Биыл елімізде адам саудасымен күрес мәселесін реттейтін алғаш рет дербес заң пайда болды. Наурыз айында Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, маусым айындағы екінші оқылымда қабылдаған. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Аталған заңдарға түзетулер мен толықтырулар енгізген жаңа заңға Президент 5 шілдеде қол қойып, қолданысқа жіберді. Осылайша адам құқықтарын бұзудың ең қатыгез түріне жататын адам саудасына қарсы күрес елімізде басталып кетті.
Президенттің оң бағасын алған баяндама
Жалпы, Мемлекет басшысы адам құқықтарына қатысты мәселелерді осы кезге дейін аз айтқан жоқ. Былтырғы Жолдауда «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», деп еліміздегі құқықтық саясаттың ілгері басып келе жатқанын жеткізген. Ал биылғы Жолдауда Парламенттің өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізгеніне тоқталып, қабылданған 102 заңның қатарындағы адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдарды да атап өтті.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия адам саудасы ел экономикасына кері әсер етіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін ескере отырып, 2006 жылы 3 тілде де Қазақстандағы Адам құқықтарын қорғаудың базалық баяндамасын даярлады. 2007 жылы бұл баяндама БҰҰ-ның келісімшарт органдарында таныстырылды. Құжатта адам саудасына ерекше көңіл бөлуді, адам саудасына қарсы заң қабылдауды және халықаралық келісімшарттарды ратификациялау ұсынылды. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішевтің айтуынша, Ішкі істер министрлігі тиісті хаттамаларды даярлап, ратификациядан өткізген. Осы орайда Т.Әбішевтен адам саудасының түрлерін айтып беруді сұрадық.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Еліміздің қауіпсіздігіне барынша әсер етеді. Жалпы, заңсыз табысы жағынан әлемде 3-орын алады. Бірінші орында – заңсыз қару-жарақ сату, екіншісі – есірткі сату, үшіншісі – осы адам саудасының заманауи түрлері. Яғни еңбекпен қанау, сексуалды қанау, органдарды, дене тіндерін алып қою, қыздарды алдап, суррогатты ана ету кәдімгі адам саудасының заманауи түрлеріне жатады, – деді Т.Әбішев.
2013 жылы комиссия Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарының сақталуы туралы баяндама әзірледі. Бұл құжатта Үкімет пен Парламентке Қазақстанда адам саудасына қатысты жеке заң қабылдау ұсынылған. Кейін еңбекші мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау туралы талдау баяндамасы жасалды.
2020 жылы тағы бір баяндама әзірленіп, оған Мемлекет басшысы өзінің оң бағасын берді. Кейін саланы реттейтін тиісті заң қабылданды. Т.Әбішевтің пікірінше, енді бұл құжаттың нормаларын іске асыру үшін барлық жауапты орган бірлесіп жұмыс жүргізуі қажет.
БҰҰ қағидаттары ескерілген құжат
Адам саудасына қарсы күреске қатысты ашық талқылаулар, нақты құзыреттер, халықаралық қағидаттар салтанат құра келе, ақыры бұл бағыттағы дискуссияға нүкте қойылды. Биылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі алғашқы арнайы заңға қол қойды. Құжат 5 қыркүйекте күшіне енді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов бұл заңның адам құқықтарын қорғау ісіндегі өте маңызды, жүйелік, кешенді заң екенін айтты.
– Бізде белгіленген салаларда тиімді жұмыс жүргізу үшін оны іске асыруға қажетті заң бар. Бұл – жыныстық қанау, адам саудасы, еңбек қатынастары, қайыр сұрау, орган саудасы. Ішкі істер министрлігі жақсы заң әзірледі, депутаттар 100-ден аса түзету енгізді. Заң жүйелілік тұрғысынан өте орынды, өйткені оның ішінде халықаралық құқық, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары ескерілді, олар біздің заңнамамызда көрініс тапқан, – деді депутат.
Оның айтуынша, жұмыс тобының отырыстары барысында үкіметтік емес сектордың ұсыныстары талқыланып, барынша енгізілген. Депутат заңдағы ерекше маңызды мәселе ретінде ведомствоаралық ынтымақтастықты атады. Яғни заңда азаматтардың құқықтарын қорғауды талап ететін қандай да бір жағдайда мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты жазылған.
Жаңа заңның рөлі
Деректерге сүйенсек, әлемде адам саудасының 50 миллионнан аса ықтимал құрбаны болады екен. Бұл құл жағдайында өмір сүретін және жұмыс істейтін адамдарға қатысты дерек. Бірақ осындай жағдайда зардап шеккендер ішінде көмек алғандар саны тек жүздеген мыңға ғана жетеді. Бұл – назардан тыс қалған адамдардың үлкен тобы. Орталық Азия бойынша субөңірлік үйлестіруші, еліміздегі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым миссиясының басшысы – БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенті Зейнал Гаджиев халықаралық ұйымдардың есептері мен зерттеулеріндегі осындай үрейлі көрсеткіштер туралы айтып берді.
– Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі заңды тиімді іске асыру, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық әріптестердің өзара іс-қимылын жолға қою өте маңызды. Осы заңның әзірленуі мен күшіне енуі, Қазақстанның аталған мәселеге өте байыпты қарайтынын және бұл құбылысқа қарсы күресте ең үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу өте маңызды екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, әлемдік тенденциялар жаһандық ауқымдағы барлық күш-жігер мен күрестерге қарамастан, адам саудасы тоқтап қалмайтынын, керісінше, тіпті бір жерде қанатын кеңге жайып жатқанын көрсетеді. Қолдануға өте маңызды халықаралық қағидат бар. Бұл тұрғыда Қазақстан күресте өзінің адалдығын, ұмтылысын растайды. Осы заңды тиімді қолдану үшін заңды имплементациялау мониторингін енгізу үлкен маңызға ие, – деді З.Гаджиев.
Осы орайда З.Гаджиев Мемлекет басшысына және жаңа заңды әзірлеуге қатысқандардың барлығына осы жаһандық тақырыпқа назар аударғаны үшін алғыс білдірді.
Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер
Қазақстан негізінде адам құқықтары саласындағы 60-тан аса көпжақты шарттардың қатысушысы саналады. Оның 13-і құлдықтың қазіргі заманғы түрлеріне қарсы іс-қимылмен тікелей байланысты. Қылмыстық кодексте адам саудасына қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасының максималды мөлшерімен сегіз бапта қарастырылған. Адам саудасының алдын алу, сондай-ақ жәбірленушінің құқықтарын қорғау жөніндегі ережелер 13 заңда және 4 заңға тәуелді актіде қамтылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаевадан сұрап білдік.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» бірінші арнайы заң саладағы негізгі бағыт ретінде қарастырылып отыр екен.
– Заң кейбір анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, жаңа ұғымдарды енгізу, уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыретін анықтау, ҮЕҰ рөлін белгілеу сынды басымдықтарды қарастырады. Сондай-ақ бұл қатарда адам саудасы құрбандарының, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен шетелдік тұлғалардың құқықтарын бекіту, адам саудасының тәуекелдерін бағалауды және құрбандарды қайта бағыттау тәртібін енгізу, халықаралық ынтымақтастықтың негізі сынды басымдықтар да бар. Осы заңның қабылдануы адам саудасына қарсы іс-қимылдың бүкіл жүйесін реттеудің құқықтық базалық негізін құрайды. Қарсы іс-қимыл субъектілерінің шеңбері мен рөлін айқындап, адам саудасының тәуекелдерін бағалау сияқты жаңа тетіктер арқылы адам саудасының кідірісін, сондай-ақ әлеуетті құрбандарды полицияның ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың анықтауына мүмкіндік беретін құрбандарды қайта бағыттау тәртібін төмендетеді, – деп түсіндірді Ш.Көшербаева.
Сонымен қатар ілеспе заңдар аясында Қылмыстық кодекске Адам саудасына байланысты қылмыстардың жаңа санаты және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа ұғым енгізілді. Ұйымдастырушылардың адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жеңгетайлық мақсатта сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге тарту, жезөкшелікті насихаттау, жарнамалау, өзге де қызметтерді тарту мақсатында да жауапкершілік енгізіліп, интернет арқылы притондарды ұйымдастыру және ұстау ісі де назардан тыс қалмады.
Аса маңызды қоғамдық құрылым
Омбудсмен институты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды құрылым. Бұл институттың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру және қорғау. Бұл бағытта елімізде Адам құқықтары жөніндегі Өкіл кеңсесі жұмыс істеп келеді.
– Адам құқықтары – адамзаттың ең маңызды әрі басты құндылығы. Дамыған мемлекеттерде адам құқықтарын қорғау заңнамалық және халықаралық деңгейде қамтамасыз етіледі. Қазақстан да осы бағытта көптеген қадам жасап келеді. Ата заңымыз Конституцияда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары нақты белгіленген. Адам құқықтары жалпыға ортақ сипатқа ие болғанымен, олар әр қоғамда әртүрлі деңгейде жүзеге асады. Кейбір елдерде адам құқықтарының бұзылуы немесе шектелуі мүмкін, ал кейбір елдер бұл құқықтарды қорғауда жоғары стандарттарға ие. Сондықтан адам құқықтарын қорғау – үнемі бақылауды, дамыту мен жетілдіруді талап ететін маңызды үдеріс, – деді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Адам құқықтары әрбір адамның тең және әділ өмір сүруге деген табиғи құқығы деп есептелгенімен, өкініштісі, әлемде, оның ішінде біздің елде де небір сұмдық жағдайлар болып жатыр. Қалай дегенде де, әрбір адам өз құқықтарын білуі және оларды қорғауға дайын болуы қажет. Ол үшін біздің елде барлық заңнамалық үдеріс жүйелі түрде жетілдіріліп келеді.