Жуырда Петропавл қаласында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Іс-шараның ашылу салтанатына Ғылым мен жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және АҚШ-тың Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли мен оқытушылар, студенттер қатысты.
Оқытушылар мен студенттерге арнап салынған жатақхана толықтай жиһазбен, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілген.
Жаңа ғимараттың ашылуында облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов Петропавлда бұдан басқа да 1,2 мың орынға арналған тағы бір жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін университет студенттері жүз пайыз жатақханамен қамтылады. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазір М.Қозыбаев университетін халықаралық зерттеу университетіне айналдыру мақсаты тұрғанын айтты.
«Бұл университет академиялық шеберлік орталық бағдарламасына таңдап алынды. Енді жыл сайын оқу орынның әлеуетін көтеру мен ғылыми зерттеу жұмыстарына байланысты қосымша қаржы алып отырады», деді ол.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен АҚШ-тың Аризона университетімен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Бүгінгі таңда екі жоғары оқу орны арасында ортақ 16 жоба іске асып отыр. Осы бағыттағы қосдипломдық бағдарлама ІТ, биотехнология және инклюзивтік білім үрдісінде оқытылады. Оқу бағдарламасы Америка, Қазақстан және басқа да шетел ғалымдарының қатысуымен ағылшын тілінде жүргізіледі. 2025 жылы Аризона университетіне үшінші курстың 40 студенті аттанып, сонда білім алады. Бұған кететін барлық шығынды М.Қозыбаев университеті көтереді. Қазіргі күні қос елдің бірлескен бағдарламасымен 1 033 студент оқиды. Олардың бәрі еліміздің әр өңірінен келген. Алдағы үш жылда тағы да «Бизнес және менеджмент», «Жалпы медицина», «Су ресурстары» бойынша оқу бағдарламасы іске асады. Онда 1 500 студент білім алады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ашылу салтанатында Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли де сөз алып, М.Қозыбаев университетін аралап көргенін тілге тиек етті.
«Біз университеттің барлық корпусын аралап көрдік. Шынымды айтсам, оқу орны үлкен прогреске қол жеткізген екен. Әсіресе ғылыми зерттеу орталықтары мен аудиториялардың бәрі талапқа сай жасалған. Бейнелеп айтқанда, жайнап тұр. Биыл біз дуалды оқу бағдарламасымен үшінші жыл студенттерді қабылдаймыз. Енді осы жобаның табысты болуына күш саламыз», деді ол.
Қазір М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде алты мыңдай студент оқиды. Оның ішінде 1 200-ден аса студент жатақханада тұрады. Аталған жоғары оқу орны қазір Аризона университетімен ғана емес, Қытайдың Солтүстік-Батыс ауылшаруашылық және орман шаруашылығы университетімен де бірлесіп, үш жақты су ресурстарының орталығын ашуды көздеп отыр. Бұл туралы меморандумға биылғы сәуір айында елордада қол қойылған.
ПЕТРОПАВЛ