• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2024

Вейпке тыйым салу: Жаңа заң серпін берді ме?

260 рет
көрсетілді

Былтыр маусым айында өткен Ұлттық құрылтайда Мем­ле­кет басшысы: «Ұлт ден­саулығына қатер төндірген кесір – вейп­тер мен электронды сигареттердің әралуан түрі. Өкінішке қарай, оларды т­ұтыну, әсіресе жасөспірімдер арасында сән­ге айналды. Олардың кең қол­же­тім­ділігі және оларды «зиянсыз» деп жалған дәріп­тейтін агрессивті жарнама бұған ықпал етіп отыр», деген болатын.

Жасөспірімдердің 10%-ы вейп шегеді

Нашақор­лық, ойын құ­марлық, буллинг, ки­бер­буллинг­пен қатар вейпинг те қоғамда үлкен проб­лемаға ай­налған.  

Вейп – нарықта мол пайда көзі саналады. Ең қиыны – вейп тұтынушылардың ба­сым бөлігі колледж, мектеп оқушылары. Түрлі-түсті әрленуі, 17 мың­нан астам хош иістендіргіші бар иісі, дү­кен­дерде киндер, чупа-чупстармен бірге орналастырылуы – вейптік мар­ке­тингтің балаларға ба­ғытталғанын айқындайды. Вейп сататын сауда, ойын-сауық орталықтары және дүңгіршектер саңырауқұлақтай көбейіп кеткен. Хош иіс­­інен ештеңе бі­лін­бегендіктен ата-аналар да кеш біліп, «қолдарын мезгілінен кеш сермейді».

Еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп жасаған зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстанда 11-15 жастағылардың шамамен 10%-ы вейп қолданады. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 11 жасар жасөспірімдердің 3,4 пайызы, 13 жастағылардың 4,8 пайызы, 15 жастағы жастың 9,8 пайызы жасанды шылымның шырмауында жүр.

Бір-екі жыл бұрынғы деректерде елге жеткізілген және тұтынған вейп көлемі тұрғысында Қазақстан әлем бойынша 5-ші орында тұрғаны айтылған. Вейп нарығында 6000 сауда орыны тіркелсе, бейресми сатып жатқандардың нақты саны беймәлім.

Қоғамдық петиция, 100 мың қол

Еліміздің вейпингке толық тыйым салғысы келетіні мә­лім болғанда, оған қарсы петиция­ға ұйытқы болған Tastau.qaz қоғамдық қозғалысының өкілі Татьяна Фоминованың айтуынша, вейп – жасөспірімдерге емес, шылым шегуді тастауға ынталандыру үшін  ересектерге арналған, егер ересек темекі шегушілерде таңдау болмаса, олар шылым тартуды жалғастыруға мәжбүр болмақ, ендеше, вейптерге толық тыйым салу бас­тамашылары темекі өндірушілердің мүддесін көздеп отыр. Сонымен қоса, Т.Фоминова: «Вейптерге тыйым салу контра­банданың, сапасы күмән­ді өнімдер саудасының өсуі­не, сондай-ақ никотинді өнім­дер өндірісін, тасымалдануы мен сатылуын бақылаудан шыға­рады. Тиімсіз тыйымдарға қарсы петициямыздың 100 мың қол жинауы кездейсоқ емес», деп айтқаны мәлім.

Вейптерге тыйым салу туралы қызу талқылаудың нәтижесінде аталған петиция жарияланған еді.

«Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер ешбір жағдайда никотин өнімдерін қолданбауы тиіс», деп көрсетілген аталған петицияда.

Петиция авторлары мен жақтаушылары дамыған елдердің үлгісімен вейпке жалпы тыйым салуды емес, кәмелетке толмағандарға ғана вейпті сатуға тыйым салуды талап етеді.

(Фото: aikyn.kz)

Заң күшейтіліп, жаза қатаңдатылды

Жасына жетпей желігіп, жасанды шылымға еліту мәселесі 3 жыл бойы қызу талқыға түсіп келді. Осыған қатысты қоғам белсенділері мен медицина  мамандары және депутаттар жиі мәселе көтеріп, аталған өнімнің еркін саудалануына тыйым салуды ұсынды. Бизнестің мүддесі халық денсаулығының қасында салыстыруға келмейтіні, яғни, вейптің қауіпті зардабы туралы дәлелдер көбірек айтылып, вейп тұтынатындардың келешегі тұтас қоғамды алаңдатты. Қоғам денсаулығына әкелер зардаптардың алдын алу үшін күрделі мәселені заңмен тоқтатуға тура келгені мәлім. Қысқасын айтқанда, заңмен тоқтатуды Денсаулық сақтау министрлігі, Үкімет, Мәжіліс, Сенат және Президент әкімшілігі қолдап, қоғамдық талқылау да өтті. 

Вейп және оған құйылатын арнайы сұйықтықты елге әкелуге, сатуға, таратуға және өндіруге салынған тыйым биыл 20 маусымда өз күшіне енді. ҚР Қылмыстық Кодексі 301-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес, электрондық темекіні сатқандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Оны төлей алмаған жағдайда, 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке қамалады. Вейпті елге әкеліп, өндіргендер 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылатын уақыты 600 сағатқа дейін ұзартылады. Одан бас тартса, 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал заңға пысқырмай, қылмысын бірнеше рет қайталаған топтарға салынатын айыппұл көлемі 18 млн теңгеден асады. 1200 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі немесе 5 жылға сотталады. Ал вейпті белгіленбеген жерде шеккендер кәдімгі шылым тұтынушылары сияқты 11 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді. 21 жасқа дейінгілерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды.

(Фотоколлаж Azattyq Rýhy, Әбілқасым Есентаев)

Әлем елдері вейппен қалай күресіп жатыр?                                           

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 33 ел вейптерді сатуға тыйым салған. Ал 79 ел аталған өнімге демеушілік танытуға және жарнамалауға әрі қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салған.

Вейп шегушілерге ең қолайсыз – Таиланд мемлекеті. Ел билігі туристердің арқылы мол табысқа кенеліп отырса да, вейп шеккен адамның жергілікті немесе шетелдік саяхатшы екеніне қарамай, 10 жылға соттауы мүмкін. Алайда, соған қарамастан аталған елдің қара нарығында вейптердің сатылып жатқаны туралы фактілер ұшырасады.   

Үндістанда кез-келген адам электронды темекі мен вейпке қатысты заңды бұзғандар туралы арнаулы сайтқа хабарлай алады, оларды өндіруге, елге кіргізуге, экспорттауға, сатуға, сақтауға болмайды, жарнамасына да рұқсат жоқ. Талапқа бағынбағандарға салынатын айыппұл мөлшері 7 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Тіпті 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Ережені қайта бұзғандардың 3 жылға сотталуы да ғажап емес.

Түркияда вейп, электронды темекі, электронды кальянның импортына тыйым салынған. Ол үшін 3,5 мың лира, яғни 50 мың теңге айыппұл салынады. Алайда Түркия экономикасы туризмге тәуелді. Сол себепті сырттан келген саяхатшыларға өздерімен бірге алып келген құрылғыларын қолдануға тыйым салынбаған, әйтсе де, жабық жерлерде қолдануға рұқсат етілмейді.  

Баланың вейпке тәуелді болып қалуына ата-ананың кінәсы бар ма?

Сауда-саттыққа тыйым салынғанымен, «тәуелділік» дейтін түйткілді мәселенің бар екені белгілі. Психологтардың айтуынша кез-келген бала қандай болса да өзіне ата-анасы ұрыспай, оны қабылдап, жәрдем беріп жүргенін қалайды. Бірақ ата-аналар бала психикасына зиян келтіруі де мүмкін.

«Кез-келген тәуелділіктің тамырында әке-шешенің баланың эмоционалды қажеттілігін толтырмағаны жатыр, ол қандай қажеттіліктер екенін баланың ата-анасы білуі керек», дейді психологтар.

Осы тұста айта кетсек, ата-аналар тарапынан вейпке тәуелді болып қалған балалары үшін кө­мек сұралып, яғни, «Неге заң­мен тыйым салынбайды?» деген ашынған ұсыныс-жазбалар көбеюінің нәтижесінде олардың үнін Мемлекет басшысына жеткізуді петиция арқылы жүзеге асыруды Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі жөн көрген. Ал, петицияға қол қойған ата-аналар қатары 20 мыңға жуықтаған.

(Фото: scopeblog.stanford.edu)

Вейптің денсаулыққа зияны – орасан

Мамандардың айтуынша, вейп – өте қауіпті өнім, ең ал­дымен никотин, пропиленгликоль, гли­­­церин және тағы 2 000-нан астам хи­мия­лық қоспа түрі бар және олардың басым бөлігі зерттелінбеген. Тіпті, хош иістер де өте зиянды саналады.  

Сонымен қатар мамандардың ай­туынша, электронды темекі кәдімгі шылымнан әлдеқайда қауіпті (те­мекімен салыстырғанда вейпте никотин 10 есе көп әрі ол синтетикалық никотин). Себебі мұнда никотин буланып, ауыз қуысының шырышты қабатын күй­діреді, сөйтіп онкологиялық ауруларға әкеледі, тыныс алу жүйесін зақымдайды, бас миы тамырларының атеросклерозына апа­ра­ды, себебі, оны тартқан кезде нико­тин қанға өте жылдам енеді. Содан барып, бүй­рек безімен адреналин шығып, арте­риалдық қан қысымы жоғарылап, жүрек ырғағы қысқарады. Бұл жүрекке қатты жүк­ түсіріп, соның салдарынан жү­рек-қантамыр аурушаңдығы дами түседі. Адам ұйқысы нашарлап, тез ашуланады және назар аудару қабілеті төмендейді. Мамандардың сөзінше, 10 жасынан өкпесін болдыртқан ер бала белсіз, қыз бала бедеулікке ұшырайды.

Жаңа заң серпін берді ме?

Қазақстанда балалар мен жасөспі­рім­дер­дің вейпингіне қатысты қауіп-қатерге қарсы тұру үшін сау­да нүктелерімен ақпараттық жұ­мыс; Ішкі істер органдары­мен бірге қолданыстағы заңна­ма­ның сақталуына қатысты вейп-дүкендерге мониторинг; жасөс­пірімдерге, ата-аналар мен мұ­ғалімдерге арналған білім бағ­дарламалары, ақпараттық нау­қан, т.б жұмыстар жүргізілген.

Ал шағын және орта бизнесті тексеруге қатысты мораторийдің күшін жоюы мәселені түбегейлі шешпейтіндіктен, пайдаға құныққан сатушыларды анықтау үшін құқық қорғау органдарының вейпшоптарға рейдтері жалғастырылып жатыр.

Тиісті заңның күшіне енгеніне көп уақыт өтпесе де, әзірге елемейтіндер бар екен. Бүгінге дейін тәртіп сақшылары 18 мыңнан астам вейпті тәркілеген. Жалпылай айтқанда, полиция қызметкерлерінің рейдтік іс-шаралары барысында кәмелетке толмағандарға электрондық тұтыну жүйесін сату фактілері анықталып, қылмыстық істер қозғалған. Заңсыз жолмен жекізілген мол мөлшерлі вейптер де анықталып, электронды өнімдерді жою шаралары қабылданып отыр. Оның ішінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы вейп сатқандар да анықталып жатыр.  

Түйіндей айтқанда, вейпке бөккендердің болашағы тұтас қоғамды алаңдатуы нәтижесінде аталған заңның қабылдануы – ұлт денсаулығын сақтау тұрғысында маңызды қадамның бірі.