• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Денсаулық 18 Қыркүйек, 2024

Қазақстанда қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау басталды

99 рет
көрсетілді

Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12-13 жастағы қыздарға да қосымша иммундау жүргізіледі.

Айта кетейік, аталған екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімінен кейін ғана жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация қыз бала тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

Жатыр мойны обыры - Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орында, 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себебі бойынша екінші орында тұрған қатерлі ісік. Жыл сайын Қазақстанда бұл дерттің 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі.

Ғылымдар жүргізген зерттеулерге сәйкес, жатыр мойны обырының негізгі себебі - АПВ инфекциясын жұқтыру.

Жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған ең тиімді шара - вакцина. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Вакцинацияның арқасында көптеген мемлекетте әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендегенін айта кету керек.