Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр», деп атап өтті. Президент айтқан аузына ілінген бұл кибералаяқтықтың күннен-күнге өрши түсуі – оған қарсы күрестің бәсең екенінің айғағы.
Жуырда Солтүстік Қазақстан прокуратурасы осыған байланысты полицияның жұмысын қатты сынады. Сөйтсек, полиция азаматтардың ақша қаражатын нақты қолды қылып, банкоматтардан сыпырып алатын алаяқтардың сыбайласы деп қарастыруға болатын «дроппер» дегендерге ешқандай шара қолданбайды екен.
«Облыста биыл интернет-алаяқтықтың 450-ден аса фактісі тіркелген. Соның жартысында дропперлердің тектері мен фотолары белгілі болған. Алайда соның екеуі ғана соттың шешімімен жазаланған», делінген прокуратураның мәлімдемесінде.
Осы орайда дроппер дегеннің кім екеніне тоқтала кетейік. Азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшаларын алдау жолымен қолға түсіретін алаяқтар үшінші жақты өзіне көмекке тартады. Міне, осындайларды дропперлер деп атайды. Бұлар алаяқтық схемасының бір бөлшегі болса да, бар жазығым өзімнің шотыма түскен ақшаны банкоматтан алып, талап еткен адамға бердім деп сүттен ақ, судан таза болып құтылып кетеді. «Dropper» деген сөздің өзі ағылшынның «drop» – лақтыру, түсіріп алу деген сөзінен алынған. Алаяқ дроппермен алдын ала бір сома бермекке келісіп, банктен шот аштырады. Ал өзі ақшасын алдап алған зардап шегушіге дроппердің шотын айтып, ақшасын соған аудартады. Ал дроппер банкоматтан бұл ақшаны алып, алаяқтың қолына береді. Әрине, өзіне тиесілі үлесті де алады. Сөйтіп, алаяқтықпен қолға түсірілген ақшаның бір үлесін алғанына қарамай, біздің полиция оны жазығы жоқ деп ойлайтын көрінеді. Сондықтан да шот арқылы барлық дерегі белгілі болғанымен пинкертондар оған көңіл аудармайды екен.
Прокуратураның интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің тиімділігін қарастырған отырысында осы мәселе қызу талқыланып, полицияның атына қатты сындар айтылды. Азаматтық кодекстің 953-бабы негізсіз баю жолымен қолға түскен қаражаттың қайтарылуын қарастырған. Бірақ бұл бап бізде тіпті қолданылмайды, сөйтіп, оңайдан олжа тапқан дропперлер сайрандап жүре береді екен.
Осыдан соң алаяқтар да дропперлерді оп-оңай тауып, өзінің қылмыс аренасын кеңейте береді. Бұл іске, әсіресе жастар молынан тартылады екен. Сондайлардың кесірінен биыл облыста өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда интернет-алаяқтық 13 пайызға артып отыр. Алаяқтар облыс тұрғындарын 450 млн теңгеге зиян шектірген. Мысалы, Айыртау ауданында екі зейнеткердің 1,5 миллионнан аса ақшасын алаяқ дроппердің шотына аудартқан. Ал соңғысы оны банкоматтан алып, алаяққа ұстатқан. Әрине, шот ашқан қызметі үшін өзінің үлесін алғаны да хақ. Алайда полиция оған қарсы ешқандай қарекет қылмаған. Дәл сондай қылмыстың бірнешеуі Мамлют ауданында да болған. Мұнда алаяқтар қолға түсірген барлық 6 млн теңге 7 дроппердің шотына аударылған. Алайда жергілікті полиция бөлімінің тергеушісі дропперлерге қарсы ешқандай шара қолданбай, істі жапқан. Осындай жағдай басқа аудандарда да болып жатыр. Мұндай фактілерді алға тарта отырып, прокуратура полицияның интернет алаяқтыққа қарсы күресінің дәрменсіз екенін атап өтті. Дропперлерге қарсы ешқандай әрекет жасамаған тергеушілер жаза шекпеген, қызметтерінен алынбаған. Отырыс қорытындысында «Бұдан былай барлық белгілі дропперді жауапкершілікке тарту жұмысы басталсын. Ал өз жұмысына салғырттықпен қараған полиция қызметкерлері жазаға тартылсын», делінген тапсырма берілді.
Солтүстік Қазақстан облысы