерекше алаңның ашылғанына дән риза.
«Кешке балаларымызбен қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалардың жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Қаламызда әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар», дейді қала тұрғыны Мақпал Мирас.
Спорт алаңының ашылу салтанатына орай стритбол, соккербол, кросфиттен жарыс өтті. Оған 130-ға жуық спортшы қатысып, ойын жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы облысы