Көктемдегі тасқыннан зардап шегіп, баспаналары бұзылған Петропавл қаласының тұрғындарына «Бірлік» шағын ауданында салынып жатқан 700 үйдің құрылысы толығымен аяқталып, өткен жексенбіде соңғы тұрғындарға кілттер тапсырылды.
Сөйтіп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «ешкім де баспанасыз қалмайды, бәріңізге үй беріледі» деген уәдесі толықтай орындалып отыр. Суық түскенше құрылыс бітпей қалып, қара желде далада қаламыз ба деген адамдардың күдіктері толық сейілді. Президент берген тапсырманы Үкімет орындап, демеушілер қаражат бөліп, жергілікті билік іске асырған баталы іске қалың көпшілік шын көңілден разы. Осының өзі тәуелсіз елімізде бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық болса әрдайым алынбайтын қамал жоқ екенін көрсеткендей болды.
Жаңадан салынған 700 үйден басқа облыста 1 394 пәтер сатып алынып, зардап шеккендерге берілді. Сондай-ақ 1 899 үйге күрделі жөндеу жасалды. Жексенбі күні жаңа үйлердің кілтін тапсырған салтанатқа Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, барлық демеушілер, құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
Алтын күздің жайдары күнінде үй алған жандардың көңілдері шат, қуаныштарында шек болған жоқ. «Жапа шеккен тұрғындарға шыдамдылық көрсетіп, қиын жағдайға төтеп бергеніне ризашылығымды білдіремін. Жаңа үйлерді салуға, қалаған жандарға екінші нарықтан үйлер сатып алуға, күрделі жөндеу жасауға қаражат бөлген барлық отандық бизнес өкіліне, атап айтсақ, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевке, «Kazakhmys» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайға, «Kaspi» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимге, «KAZ Minerals Management» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачукке алғыс айтамын. Сіздердің көмектеріңіз болмаса біз мұндай ауқымды құрылысты 3,5 айда бітіре алмас едік», деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өзінің құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те демеушілерге ыстық ықыласын білдірді. Құттықтау сөзінде ол құрылыс жұмыстары үнемі бақылауда болып, Президенттің тапсырмасын орындауға барлық мүмкін болған шаралар жасалғанын мәлім етті. «Енді міне, сіздердің қуаныштарыңызды көріп өзіміз де қатты қуанып тұрмыз», деді ол. Демеушілер арасынан сөйлеген Вячеслав Ким өздерінің де жауапкершілікті жете сезінгендерін жеткізді. «Бізге қаражат бөлдіру де оңай болған жоқ. Сол ақшаның тиімді тұрғыда іске асқанын, халықтың суық түспей жылы үйге кіріп алуын ойлап, қатты алаңдап жүрдік», деді ол.
Жаңа үй алғандардың қатарында Әлима Жаманқұзова да бар. «Біз күздің қара суық соға бастағаннан уайымға батып едік. Алайда жергілікті билік үнемі үмітімізді үзбей, үйдің жақында дайын болатынын айтып, көңілімізді демдеп отырды. Ақыры міне, суық түспей жаңа үйімізге кіріп алдық. Жері де кең екен, мен өзім бақша егуді жақсы көретін адаммын. Президентке, үкіметке айтар алғысым шексіз», деді ол қызыл лентаға байланған кілтті алып тұрып.
Вадим Бедренцев тұрғын үйлерін су басқан «Заречный» кентінде тұрып келген екен. «Үйімді өз қолыммен салып едім, адамға күнделікті керектің бәрін де жасағанмын. Моншам қандай еді. Соның бәрін бір күнде су басып, талқандап кетті. Қатты күйзеліске түстім. Жасым алпыстан асқанда не істей аламын? Әйтеуір, Құдайға шүкір, үкімет далада қалдырған жоқ. Міне, жарқыраған жаңа үй салып беріп отыр. Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген барша қамқор жандарға мың алғыс», деді зейнеткер.
Бұл ауданға жаңадан салынып жатқан 90 орындық балабақшаның құрылысы да жақында аяқталады. Оның құрылысын «Kaspi» компаниясы қаржыландырған, ашылуы қазан айына белгіленген. Сонымен қатар осы ауданда 600 орындық мектеп салу да жоспарланған. Жолдар тегіс асфальттанып, абаттандыру жұмысы да жүргізілмек. Қазір қараса көз тоймайтын, қаздай тізілген біркелкі әдемі үйлерден жарқын-жарқын қуанышты дауыстар, көңілді әуендер естіліп, тұрғындар қоныс тойына кірісіп кеткен.
ПЕТРОПАВЛ