Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жуырда Қараөткел ауылының 1500 оқушысы үшін ІT бағытындағы тағы бір мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
Жаңа оқу жылынан бастап Целиноград ауданында үшінші жайлы мектеп ашылып, ата-аналарды қуанышқа бөлеп отыр. Білім ошағы заман талабына сай жабдықталған. Қосымша білім беру сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер, хореографиядан роботтехникаға дейінгі әртүрлі үйірме жұмыс істейді. Қауіпсіздік камералары мен дабыл түймелері орнатылған.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Қараөткелге арнайы келіп, мектеп оқушыларын білім ошағының ашылуымен құттықтады.
– «Жайлы мектеп» жобасы мектептерде орын тапшылығы мәселесін шешеді, – деді облыс әкімі, – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтады. Өскелең ұрпақтың үйлесімді және бақытты балалық шағы – жалпыұлттық міндет.
Осы уақытқа дейін мектептегі орын тапшылығын сезініп келген ауыл тұрғындары да ақ түйенің қарны жарылған әдемі оқиғаға разы.
– Біз ауылда елорда мектептерінен сынық сүйем кем түспейтін осындай заманауи әрі әдемі мектеп ашылады деп ойламаған едік. Ел Президентінің болашақ қамын ойлап, жасап жатқан қамқорлығына шын жүректен ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Аманова.
Білім ошағында жас жол инспекторларының кабинеті, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл және «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ашылған «СКУД», «Alaqan» мектептерінің қауіпсіздік жүйелері таныстырылды. Мұндай сыныптың ашылуы, ең алдымен, патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, мектеп ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оған қоса мамандық таңдауға көмектесуге бағытталған.
Жыл соңына дейін өңірде 10 мектеп пайдалануға берілмек. Оның алтауы жайлы мектеп санатында.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы