Ел экономикасы шатқаяқтап тұрған сонау 1998 жылы ағайынды Хилажевтер іргесін қалаған «Glasman» компаниясы осы күні отандық жеңіл өнеркәсіптің көшін бастап тұр. Сырттан ағылған сапасыз киімдерге тосқауыл қойып, бәсекелестікте бәсі артқан компания алғашқы жылдары-ақ ерлерге арналған классикалық костюм тігудің шебері атанған.
Жұмыс үдерісі түгел автоматтандырылған
Жыл өткен сайын шеберлігін шыңдап, отандық кәсіпкерліктің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Талғар қаласында орналасқан ірі тігін фабрикасы 10 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Негізгі 4 өндіріс желісінен (пиджак, шалбар, жейде және тоқылған бұйымдар) тұратын отандық фабрикада 250 жұмысшы бар. Он саусағы іске икемді шеберлер тәулігіне 2 мыңның маңайында киім тігіп, сауда сөресіне дайындап шығарады.
Талғар тұрғындарын тұрақты еңбекпен қамтып отырған кәсіпорынның мектеп оқушыларына арнап тіккен формасы жоғары сапасымен сұранысқа ие. Сонымен қатар әуе компаниялары мен ұлттық компаниялар, коммерциялық нысандар, банктер мен мейрамхана, күзет құрылымдары қызметкерлеріне арнайы тігілген униформаларына еліміздің әр түкпірінен тапсырыс түседі. Фабрика өнімдері елдің барлық аймағын қамтитын 41 фирмалық дүкенде саудаланады.
«Компания еңбеккерлерін өз ісінің шеберлері деп айтуға негіз бар. Өнімділік артып келеді. Жұмыс тәртібі мен реті күнделікті қадағаланып отырады. Озық технология енгізілген кәсіпорын толығымен автоматтандырылған. Өткен жылы 41 мыңнан астам киім тігіліп, дүкен сөрелеріне жөнелтілді. Осы жылдың жоспары бойынша 120 мың бірлік киім тігу көзделген. Қыркүйек айында фабрика тігіншілері 7 мың бірлік киім тігіп шығарды. Дегенмен өндірісті өркендетуде шикізат мәселесі қолбайлау екені белгілі. Киім тігуге қажет маталар мен жіптер Түркия, Қытай, Еуропа елдерінен сатып алынады», дейді «Glasman» ЖШС директоры Анвар Хилажев.
Отандық жеңіл өнеркәсіптің тасын өрге домалатып отырған фабрикада жұмыс үдерісі толықтай автоматтандырылған. Озық технологияларды пайдалану арқылы еңбек өнімділігі артып қана қойған жоқ, сонымен қатар жоғары сапаға қол жеткізу мүмкіндігі де туды. Фабрика өнімі сәнді де сапалы болып шығуы үшін бірнеше сатыдан өтеді. Айталық, киімге қажет мата алдымен жоғары температурада өңделіп, екі тәулік қозғалыссыз сақталады. Одан соң бақылаушы мамандар матада ақаудың бар-жоғын тексерістен өткізеді. Матаның әр орамына штрих-код беріліп, мәліметтер базаға жүктелгеннен кейін ғана дизайнер электронды түрде матаға өрнек салуды бастайды.
Фабрика тігіншілері матаны қолмен кесу дегенді ұмытқалы қашан?! Заманауи құрылғы дайындалған үлгілерді автоматты түрде әзірлейді. Соның нәтижесінде кемшіліктер мен қателіктерге жол беру азайған. Алайда мамандар дайын үлгіні тағы бір тексерістен өткізуді ұмытпайды. Осыдан кейін ғана кесілген мата үлгілері тігін цехына жіберіледі. Мұнда үлгілер жеке бөліктерге бөлініп, қалтасы, аксессуары, белбеуі мен түймесін тағу жұмыстары жүзеге асады. Сөйтіп, киім тігу үдерісі дайын өнімді үтіктеумен аяқталады.
«Отандық бизнеске қолдау ауадай қажет. Технологиялық үдерістерді автоматтандыруға жұмсаған шығындарымыздың бір бөлігін өтеу үшін «Qazlndustry» АҚ-ға өтінім беріп, қолдауға ие болдық», дейді кәсіпорын басшысы.
«Адал азамат» қағидатына сай келеді
Ұжым басшылығының кәсіби маман тапшылығын жою және жергілікті колледж түлектерін өндірістік практикадан өткізу, олардың жұмыспен қамтылуына қолұшын беруде белсенділік танытып отырғанын да атап айтуға тұрарлық. «Glasman» фабрикасымен Талғар политехникалық колледжі 2017 жылдан бастап тігінші мамандығы бойынша дуалды оқытуға келісімшарт жасасқан.
«Дуалды оқыту аясында жалпы оқу санының 60 пайызы мекемеде өткізіледі. Білім алушыларды бірінші курстан осы фабрикаға жұмысқа орналастыруға бағыттаймыз. Бұл мақсатта экскурсия өткізіп, таныстырамыз. Екінші курстан өндірістік практикаға барады. Әрине, барлық 25 білім алушы «Glasman» тігін фабрикасына орналастырылмайды, топтың 40-50 пайыз студенті практиканы тігін фабрикасында өтеді. Кейбір жақсы білім алушыларға ақылы төлем жасалады. Үшінші курста толық кәсіптік практика өндірісте өткізіледі, онда да «Glasman» фабрикасы жақсы көмек көрсетіп, практикаға қабылдайды. Нәтижесінде, білім алушылар заманауи жабдықтармен, озық технологиямен танысады және жұмыс барысын жете түсінеді», дейді Талғар политехникалық колледжінің кәсіптік оқыту шебері Айсалқын Теміржанқызы.
Биыл оқу орнын тәмамдаған түлектердің ішінен Ұлжан Асанова мен Тахминам Садырова фабрикада тұрақты жұмысқа орналасып, табыс тауып әрі шеберліктерін шыңдап келеді.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған еді. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деген Президент сеніміне лайық азаматтардың бірі әрі бірегейі «Glasman» ЖШС директоры Анвар Хилажев десек, артық айтқандық емес. Ол бастаған ұжымның ширек ғасырдан бері жоғары сапаға ие брендтік өнімдері тұтынушылар көңілінен шығып қана қоймай, импортқа тәуелділікті төмендетіп келеді.
Алматы облысы